Қазнетті Роскомнадзор қадағалай ма?

Көрнекі сурет.

Ақтөбелік «Рика-ТВ» сайты Ресей территориясында бұғатталып қалу қаупінен сақтанып екі жаңалығын алып тастады. «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы Ресей тарапының әрекетін заңсыз санайды, ал Роскомнадзор өкілдері Ресей заңдары аясында әрекет еткенін айтады.

Ақтөбелік rikatv.kz («Рика-ТВ») ақпараттық сайты Роскомнадзор (Ресейдің ақпараттық технология және коммуникация саласына бақылау жасау қызметі) талабымен екі жаңалығын алып тастады.

Роскомнадзордың назарына ілігуге Ақтөбедегі әскери полиция қызметкерінің өзін-өзі басынан атып өлтіргені және Ақтөбе облысы Ембі қаласы тұрғынының өз-өзін өртегені туралы сайтта ақпан айында жарияланған жаңалықтар түрткі болған. «Рика-ТВ» қызметкерлерінің мәлімдеуінше, екі жаңалықты да ресми дереккөздер растаған, ал Роскомнадзор назар аударған сәттен көп бұрын екеуі де архивте жатқан.

Роскомнадзор талабы.

ШАҒЫН САЙТҚА АУҒАН ҮЛКЕН НАЗАР

Роскомнадзордың қазақстандық сайтқа қатысты шарасы жайлы ақпаратты жуырда Алматыдағы «Әділ сөз» баспасөз ұйымы таратқан болатын. Мұндай жағдайды алғаш кездестіргенін айтқан ұйым төрайымы Тамара Калеева Роскомнадзордың әрекетін жөнсіз деп санайды.

– Бәлкім, олар егер сайт мазмұны ел заңдарын бұзатын болса, оған әлгі елдің территориясынан кіру бұғатталады деген біздің заңдарға ұқсас нормаларына сүйенген шығар. Бізде ондай норма бар. Яғни «Рика-ТВ» сайтындағы әлгі ақпараттың мазмұны Ресей заңдарына қайшы, сондықтан олар не алып тастаңдар, не бұғаттаймыз деп ескертті, – дейді Тамара Калеева.

«Әділ сөз» баспасөз ұйымының басшысы Тамара Калеева.

Бірақ ол сайтты болмашы себеппен бұғаттаймыз деп бопсалаған деп санайды.

Rikatv.kz – Ақтөбе облысындағы «Рика-Тв» телеарнасы сюжеттері мен «Эврика» газеті мақалаларын (телеарна мен газет РИКА медиа тобына кіреді) жариялайтын ақпараттық сайт. Бірақ Қазақстанның өлшемімен алғанның өзінде сайтқа оқырмандар көп кіреді деуге болмайды.

«Яндекс.Метрика» ресурсы дерегінше, rikatv.kz сайтына жыл басынан бері 60 мыңға жетер-жетпес адам (оның 50 мыңға жуығы - Қазақстаннан, ал 6 мыңнан сәл көбірегі - Ресейден) кірген. Бірақ Ресей – сайтқа кіру жағынан Қазақстаннан кейінгі орындағы екінші ел.

Ал РИКА медиатобының бас редакторы Марина Васильеваның айтуынша, ресурстың аз болса да оқырмандарынан бас тарту ниеті жоқ.

– Олар [сайтқа кіруші ресейліктер] негізгі аудитория емес. Бірақ бұл мәселеге қатысты соттасқымыз келмегендіктен жанжалдан құтылудың оңай жолы – әлгі ақпаратты алып тастау деп ұйғардық, – дейді Васильева.

ЗАҢҒА СӘЙКЕС БҰҒАТТАУ

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Роскомнадзордың баспасөз қызметінің жетекшісі Вадим Ампелонскийдің айтуынша, Ресей территориясында сайттар «балаларды жағымсыз ақпараттан қорғау туралы ресейлік заңға сәйкес» бұғатталады. Оның ішінде өзін өзі өлтіру әдістері сипатталған және Ресей территориясында таратуға тыйым салынады деп танылған ақпарат та бар.

Орыстілді сегментте жарияланған ақпараттың бәрін жедел түрде анықтап, өз мақалаларын дереу түзетуі үшін сайт әкімшілігіне хабарласамыз.

– Сондықтан орыстілді сегментте жарияланған ақпараттың бәрін жедел түрде анықтап, өз мақалаларын дереу түзетуі үшін сайт әкімшілігіне хабарласамыз, – дейді Вадим Ампелонский.

Роскомнадзордың баспасөз қызметі жетекшісінің сөзінше, Ресей территориясында таратуға тыйым салынған ақпаратты жариялаған сайттарды анықтау үшін қоғамдық ұйымдар және жеке азаматтармен арнайы мониторинг жүргізіліп, оның нәтижелері жедел желі арқылы хабарланады, ал кейін оларды тиісті шешім қабылдайтын құзырлы органдарға жолдайды.

– Мұндай [суицид сипатындағы] ақпаратқа қатысты шешімді қабылдайтын құзырлы орган – Роскомнадзор шешім шығарып, бізге жібереді, ал біз сайттардың редакцияларына хабарласып, ондай ақпаратты алып тастауын сұраймыз, – дейді Ампелонский.

Баспасөз қызмет жетекшісінің сөзінше, сайттың реакциясы әр түрлі болып шығуы мүмкін, олардың Ресей заңдары талаптарын орындауына да, орындамауына да болады.

– Бұл жағдайда біз әлгі сайттың тиісті ақпарат бар жеке парағын тиісті реестрге енгізіп, байланыс операторларына нұсқау береміз де, ол Ресей Федерациясы территориясында бұғатталып тұрады, – дейді Вадим Ампелонский.

Бірақ ресейлік шенеунік тұтас сайт емес, тыйым салынған контенті бар парақ қана бұғатталады деп нақтылады.

Бірақ РИКА медиатобы редакторы Марина Васильева Роскомнадзордың бүкіл сайтты бұғаттау ниеті болған деп топшылайды. Ол мұның дәлелі ретінде Роскомнадзордан келген ескертуден «Сайт иесі бас тартқан жағдайда немесе интернет желісінде әрекет етпеген жағдайда хостинг провайдері интернет желісінде мұндай сайтқа кіруге бір тәулік ішінде шектеу қоюға міндетті» деген тікелей үзінді келтіреді. Сондықтан Васильева бұл халықаралық деңгейде талқылауға лайық мәселе деп санайды.

Адам өз-өзін атып өлтірсе немесе асылып өлсе, ол туралы қандай сөздермен жазуға болатынын тіпті білмей отырмын.

– Яғни олар бүгін әлгі ақпаратты, ал ертең тағы бірдеңені бұғаттайды. Мұның шегі бола ма? Енді әлгі мәселе [суицидтер] туралы қалай жазатынымызды ойлау керек, бірақ егер адам өз-өзін атып өлтірсе немесе асылып өлсе, ол туралы қандай сөздермен жазуға болатынын тіпті білмей отырмын, – дейді ол.

Оның сөзінше, өзге елдің ақпарат құралына қатысты мұндай нұсқаулар беруге қаншалықты заңды екені жайлы қазақстандық және ресейлік БАҚ құқығын қорғау және заң талаптарын орындау ұйымдарымен кеңесу керек.

Қазақстанда ресейлік кей сайттарға кіру оқтын-оқтын қиындап кетеді. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Meduza.io ақпараттық сайтын ресми түрде бұғаттап тастаған, әр жылдары Echo.msk.ru, Kashin.guru, Maximonline.ru ресурстарына кіруде проблемалар туған.