Планшетпен басқарылатын көлік сынақтан өтті

Көрнекі сурет

Оксфорд университетінің мамандары көлікті планшет арқылы басқаруға мүмкіндік беретін құрылғыны сынақтан өткізді.
Көлігіңіздің өзі жүргенін қалайсыз ба? Оксфорд университетінің ғалымдары бұған мүмкіндік беретін арзан құрылғының пайда болуы мүмкін екенін айтады.

НАВИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ

Оксфорд университетінің ресми сайтында жаңа құрылғы - навигациялық жүйенің көлік корпусына орнатылғаны жазылған.

«Арзан навигациялық жүйе электр көлігінің корпусына мұқият бекітілген кішігірім камералар мен лазерлерді пайдалана отырып, айналаны бағдарлай алады».

Көліктің өздігінен жүру механизмі мақалада былай сипатталған: «Жүргізуші планшеттегі «автобасқару» түймесін басады. iPad арқылы басқарылатын жүйеден өзіне керек маршрутты таңдайды. Кез-келген уақытта жүргізуші тежегішті басса, көлікті басқару ісі бірден жүргізушіге өтеді».

http://www.youtube.com/embed/R93WsQEjiSs

«Біз GPS-тен тәуелсіз, арзан «автобасқару» навигациялық жүйесімен жұмыс істеп жатырмыз. Ол арзандап келе жатқан сезгіш құрылғылардан жасалған. Ол технологияның кез-келген көлікте пайда болуын елестету өте оңай» дейді Оксфорд университетінің инженерия ғылымы бөлімінің профессоры Пол Ньюман.

Ғалым технологияның күнделікті қолданыстағы көліктерде пайда болу мүмкіндігін арттыруға күш салып отырғанын айтады.

GPS ПЕН 3D

Мақалада көлік тұрағындағы орынға өзі баратын немесе жол жағдайына қарай бейімделетін көлік технологиясы өндірісте қолданылып жатқаны айтылады. Оксфорд университетінде дамытылған автономды навигациялық жүйе көлік технологиясы саласында ірі жетістік болуы мүмкін екені де мақалада жазылған.
Көліктің айналасын «көруі» мәселесіне келгенде GPS жүйесі дәрменсіз.

Ондағы мәлімет бойынша, GPS (Global Positioning System) карта арқылы жолды көрсетіп отырғанмен, көлік айналасындағы кеңістікті бағдарлауға шамасы жетпейді. Мақалада «Көліктің айналасын «көруі» мәселесіне келгенде GPS жүйесі дәрменсіз» деп жазылған.

«Көлікке робот жүйесі арқылы айналадағы детальдарды шапшаң көруге мүмкіндік беретін 3D лазерді пайдаланып отырмыз. