Ресми мәлімет бойынша, 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет бүкілхалықтық төте дауыс беру жолымен өткен Қазақ ССР-і президенті сайлауына дауыс беру құқығына ие республика азаматтарының 88,2 пайызы қатысқан. Олардың 98,7 пайызы Назарбаевқа қолдау білдірген. Сайлаудан соң іле-шала СССР таратылып, Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесі депутаттары елдің ресми атауын Қазақстан Республикасы етіп өзгерту туралы шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың президент ретінде алғашқы ант беру рәсімі 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Жоғары Кеңес депутаттарының қатысуымен өтті. Бұл рәсімде әскери парад пен кортеж болған жоқ.
Алматыдағы алғашқы инаугурацияда ақын Шәкер Әбенов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берді. Ақын батасында "Нұрсұлтанның атағы, абыройы өсіп, әлемге танымал болып, әлемнің тарих дәптеріне аты тіркелсін. " дей келе "халыққа зиян келтіретіндерді аяусыз жаза беріп, тыйым салсын. Әлдеқандай істе қателессе халықтан кешірім сұрап, өз қатесін өзі түзеу" керектігін ескертті. Бұдан кейінгі ұлықтау рәсімдерінде бата беру болған емес. Алматы. 10 желтоқсан 1991 жылғы сурет.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен алғашқы ант беру рәсімінде. 10 желтоқсан 1991 жыл.
1999 жылы президент инаугурациясы 20 қаңтарда Астанадағы Конгресс-холда өтті. Нұрсұлтан Назарбаев президент кеңсесінен Конгресс-холға дейін жаяу жүріп барды. 1999 жылы 10 қаңтарда, мерзімінен бұрын өткен Қазақстан президенті сайлауында Назарбаев, ресми мәлімет бойынша, 80 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі жетекшісі Зағипа Балиева ант беру рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаевқа президент куәлігін тапсырып тұр. Астана, 20 қаңтар 1999 жыл.
1999 жылы Назарбаев ант қабылдауға алғаш рет алтын коллар мен арнайы орден тағып шықты. Астана, 20 қаңтар 1999 жыл.
2006 жылы 10 қаңтарда өткен Қазақстан президенті сайлауында, ресми мәлімет бойынша, кандидат Нұрсұлтан Назарбаев дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15 пайызының қолдауына ие болған. Тағы сайланған президентті ұлықтау рәсімі 11 қаңтарда Астанада өтті. Назарбаев Ақордаға арнайы кортежбен келді. Оны сыртта арнайы әскери жасақ қарсы алды. Ұлықтау рәсіміне қатысқан 70 астам елдің делегаттары арасында Владимир Путин, Виктор Ющенко, Құрманбек Бакиев, Степан Месич, Хамид Карзай, Эмомали Рахмон, Ислам Каримов, Михаил Саакашвили және өзге тұлғалар болған.
Қазақстанда 2011 жылы 3 сәуірде өткен тағы бір кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың 95,55 пайыз дауыспен жеңіске жеткені ресми хабарланды. Бес күннен кейін, 8 сәуірде ұлықтау рәсімі ұйымдастырылды. Төртінші инаугурация өткен Астанадағы Тәуелсіздік сарайына Назарбаев арнайы күзеті бар кортежбен келді. Ол жүріп өткен жолдың бойында Астана тұрғындары қошемет көрсетіп тұрды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті ретінде ант беріп тұр. Астана. 8 сәуір 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев анттан кейін Қазақстан туын сүйіп жатқан сәт. Астана. 8 сәуір 2011 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев ант қабылдау рәсімі кезінде. Астана. 8 сәуір 2011 жыл.
2015 жылы 26 сәуірде өткен және бір кезектен тыс президент сайлауында, ресми ақпаратқа сәйкес, сайлаушылардың 97,75 пайызы кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау танытқан. Назарбаев үш күннен кейін ант беріп, қызметке кірісті. Инаугурация Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Шара өткен күні Астанадағы біраз жолдар жабылып, жоғары сынып оқушылары сабақтан босатылды. Оқушылар, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңға жиналып, Назарбаевқа қошемет көрсетті.
2015 жылы 29 сәуірдегі ұлықтау рәсіміне үкімет мүшелері, парламенттің қос палатасы - сенат пен мәжіліс депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, Жоғарғы сот судьялары қатысты. Шет мемлекеттер басшылары келген жоқ.
Ант қабылдаған соң Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қызметіне қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевқа президент куәлігін тапсырды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы президентті ұлықтау рәсімінде тек Назарбаев қана ант қабылдап келеді.
Астанадағы президент мұражайындағы мына инаугурациялық киім арнайы Назарбаевқа шақталып тігілген.