Рамазан Есіргепов Азаттық тілшісіне мамырдың 14-і күні пойызда оны белгісіз біреулер пышақ салып, жаралап, ал соңғы уақытта өзіне қатысты жағдайлар шиеленісе бастағаннан кейін жеке басының амандығын ойлап, Парижге жасырын кетуге мәжбүр болғанын айтып берді. Бұған қоса, құқық органдарының соңғы кездегі іс-әрекетінен билік оған қарсы жаңа қылмыстық іс қозғамақ деген ой түйген ол бас еркіндігін сақтағасы келген.
Серіктері Рамазан Есіргеповтің құпия жағдайда жоғалып кеткені туралы соңғы кездері белсенді жалғыз тұрып жатқан (оның отбасы Астанада) Алматының Медеу ауданындағы үйінде жоқ екені анықталған тамыздың 2-і күні таңертең хабарлаған болатын. Журналистке шабуыл жасалғаннан кейін мемлекет Есіргеповті күзетуге серігімен бірге тағайындаған Алматы қалалық транспорт басқармасының қызметкері, подполковник Георгий Когай да, я туыстары, я полиция да оның қайда екенін айта алмаған.
Белсендіге пышақ салу ісіне қатысты тергеу амалдары аясында Рамазан Есіргеповтің өзін күзетуге қойылған күзетшілердің сеніміне кіріп, олардың көзін ала бере үйінен байқатпай шығып кетуіне бұрынғы тұтқынның түрмедегі тәжірибесінің септігі тиген тәрізді.
БИЗНЕСМЕН, ЖУРНАЛИСТ ӘРІ САЯСИ ТҰТҚЫН
Бұрынғы Семей облысының тумасы Рамазан Есіргеповтің оқыған мамандығы - инженер-құрылысшы. Қайта құру жылдары және 1990 жылдардың басында туған жерінде бастаған бизнесі сәтті жүріп, кейін көшіп барған Алматыда да кәсібі әуелгіде өрлей бастаған. Бірақ кейінірек, халық "қиын-қыстау заман" деп атап кеткен 1990 жылдары оның бизнесін біртіндеп тартып ала бастаған. Бас редакторы сол кездегі танымал журналист Валерий Марченко болған күнделікті шығатын "Начнем с понедельника" газетін Есіргепов дәл сол тұста қаржыландыра бастаған.
- Меніңше, ол азаматтық тұлға ретінде 1990 жылдары ел тәуелсіздігімен қатар қалыптаса бастады, - дейді құқық қорғаушы әрі журналист, "Әділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева.
"Начнем с понедельника" газеті әуелгіде оппозициялық түгілі, тіпті саяси басылым да емес болатын. Бірақ, Калееваның сөзінше, өзге баспагерлерден айырмашылығы сол, Рамазан Есіргепов ол кезде де журналистік қызметке жан-тәнімен беріліп, ол кезде жиі өтетін іс-шараларға Валерий Марченкомен бірге қатысып жүретін.
- "Біртума" адам болғандықтан, оған әлдебір пікір таластыру өнері, айтыс-тартыс сол кездің өзінде жетіспеген сияқты, бірақ ол бұған шапшаң төселіп алды, - дейді Тамара Калеева. Оның бұл пайымы кәсіби журналист болмағанымен, Есіргепов жаңа мамандығының қыр-сырын тез меңгеріп алды дегенді білдіреді.
Кейін Есіргепов өжет әрі билікке қолайсыз басылымға тез айналған "Начнем с понедельника" газетінің бас редакторы өзі болды деп еске алады Калеева.
- Ол газет батыл, бірақ "понты жоқ" басылым болатын, - дейді алматылық құқық қорғаушы әрі жергілікті баспасөз тарихын зерттеуші Андрей Свиридов.
Ал құқық қорғаушы Розлана Таукинаның пікірі өзгеше. Оның сөзінше, ол кезде Рамазан Есіргепов аса өткір әлеуметтік проблемаларды көп көтеретін. Газетті де талай сотқа берген, өзі де сотқа жүгініп, талай жеңген деп еске алады Таукина. Ол мәйітханада жатқан мәйіттердің мүшелерін марқұм болған адамның туыстарына ескертпей шығарып алуға қатысты жанжалға ұласқан істі мысалға келтіреді. Ақыры "Начнем с понедельника" газетіндегі мақала негізінде іле-шала қылмыстық іс қозғалып, мәйітхана басшысы түрмеге кеткен.
