Арон Атабекті Арқалықтың «жабық» түрмесінен этаппен әкетті

Арон Атабек Шаңырақ оқиғасы кезінде. Алматы, 14 шілде 2006 жыл.

18 жылға бас бостандығынан айырылып, оның біразын «жабық» түрмеде өткізіп жатқан ақын әрі диссидент Арон Атабек кенет этаппен жөнелтілді. Енді оның қатаң тәртіптегі түрмедегі жағдайға байланысты шағымын қарайтын сот өтпек.
Танымал саяси тұтқын Арон Атабек (шын аты-жөні - Арон Едігеев) Қазақстандағы аса қатал тәртіптегі түрмеден - Арқалықтың «жабық» абақтысынан шығып, қазір Қарағандыдағы тергеу абақтысында отыр. Бірақ Атабекті «жабық» түрмеге қарағанда тәртібі жеңілдеу жерге - Қарағанды облысының Қаражал ауылындағы колонияда қалдыра ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз.

Арон Атабек 18 жылдық мерзімінің көп бөлігін Қаражалдағы колонияда өткізді. Бірақ «тәртіп ережесін бұзды» деген айыппен екі рет «түрме ішіндегі түрме» саналатын Арқалықтағы абақтыға жөнелтілді.

«ДЕНСАУЛЫҒЫ МЫҚТЫ»

Арон Атабектің Қарағандыда екенін облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаменті бастығы Қабдырахман Шотаев Азаттыққа хабарлады. Атабекті Қарағандыдағы тергеу абақтысына әкелген себебі, жақын уақытта Қарағанды соты оның Арқалықта ұстау туралы шағымын қарайды.

– Қазір ол Қарағандыдағы тергеу абақтысында отыр. Қаражалға этап болған кезде аттанады, – дейді полковник Шотаев.

Арон Атабек 2012 жылдың желтоқсан айында Қостанай облысындағы Арқалық түрмесіне екі жылға жіберілген еді. Оны тәртібі барынша қатаң «жабық» түрмеге «тұтқындарды ұстау тәртібін бұзды» деген айып бойынша аттандырды. Атабек пен оның жақтастары «президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған режимді қатаң сынағаны үшін өш алып жатыр» деп санайды.

Арон Атабектің туысқандары оның 5 қазанда Арқалықтан этаппен жөнелтілгені туралы әлеуметтік желіден білді. Себебін білмегендіктен, Атабектің

Арон Атабек тергеу изоляторында. Алматы, 2007 жыл, ақпан.

денсаулығына алаңдай бастады, күдіктері күшейе түскен. Олар «Атабек қатты ауырып қалса, Арқалықтағы түрме басшылығы оны этаппен жөнелтіп, бастарына бәле болмас үшін құтылуды көздеп отыр ма» деп үрейленді. Арқалықтағы түрме бастығынан Атабектің денсаулығы туралы білмек болған туысқандарының әрекетінен ештеңе өнбеді.

Азаттық тілшісі Арқалықтағы түрме бастығы міндетін орындаушымен хабарласа алды. Бірақ майор Әбіл Жәлелов Атабекті этаппен жөнелту себебін түсіндіре алмайтынын айтып, «жоғарыдан келген бұйрықты орындаймын, тұтқынның орнын ауыстыру себебі туралы ештеңе білмеймін» деді.

Арон Атабек бұрын Азаттық тілшісіне Қаражалдағы колонияда туберкулезбен ауырғанын айтқан еді. Сондықтан тілші оның денсаулығы туралы сауалды Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің бастығына да қойды.

– Денсаулығы мықты, ауру-сырқауға берілетін түрі жоқ, – деді Қабдырахман Шотаев.

Ол тұтқынның туысқандарының алаңдамауын сұрады.

«ТҮРМЕ ІШІНДЕГІ ТҮРМЕ»

Арон Атабектің туысқандары мен жақтастары оны жалпы колониядан «жабық» түрмеге қайта-қайта жібергендеріне наразылық танытқан еді. Жабық түрмеде Атабек тәулік бойы камерада жалғыз өзі немесе бір тұтқынмен бірге отырады.

Қазақстанда советтік кезеңде қалыптасқан, түрмелердің көбін түрме емес, колония деп атайтын дәстүр әлі сақталған. Колонияның түрмеден айырмасы –

Арон Атабек өзін 18 жылға соттаған сот отырысында. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

колонияда тұтқындар баракта, өздеріне тән «жатақта» тұрады, белгілі бір аумақта серуендеп, таза ауаға шыға алады.

