Хиджаб киюді жақтаушылар митинг өткізбек

Хиджаб киюге тыйым салуға қарсы митинг өткізуге ниеттенген бастамашыл топ. Астана, 28 ақпан 2011 жыл

Ислам дінін ұстанған азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер Қазақстандағы оқу орындарында «хиджаб киюге тыйым салуы мүмкін» деп қауіптенеді. Олар бейбіт митинг өткізу үшін Астана әкімшілігіне өтініш берген.


Ислам дінін қабылдаған Инна Сторожок колледжде оқып жүрген кезінде хиджаб кигендері үшін оқу орнының басшысынан қысым көргендерін айтады. «Мұғалімдер де қырын қарап, айтқандарына көнбегеніміз үшін бағаларымызды төмендетуге дейін барды» дейді Инна Сторожок.

– Хиджаб киген үш қыз болатынбыз. Бізді директордың кабинетіне шақырып алды да, «егер сендер біздің оқу орнымызда орамалдарыңды шешпейтін

Инна Сторожок, ислам дінін қабылдаған азамат. Астана, 28 ақпан 2011 жыл.

болсаңдар, онда сендерді оқудан шығарамыз» деді. Біз «қандай негізге сүйеніп тыйым салмақсыздар?» деп сұрағанымызда «себебін табамыз» деді.

Осыдан кейін мұғалімдер де бағаларымызды төмендете бастады. Соған қарамастан біз өз ұстанымымыздан бас тартқан жоқпыз, – дейді ислам дінін қабылдаған Инна Сторожок.

Бірақ Инна Сторожок бұл оқиғаның бірнеше жыл бұрын болғанын да растады. Қазір ол колледжді тәмамдап, жұмыс істеп жүр.

ХИДЖАБТАН ДА «МАҢЫЗДЫ ПРОБЛЕМАЛАРЫМЫЗ КӨП»

«Нұр-Мүбәрәк» университетінің проректоры Шәмшеддин Керім Қазақстанда хиджабқа қатысты даулы мәселе жоқ дейді.

– Хиджаб киюге бізде ешқандай қарсылық жоқ. Киме деп ешкімді зорламаймыз. Сондықтан ислам оқу орны болғандықтан бізде хиджаб деген ешқандай проблема жоқ... Проблема жасатып, қоздырып отырған журналистер деп ойлаймын. Себебі журналистерге сенсация керек осыны «бола ма, болмай ма» деп, «әркімнің әртүрлі пікірі бар» деп... Жоқ жерден проблема тауып алудың қажеті жоқ. Одан да маңызды біздің проблемаларымыз көп, – дейді Шәмшеддин Керім.

ХИДЖАБҚА БАЙЛАНЫСТЫ «СОТ ПРОЦЕСІН ӨТКІЗГЕН ТИІМДІ»

Ал Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков хиджабқа байланысты дау қазір өзекті мәселеге айналып тұр дегенді айтады.

– Жуықта Алматы облысындағы Есік қаласының Абылайхан және Райымбек мектептерінде болып келдік. Ол жерде орамал таққан оқушыларды қудалау, сабақтан шеттету сияқты жағдайлар бар екен. Мектеп басшылығы да не істерін білмей отыр. Себебі бір жағынан білім министрлігінің мектепте хиджаб киюге тыйым салу туралы нұсқауы бар. Екінші жағынан әділет министрлігінің ешқандай шектеу жоқ деген мәлімдемесі бар, – дейді Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі.

Мұрат Телібековтің ойынша, хиджабқа байланысты дау-дамайдың ақ-қарасын анықтау үшін, «хиджаб мәселесін көпшілікке жариялау үшін республикада сот процесін өткізген тиімді».

БЫЛТЫРҒЫ СҰХБАТ – БИЫЛҒЫ ҚАУІП

«Хиджаб киюге тыйым салады» деген сөздің қайдан шыққанын сұрағанымызда, құқық қорғаушы Вадим Курамшин білім және ғылым

Махметғали Сарыбеков, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі. Астана, 30 қыркүйек 2010 жыл

министрінің орынбасары Махметқали Сарыбековтың өткен жылдың желтоқсан айында бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұқбатына жүгінді.

Былтыры желтоқсансанның 8-і күні қазақстандық бір телеарна «білім және ғылым министрлігі оқу орындарында хиджаб киюге тыйым салатын заң жобасын әзірлеп жатыр» деген жаңалық таратқан болатын. Мұны білім және ғылым вице министрі Махметқали Сарыбеков те жоққа шығармаған еді.

Хиджаб киюге тыйым салатын заң жобасының шығып кетуінен қауіптенген бастамашыл топ оның алдын алу үшін білім және ғылым министрлігінің алдында рұқсат етілген митинг ұйымдастырмақ ойлары бар екенін айтады. Бейбіт митинг өткізу үшін Астана әкімшілігіне өтініш берген екен. Әзірге қала басшылығынан жауап келмепті.

– Астана әкімшілігі митингіге рұқсат беру және оны қай күні қай жерде өткізу керектігі жөнінде еш жауап айтқан жоқ. Әлі де күтеміз. Біз негізі білім және ғылым министрлігі ғимаратының алдында өткізбек ойымыз бар. Егер әкімшілік митинг өткізуге рұқсат бергенімен, оны өткізетін жерді қаланың сыртынан белгілеп беретін болса, онда біз «құпия әдісімізге» көшеміз, – дейді «Противодействие произволу» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Вадим Курамшин.

Ол «құпия әдістерінің» нақты не екенін ашып айтпады. Баспасөз мәслихатына қатысушылардың пікірінше, қазіргі кезде Астана, Алматы, Атырау және Ақтөбе қалаларының кейбір оқу орындарында «хиджаб киіп жүретін қыздарға қысым көрсетіледі».

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин осы жайттарға түсініктеме беру жөнінде білім және ғылым министрлігіне сауалнама жолдағанын айтады. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті «біз зайырлы мемлекетпіз – сондықтан кімнің не кием десе де өз еркі, дегенмен білім ошақтарында киім киюдің белгілі ережелері бар» деген жауап берген.

Осы мәселеге байланысты Азаттық тілшісі де білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымен жауап ала алмады. Мекеменің баспасөз қызметі телефон тұтқасын көтермеді.