Қытай Шанхай ұйымы арқылы ықпалын арттырды

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Бейжіңнің ұлттық театрында отыр. 6 маусым 2012 жыл

NYT («Нью-Йорк таймз») басылымы Шанхай ынтымақтастық ұйымының жетекші екі мүшесі - Ресей мен Қытайдың арасында аймаққа ықпал ету бәсекесі күшейіп келеді деп жазады.
Маусымның 6-сы күні жарияланған мақала авторы, Колумбия университетінің ғалымы Александр Кулидің жазуынша, ШЫҰ-ының 12-ші саммитінде біршама маңызды шешімдер қабылданған. Осы ұйымға мүше Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері Таяу Шығыстағы өзгеріп жатқан режимдерге байланысты болашақта берігірек, жаңа позициялар ұстануға бекінген. Олар Ауғанстанның жағдайын мысалға келтіре отырып, «алдағы он жылдықта осы бағыттағы жұмыстар нығайтылады» деп хабарлаған.

ПУТИН ҚАЙТА САЙЛАНҒАЛЫ ҚАТЫСҚАН БІРІНШІ СЫРТҚЫ ЖИЫН

Мақала авторы «ШЫҰ осындай қадамдары арқылы әлемге аймақтағы қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуші және Батыс моделіне ұқсамайтын жаңа стильдегі әлемдік ұйым ретінде көрінгісі келеді» деп санайды. Батысқа ұқсамайтыны - бұл елдер бір-бірінің ішкі ісіне араласпайды және сырттан араласатын әскери әрекеттерге бірауыздан қарсы тұрмақ.

Алайда автордың байқауынша, ұйымға мүше елдердің өз арасында бәсекелестік өсіп келеді.

ШЫҰ Бейжің үшін Орталық Азия елдерімен орнатқан көп қатпарлы саясатын дамыту үшін өте пайдалы. Қазір Мәскеу де осы ұйымның қолдауына мұқтаж. Себебі Ресей Сириядағы жағдайға байланысты Асадтың режимін қолдап, Батыс пен НАТО-ның әрекетін сынаған болатын.

ШЫҰ саммитіне қатысушы мүше мемлекет басшылары. Бейжің, 6 маусым 2012 жыл


Автор осы көзқарасқа орай мынадай уәж келтірген. Ресей президенті Владимир Путин сайлана салысымен ШЫҰ-ның бас қосуына асыққан. «Ол осыдан бір-ақ апта бұрын НАТО мен G-8-дің жиналысына шақыруды қабылдамай тастаған еді» деп жазады ол.

«Ұйым мүшелері сыртқы әлемге басқа мәселені көтергендей көрінгенмен олардың бәрін бір жайт астыртын мазалайды. Шындығында басқа елдердің барлығы да Қытайдың осы аймақтағы ықпалының күшейгеніне қатты алаңдап отыр» деп пайымдайды зерттеуші.

БЕЙЖІҢНІҢ АРЗАН НЕСИЕСІНІҢ АСТАРЫ

Александр Кулидің пайымдауынша, қаржылық дағдарыстан бері Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі – Ресей. Сондықтан Қытай үкіметі болашақта да ШЫҰ-ның аясында сауда-саттық қатынастарын нығайтып, бұл аймаққа мол инвестиция салуға құштар. Алайда Ресей де Орталық Азия елдері де болашақта Бейжіңнің саяси және экономикалық ықпалының күшейіп кетуінен қауіптенеді.

Маманның жазуынша, Қытай үкіметі аймақтағы инфрақұрылымды дамытуға 10 миллиард АҚШ доллар қарыз бермекші болған. Мұндай ұсыныстар 2009 жылы да Қытай тарапынан жасалған. Алайда ықпалын жоғалтып алудан қауіптенген Ресей, бұл ұсыныстан бас тартып, «Еуразия Одағы» мен «Кеден Одағын» құрып, дербес қимылдап келеді.

Зерттеушінің пікірінше, Орталық Азиядағы Қытай ықпалы бәрібір ақырындап күшейіп, орнығып қалған Ресей ықпалын ығыстырып келеді. Бейжің бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін Орталық Азия студенттеріне үкімет есебінен 30 000 грант бөлген. Қала берді Орталық Азия елдерінде көптеп ашылған «Конфуций орталықтарына» арнап мың мұғалімді тегін дайындап береді.

Қазақстанда өткен ШЫҰ елдерінің әскери жаттығуы кезінде қойылған макет. Алматы облысы, 24 қыркүйек 2010 жыл


Мақалада Қытайдың Орталық Азиядағы тағы басқа экономикалық байланыстарының күшейіп бара жатқаны сипатталады. Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстанның энергетикалық ресурстарының Қытайға молынан жөнелтілуі Мәскеудің мазасын алады деген пікір айтылады.

Александр Кули Қытай үкіметінің Орта Азия елдерімен экономикалық қатынас жасағанда өте арзан баға ұсынуы да аймақтағы Ресей ықпалын әлсіретіп жатқанын жазады.

Мақала авторы ШЫҰ-ның Ауғанстаннан НАТО әскері кеткен соң ол аймақтағы ықпалын күшейту жайлы жоспарына да тоқталып, аз-кем деректер берген.