Қазақстан билігіндегі терең тамыр жайған жемқорлық туралы президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің Wall Street Journal басылымына берген сұхбаты Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды.
Wall Street Journal басылымында жарияланған Глен Симпсон мен Сюзан Шмидттың мақаласында Рахат Әлиевтің Қазақстан президенті Н. Назарбаев елдің минералды қазба байлықтарымен жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардан түскен өсімдер мен мемлекеттік игіліктен ұзақ жылдар ішінде миллиардтаған доллар байлық жинады деп мәлімдегені айтылған болатын. Президенттің бұрынғы күйеу баласының мұндай мағынадағы мәлімдемесі Қазақстан қоғамында түрлі пікір туғызды.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім Рахат Әлиевтің шетелдік басылымға берген сұхбатында айтылған сөздерінің дәлелдері болуы ықтимал екендігін айтады:
- Біз ондай мәселеге онша көңіл бөлмейтін халықпыз. Егер Рахат Әлиев ондай мәселені көтеретін болса, онда оның қолында шындығында да заңды түрдегі құжаттар болуы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан демократиялық ел емес. Біздің парламент президентке импичмент жариялай алмайды. Өркениетті елдерде парламенттік немесе оппозициялық комиссия құрып, осы мәселені анықтауға тырысар еді. Бұл бір адамның жариялаған сөзі мен жаңалығы. Бұл мәселені тек қана сот қарастырып, сот сол құжаттардың нақты екендігін тексеруі керек. Осы елдің президенті жасаған қылмысын осы елде қарастырып, осы елде ғана тексереді. Басқа ел оны тексермейді. Сондықтан бұл мәселенің шындығына жету өте қиын.
Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым, Рахат Әлиевтің Wall Street Journal басылымына берген сұхбатындағы келтірілген кейбір деректердің ақиқатқа жақын екендігі туралы ойын білдіріп, оған былайша баға берді:
- Біріншіден, Рахат Әлиев көп жылдар бойы президенттің қасында жүрген адам. Екіншіден,оның туысы. Үшіншіден, сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болды. Яғни оның қолында көптеген ақпараттар бар. Дәл осы сөзі өтірік, осы сөзі шын деп оны талдап айту қиын. Алайда жалпы бағыт ретінде, лектор ретінде оның айтып отырғандары шындыққа жанасады. Ол тек қана Н. Назарбаевқа ғана қатысты емес. Ол Рахат Әлиевтің өзіне де және президенттің маңында жүрген көптеген азаматтарға да қатысы бар. Оны бөліп-жарып қарастырудың қажеті жоқ. Рахат Әлиевтің де өз кінәсі бар. Оны өтірік болсын, шын болсын сот дәлелдеп жатыр. Оның да талай кәсіпкерлерге тіс батырғаны бар. Болашақта мұның бәрі жарыққа шығады, айтылады, жазылады. Мүмкін сот шешімдері болар. Билік те осы кезге дейін қарап отырған жоқ .Елімізде бір емес екі компания легализациядан өтті. Соңғы легализациялау бойынша, шенеуніктер 4 миллиард доллардай ақшаны заңдастырып алды. Мәселен, болашақта Қазақстанда сот болады дегеннің өзінде шенеуніктер жоғарыдағы ақшаны заң бойынша ақтап алғанбыз дейді. Алайда әділ шешім болуы үшін заман, саяси жүйе өзгеруі керек. Оған дейін нақты бір өзгеріс болады деп айту қиын.
Ал саясаткер Әзімбай Ғали болса, Рахат Әлиев келтірген деректердің сенімсіз екендігін айтты:
- Рахат Әлиевтің айтқандары рас болмауы да мүмкін. Ол деректер қаншалықты нақты? Бұл мәселеге айыпты деген кісілердің қаншалықты қатысы бар екендігі әзірге белгісіз.
Wall Street Journal газетіндегі мақалада қазақстандық оппозиция өкілдерінің Рахат Әлиевтің Н.Назарбаевқа тағып отырған айыптауларын оның өзіне де тағуға болады, өйткені ол да кезінде сол режимнің атқарушысы болды және одан пайда көрді деген сыңайдағы сөздері келтірілген.