2008 жылдың аяғында оның келесі басылымы - "Алма-Ата Инфо" газетінде жарияланған "Елімізді президент басқара ма, әлде ҰҚК басқара ма?" ("Кто управляет нашей страной — президент или КНБ?") деген мақаласы үшін "мемлекеттік құпияны таратты" деген айыппен үш жылға сотталуы – Рамазан Есіргеповтің журналист ретінде танылуының шырқау шыңы деп атайды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Есіргепов "түрмеге мені саяси себептермен - жоғары биліктің арнайы қызмет сияқты органдарындағы коррупцияны әшкерелегенім үшін қамады, ал мен журналистік кәсіби міндеттерімді ғана орындадым" деп мәлімдеген.
Рамазан Есіргеповке сот үкімі шыққаны жайлы видео:
Бірқатар қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Рамазан Есіргеповті саяси тұтқын деп таныған. Жергілікті демократиялық ұйымдар оны "Азаттық" сыйлығымен сырттай марапаттап, оны журналистің отбасы мүшелеріне табыс еткен. Есіргепов түрмеде отырған кезде - 2011 жылы "Хьюман Райтс Вотч" халықаралық құқық қорғау ұйымы оған беделді Хеллман – Хаммет сыйлығын берген.
Рамазан Есіргепов 2009 жылы 6 қаңтарда тұтқындалып, сол жылы үш жылға сотталған еді. Ол сот үкіміне келіспей, бірнеше шағым түсіргенімен, ол әрекеттерінен түк шықпаған болатын. Есіргепов бостандыққа 2012 жылғы қаңтардың 6-сында шыққан. Таукина "түрмеде отырған кезде Есіргепов өзге тұтқындардың құқығын қорғауға көмектесіп жүріп, заң саласындағы сауаттылығын едәуір жетілдіріп алды" дейді.
Рамазан Есіргепов түрмеде өз құқығын қорғауға да тырысқан. Мысалы, ауыр науқас анасын көру үшін Тараздан Алматыға өздігінен баруға ол түрме билігінен рұқсат алған. Қазақстанда тұтқындардың үйіне баруына әдетте демалыс берілмейді, бірақ Есіргепов демалыс алуға қол жеткізіп, анасымен жүздесіп, тиісті мерзімде түрмеге қайта оралған.
Бірақ, оның жазамен мерзімінен ерте шартты бостандыққа шығуға тырысқан алғашқы әрекеті сәтсіз болды. Бұдан кейін Есіргепов ондай әрекеттерден принципті түрде бас тартты. Бұған қоса, ол өзіне рақымшылық жасау немесе амнистия бойынша бостандыққа шығаруды сұрау идеясынан да принципті түрде бас тартқан.
Рамазан Есіргеповтің түрмеден шыққан сәті:
Түрмеде отырған кезде Рамазан Есіргепов БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне "заңсыз сотталғаны" туралы шағым жолдаған болатын. Абақтыдан шыққан соң ол "мені тиісті мерзімнен бір тәулік артық қамауда ұстады" деп сотқа шағым берген. Есіргеповтің қисынына сүйенсек, оны 2012 жылғы қаңтардың 6-сы емес, 5-інде шығаруы тиіс болған, өйткені жаңа жыл қаңтардың 1-інен басталып, келесі жылдың 1 қаңтарында емес, желтоқсанның 31-інде аяқталады. Бірақ, Қазақстандағы соттар оның шағымын қанағаттандырудан бас тартқан соң ол әлгі шағымын БҰҰ-ның адам құқықтары комитетіне жолдаған. 2016 жылы БҰҰ-ның комитеті бір өндіріске біріктірілген қос шағым бойынша Рамазан Есіргеповтің пайдасына шешім шығарған.
