Жұртқа зейнетақының болашағы уайым

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кеңсесіне кіріп-шығып жатқан адамдар. Алматы, 25 қыркүйек 2015 жыл.

Кейбір қарапайым азаматтар мен сарапшылар «теңге девальвациясынан соң зейнетақы қорындағы ақшамыз құнсызданып кетті» деп алаңдайды. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк жағдайды дұрыс түсінуге «долларланған сана» кедергі дейді.

Алматы тұрғыны Абай Ерекенов теңге девальвациясы жұрттың зейнетақы қорында жиған-тергенін «жеп қойды» деп санайды. Табысының 10 пайызын ай сайын зейнетақы қорына аударатын 49 жастағы жігіт ағасы есеп-шотында жатқан сома қағаз жүзінде ұлғайғанымен, долларға шаққандағы құны түсіп бара жатқанын айтады.

– Кезінде банктерде, ірі ұлттық компанияларда жұмыс істегенмін, зейнетақы шотым да қомақты, бірақ қазір оның жұрнағы ғана қалды. Сонда менің зейнетақым қанша болады? Тағы бірнеше девальвация болса бітті, мүлде түк қалмайтын түрі бар. Зейнетақы шотымда ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететін ғана ақша қалды! Билік зейнетақы қорында жатқан ақшаның сақталатынын айтады, бірақ мұнысы сандырақ қой, - дейді Абай Ерекенов.

Алматы тұрғыны, БЖЗҚ салымшысы Абай Ерекенов.

Қазір зейнетақы қорында жинақталған ақша теңгеге шаққанда тұрақты өсім көрсетіп отыр. Қазақстан ұлттық банкінің мәліметінше, 2015 жылдың шілдесіндегі есеп бойынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) төрт триллион 877 миллиард теңге шоғырланған. Бұл қазіргі айырбас бағамымен есептегенде – 18,5 миллиард доллар, ал девальвацияға дейінгі бағам бойынша – 26 миллиард долларға жуық сома.

Қазақстандықтардың доллар және теңгемен көрсеткендегі зейнетақы жинағы (инфографика):

​Бірыңғай зейнетақы қоры қазақстандықтардың жинаған ақшасына теңге девальвациясының мүлде зардабы тиген жоқ деп санайды. Азаттықтың «Зейнетақы қоры салымшыларына теңге девальвациясының зардабы болды ма?» деген сұрағына БЖЗҚ басқармасының төрағасы Руслан Ерденаев:

– Бізде жарналарды қабылдау, тіркеу, инвестициялық кірісті есептеу, төлем жүргізу сияқты бүкіл процедура теңгемен жүргізілетіндіктен, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының өзгеруі БЖЗҚ-ның жұмысына да, зейнетақы жинағына да ешбір әсер еткен жоқ, – деп мәлімдеді.

АРИФМЕТИКАЛЫҚ АМАЛ

Оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своиктің есебінше, жұмыс істейтін қазақстандықтардың соңғы 18 жыл бойы айлығынан аударып жинаған ақшасының төлемдік құны түсіп барады. Своик «жұрттың зейнетақы қорында жатқан жинақ ақшасына соңғы девальвациялардың да жағымсыз әсері тиді» деп есептейді.

Оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своик.

– Зейнетақы жүйесіне қатысушылардың жинақ ақшасының төлемдік құны түсіп барады. Кезінде зейнетақы жинау бастамасын өзі көтергендіктен мемлекет бұл фактіге баяғыда назар аударуы тиіс еді. «Салымшылардың жиған-тергенін сақтаймыз әрі көбейтеміз» деген мәлімдемелер әлі айтылып келеді. Арифметика тұрғысынан өскенімен, іс жүзінде мүлде көбейген жоқ, - дейді Петр Своик.

Ұлттық қаржы қызметін дамыту қоры төрағасы Михаил Кленчин бірыңғай зейнетақы қоры салымшыларына «алаңдауына негіз жоқ» деген пікірде.

