Депутат Соловьева түрмелерге барғаннан пайда жоғын айтады

Тұтқындардың туыстары "Нұр Отан" партиясына шағым айта келіп тұр. Астана, 31 мамыр 2011 жыл.

Тұтқындардың туған-туыстары Астанаға келіп, Атбасар түрмесін тексеруге қайтадан комиссия жіберуді талап етті. Олардың пікірлерінше Ирак Елекеев бастаған комиссия бұл міндетті атқара алмаған.

Естеріңізге сала кетсек, 26 мамырда Атбасардағы ЕЦ-166/4 түрмесіне Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев бастаған комиссия келіп, сотталғандардың аналары мен әйелдерінің түрмедегі азаптаулар жөніндегі шағымдарын тексермек болған.

Бірақ Ирак Елекеев бастаған комиссияның ЕЦ-166/4 түрмесіне жасаған сапарына сотталғандардың туыстарының көңілдері толмады.

Президенттік «Нұр Отан» партиясына жазған шағымында түрмедегі бір тұтқынның туысы Наиля Хайретдинова былай дейді: «И.К.Елекеев мырза ол жақтан шыққан кезде өзін күтіп тұрған адамдарды мысқылдап, тұтқындардың ешқайсысы
Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев ЕЦ166/4 түрмесін аралап көріп жүр. Атбасар, 26 мамыр 2011 жыл.

туыстарының шағымдарын растаған жоқ деп мәлімдеді. Менің інімнің айтуынша, Елекеев сөйлескен сотталушылардың барлығы түрмедегі қуғындау, азаптау фактілерін растаған».

Тұтқындардың туыстары өзін кеңесшімін деп таныстырған «Нұр Отан» партиясы өкілінің қолына осындай мазмұндағы шағымдарды табыс етті. Партия өкілі жиналған әйелдерге олардың мәселесімен айналысатын адамның қазір жоқтығын, іссапарға кеткенін айтып, аптаның соңына қарай телефон шалуға кеңес берді.

Бірақ тұтқындардың туыстары бұл жерден кеткілері келмеді. Өздерінің айтуларынша, олар «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне осымен алтыншы рет келіп отырған көрінеді - әзірше ешнәрсе шешілмеген. Азаматтық белсенді Вадим Курамшин шатыр тауып алып, олардың мәселелерінің шешілуін президенттік партия кеңсесінің алдында күтуге ұсыныс жасады.

«Нұр Отан» партиясының тағы бір өкілімен болған әңгімеден бірнеше сағат өткен соң әйелдерге депутат Айгүл Соловьева келіп, олардың мәселелерін талқылайды деген еді.

НЕГЕ СОЛОВЬЕВА КЕЛЕДІ?

Азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің пікірінше, әйелдер Айгүл Соловьеваға сенетін көрінеді. Ол осыған дейін тоғыз тұтқынның мәселелерін шешуге көмектесті дейді Вадим Курамшин. Бірақ Вадим Курамшин 1 сәуірде Азаттық радиосы тілшісіне «парламент депутаты Айгүл Соловьева бұдан былай тұтқындардың мәселелерімен айналыспайды» деп мәлімдеген болатын.

2010 жылдың желтоқсан айында тұтқындардың туыстары депутатпен кездесіп, оған өздерінің бауырлары, ерлері мен балаларының азап көргендерін айтып берген. Бұл жолы әйелдер депутат Айгүл
Түрмедегі тұтқынның жұбайы Гауһар Ибрагимова "Нұр Отан" партиясы кеңсесі алдында күйеуінің суретін көрсетіп тұр. Астана, 31 мамыр 2011 жыл.

Соловьеваға оның әріптесі Ирак Елекеевтің үстінен шағым айтты, оның 28 мамырда Қостанайдағы УК-161/2 түрмесіне барамын деген уәдесін орындамағанын жеткізді.

Гауһар Ибрагимованың айтуынша, 27 наурызда УК-161/2 түрмесінде күйеуі Мұхамеджан Қарақожаевты соққыға жыққан. Оның соққыдан алған жарақаты осы күнге дейін жазылмай отыр. Сөзінің дәлелі ретінде әйел фотосуреттерді көрсетті. Оның айтуынша, суретте күйеуінің денесіндегі соққыдан қалған іздер көрініп тұр.

Тұтқын Наиль Сайфулиннің әпкесі Найля Хайретдинова Атбасардағы ЕЦ-166/4 түрмесінің әкімшілігіне қарсы куәлік бергендердің барлығына қысым жасалып жатқанын Айгүл Соловьеваға айтып берді:

- Мен осы колониядағы азаптауларға байланысты шағымданып отырмын. Інімнің айтуынша, олардағы азаптаудың ең көп таралған түрі – керіп тастау. Оның өзі мұндай азапты басынан өткерген. Адамды керіп тастап, аузын скотчпен таңып, басына бас киім кигізіп, есінен танғанша таяқтың астына алады. Бұдан соң оны 24 күнге айып изоляторына қамап қойған. Мен оның құлағы сынғанын да көрдім.

УӘДЕ

Айгүл Соловьева әйелдердің шағымдарын мұқият тыңдап, оларға көмектесуге, атап айтқанда сауал жолдап, Атбасар мен Қостанай түрмелеріне баруға уәде берді. Бірақ өзінің баруымен ешнәрсе шешілмейтінін де ескерте кетті.

Айгүл Соловьеваның айтуынша, ол бұған дейін түрмедегі тұтқындармен кездескен. Ол кезде тұтқындардың ешқайсылары азаптауларға байланысты шағымдана алмаған. Өйткені кездесу
Парламент депутаты Айгүл Соловьева (ортада) тұтқындардың туыстарымен кездесті. Астана, 31 мамыр 2011 жыл.

депутаттың қауіпсіздігін сақтау мақсатында түрме қызметкерлерінің қатысуымен өткен.

- Мен оларға сұрақ қойып жатқанымда ту сыртымда адамдар тұрды. Олар қалай болғанда да менімен бірге жүрулері керек, бұл түсінікті. Мен олардан ешнәрсе сұрамадым, тек: «Сендер бәрібір ешнәрсе айтпайсыңдар. Шағымдарың болса, ата-аналарың арқылы жіберіңдер» дедім, - дегенді айтады Айгүл Соловьева.

Айгүл Соловьева осы жолы да Қостанай мен Атбасарға барғанмен, тұтқындардың азаптаулар жайында әлдене айта қоярына сенімді емес. Бірақ ол түрмелерге баруға уәде берді. Айгүл Соловьева комиссия құрамына бас прокуратура өкілі мен әлдебір құқық қорғаушыны енгізуді ұсынды.

- Біздің түрмелерде азаптаулар бар деген мен үшін жабайылық болып көрінеді. Бұл біздің халықаралық қоғамдастыққа жариялап отырған сөздерімізге еш сай келмейді. Бұл мәселе мені алаңдататындықтан осы іспен айналысатындығым жөнінде бәріне ескерттім, - дейді Айгүл Соловьева.

Парламент депутаты Айгүл Соловьева түрмелерге нақты қай кезде баратындығын айтпады. Бұл мәселені президенттік «Нұр Отан» партиясымен келісетін болып шешті.