Есіргеповтің құзырлы мекемелерге жүгінуі арқасында Қазақстанда заңды өзгертіп, түрме мерзімін Рамазан Есіргеповтің есептеу принципіне сәйкестендірді. Ал Есіргеповті заңсыз соттау мен оған тиісті өтемақы төлеу мәселесіне қатысты БҰҰ-ның шешімін ол қылмыстық сотта да, азаматтық сотта да орындата алмады. БҰҰ-ның адам құқығын қорғау комитеттерінің шешімдері ұсыныстық сипатта болып келеді, сондықтан Қазақстан билігі оларды әдетте мойындамайды. Оның сансыз көп шағымдарын қарау созбаққа салынды, бірақ Есіргепов шерін Қазақстанның қоғамдық өмірі өкілдерінің көбіне жолдаған электронды хаттарында тарқатты деуге болады.
АЛМАТЫДАҒЫ СОҢҒЫ МАРШ
16 адам оққа ұшып, ондаған адам жараланған 2011 жылғы желтоқсанның 16-сындағы Жаңаөзен қанды оқиғасына Рамазан Есіргепов түрмеден шыққан 2012 жылғы қаңтардың 6-сында бар болғаны 20 күн толған еді. Ол кезде "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты" деген айыппен жаңаөзендік ондаған мұнайшы сотқа тартылған. Есіргепов бірден саяси өмірге, бірақ енді құқық қорғаушы ретінде араласып кетті. "Жаңаөзен-2011" қоғамдық комитетін құру бастамасын көтергендердің бірі болған ол ұйым төрағасы болып сайланды.
"Журналистер қауіп-қатерде" баспасөзді қорғау ұйымын ұзақ жылдар басқарған Розлана Таукина әлгі ұйымды түрмеде өздігінен білімін жетілдіру арқылы "күшейген" заңгер ретінде Рамазан Есіргеповке "табыстады". Кейінірек Есіргепов "Жемқорлықпен күресетін халық майданы" қоғамдық ұйымын да басқарды.
Есіргепов арыз-хаттар жолдаудың түрмеде үйренген әдісін еркіндікте жүрген кезде де белсенді пайдаланған. Бірақ бұл жолы Қазақстан соттарына ғана емес, БҰҰ, Еуропа одағы мен Батыстың кей елдерінің басшыларына жолданған хатта "Қазақстан патриоттарын заңсыз қылмыстық қудалау, Жаңаөзендегі қанды оқиғаларға қазақстандық Магнитский тізімінде көрсетілген президент бастаған ел басшылары кінәлі" деп жазылған. Қазақстаннан мұндай хатты ол соңғы рет биыл шілденің 29-ы күні қазақстандық саяси тұтқындарды қолдау мақсатында жиналған бір топ белсенділердің бейбіт маршының мәресі болған Алматының орталық поштасынан жолдады.
Рамазан Есіргепов елде өткізген соңғы бірнеше күн шытырман оқиғаға ұқсайды. Шілденің 29-ы күні Азаттық тілшісінің көз алдында бейбіт маршқа қатысушылар жиналған жерде азаматтық белсенділерден гөрі, полицейлердің қарасы көп болды. Полиция басшылары бұл жерге полицияның арнайы жасағын (СОБР) шақыру керек пе, жоқ па деген мәселені рациямен қызу талқылап жатты. Прокурор Рамазан Есіргеповке "рұқсат етілмеген шеру, митингі, жиын өткізгені үшін жауапкершілік" туралы ескерту оқып берді. Видеокамераларын асынып, қарапайым киім киген адамдар маршқа қатысушыларға жаяу ілесіп жүрді. Ал форма киген полицейлер азаматтық белсенділердің соңынан қызмет көліктерімен және терезе әйнегі қараңғыланған қымбат джиптерімен еріп отырды. Қарапайым киімдегі адамдар "Қазпошта" орталық филиалы ғимаратында азаматтық белсенділермен біраз тәжікелесіп қалды.
Ал бұдан кейінгі екі күн – шілденің 30-ы мен 31-і белсенділердің әкімшілік сотын күтумен өтті. Тамыздың 1-і күні екі белсенді рұқсат етілмеген маршқа қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Полиция өкілдері сол күні Рамазан Есіргеповті де полиция бөліміне апармақ болған, бірақ құқық қорғаушының қан қысымы күрт көтеріліп кетіп, белсенді ол күні соттан аман қалған еді. Оны үйіне жіберген. Ал ертеңінде – тамыздың 2-і күні оны Алматыдан ешкім таба алмай қалды. Рамазан Есіргепов Парижден бір-ақ шықты.