Ал түрмеде олар күні бойы камерада отырады, шағын серуенге шыққанда қастарында қарауыл жүреді. Кейде серуенге шыққан тұтқынның қолына кісен кигізіп, басқа тұтқындармен сөйлесіп, таныспас үшін бастарына қапталды киім кигізіп қояды.

Колониялар өз ішінде тұтқындарды ұстау тәртібіне байланысты қоныс колониялардан бастап қатаң тәртіптегі колонияларға дейін ерекшеленеді. Арон Атабек 2007 жылдың қарашасында қатаң тәртіптегі түрмеде жазасын өтеу үшін 18 жылға сотталған. Тұтқындау кезінде тағылған ресми айып – «2006 жылы Шаңырақ оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған». Ол оқиға кезінде жергілікті тұрғындар мен полиция қақтығысып, нәтижесінде бір полиция қызметкері қаза тапқан. Ал жақтастары «Арон Атабекті саяси себеппен тұтқындады» дейді.

Арон Атабек Арқалық түрмесінде болған кезде туысқандарына бірнеше хат

Арон Атабектің туыстарына түрмеден жазған хаты. 2012 жыл.

жазып, өзі де олардан хат алды. Арқалықтағы түрмеде оны туысқандарымен бетпе-бет кездестірмеді, телефон арқылы сөйлестірмеді.

Арон Атабекті Арқалықтағы түрмеде ұстаған кез бен қазіргі түрменің айырмасын мынадан байқауға болады: «жабық» түрмеде ол мүлдем телефонмен сөйлесе алмаса, түрмеге бара жатқанда осы жылдың қысында Азаттыққа телефон арқылы сұхбат берген.

– Арқалықтағы жабық түрмеде тағы бір түрме бар. Ол – түрме ішіндегі түрме. Оны «өмір бойы бас бостандығынан айрылғандардың жергілікті бөлімі» деп атайды. Онда өмір бойы түрмеге кесілгендер отырады, – деген еді Арон Атабек Азаттық тілшісіне.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҰРҒЫДА МОЙЫНДАУ

Арон Атабек алғаш рет Арқалықтағы жабық түрмеге 2010 жылдың сәуірінде жіберілген. Сол жерде ешкіммен сөйлеспей, кездеспей екі жылын өткізді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында интернетке жарияланған «Назарбаевщина и Революция» атты мақаласы мен «Назарбаевщина и поэзия» деген өлеңдер жинағы үшін жазаланғанын айтқан.

2012 жылдың наурызында Арон Атабек Арқалықтағы түрмеден Қаражал қаласындағы қатаң тәртіптегі колонияға апарылды. 2012 жылдың желтоқсанында

"Ар-ұждан тұтқыны" деп аталған азаматтар: бірінші қатар (солдан оңға қарай) - Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Владимир Козлов; екінші қатарда (солдан оңға қарай) - Вадим Курамшин, Роза Төлетаева, Саят Ыбраев. Фото коллаж. 28 мамыр 2013 жыл.

қайтадан Арқалыққа екі жылға әкетілді. Атабек бұл жолы Азаттыққа түрмеде жазылып, интернетте жарияланған «Сердце Евразии» кітабы үшін айыпты болғанын айтты. Бұл шығармасында ол Қазақстан басшылығын, соның ішінде президент Назарбаевты сынайды.

Қазақстан мен шет елдерде түрмеде отырған Арон Атабекті қолдайтындар аз емес. Ол бірнеше рет демократиялық марапаттарға лайық деп танылды. Арон Атабек – Қазақстан демократиялық қауымдастығы тағайындаған «Свобода» сыйлығының лауреаты, «Тұтқындағы шығармашылық иесі» номинациясы бойынша «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) халықаралық сыйлығының лауреаты. Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныды. Осы жылдың мамыр айында Amnesty International ұйымы Қазақстандағы адам құқы мәселесін сынап, Арон Атабектің жағдайын атап өтті. 2012 жылдың қазан айында Арон Атабекті қолдау мақсатында Лондонда пикет өтіп, концерт қойылды. Халықаралық Pen-International ұйымы Арон Атабекті қорғау үшін кампания өткізеді.