Ұлттық қаржы қызметін дамыту қоры төрағасы Михаил Кленчин.

– Жергілікті компания шығаратын жұмыртқа үшін девальвация кесірінен зейнетақы қорында жатқан ақша құнсызданған жоқ, ал долларға шаққанда құнсызданғаны рас. Бірыңғай зейнетақы қоры тұрақты кіріс көрсетіп отыр. Қазіргі міндетіміз – көбейту емес, аман сақтау. БЖЗҚ ақшаны мемлекеттік құнды қағаздар мен біздің банктердегі депозитке салып, сауатты әрі жатық саясат жүргізіп келеді, - дейді Михаил Кленчин.

«ДОЛЛАРЛАНҒАН САНА»

Қазақстанда тамыз айында теңге бағамын «еркіне» жібергенін жариялағаннан кейін билік теңге депозиттері бар салымшыларға соңғы девальвацияға байланысты өтемақы төленетінін мәлімдеген. Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, өтемақы салым көлемі бір миллион теңгеден аспайтын клиенттерге төленеді.

Бұрын зейнетақы қорлары қауымдастығын басқарған, ал қазір «Қаржы тұтынушылар одағы» үкіметтік емес ұйымы төрағасы Айдар Әлібаев бірыңғай зейнетақы қорындағы жинақ ақшаға өтемақы төленсе, әділетті болар еді деп есептейді.

«Қаржы тұтынушылар одағы» үкіметтік емес ұйымы төрағасы Айдар Әлібаев.

– Теңгемен есептелетін активтердің бәрі долларға шаққандағы құнын жоғалтты. Зейнетақы есеп-шоттарында жатқан ақшаға өтемақы төлеп, индексацияласа, бұл әділ шешім болар еді. Бірақ, экономика мен бюджеттің қазіргі жағдайын ескерсек, бұл мүмкін емес, мұндай шешім қабылданбайды, - дейді Айдар Әлібаев.

Бірыңғай зейнетақы қорынан келген хатта мемлекеттің зейнетақы жарналарын инфляция деңгейін ескеріп сақтауға кепілдік беретіні ғана айтылған. Азаттыққа жолдаған хатында БЖЗҚ басшысы Руслан Ерденаев «Зейнетақы қорындағы бүкіл соманы инфляция деңгейін ескере отырып қорғауға берілген бұл кепілдіктің банк депозиттері бойынша берілетін кепілдіктен айырмасы бар» деп жазған.

Қыркүйектің басында солтүстік аймақтарға сапары кезінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты теңге бағамының өзгергеніне онша мән бермеуге шақырған. Ақпараттық агенттіктер Назарбаевтың «Валюта бағамы шетел валютасымен есеп айырысатын импорт немесе экспортпен айналысатындарға ғана қатысты. Ал Қазақстанның өз ішінде теңге сол қалпында қалды. Оның долларға шаққандағы бағамының қандай болғаны неге керек? Біз Қазақстанда теңгеге өмір сүреміз» деген сөздерін келтірген.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов «Панорама» іскерлік газетінде қыркүйектің 18-інде жарияланған сұхбатында «зейнетақы активтері долларға шаққанда құнсызданып кеткені» туралы сұраққа «жағдайды дұрыс қабылдауға біздің долларланған санамыз кедергі» деп мәлімдеген. Келімбетов доллармен жинаған ақшасын сақтауға кепілдік беретін елді білмейтінін айтқан.

Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы Абай Ерекенов зейнетақы жинақтау жүйесінің бұрынғы тәжірибесіне жүгінеді. Ол билік «теңгені еркіне жібергенін» алғаш жариялап, ұлттық валюта бағамы 88 теңгеден 140 теңгеге құлдыраған 1999 жылы зейнетақы қорларына (ол кезде бірнеше қор болған еді ) құны теңгемен көрсетілген мемлекеттік құнды қағаздарды девальвацияға дейінгі бағам бойынша конвертациялауға мүмкіндік бергенін еске алады.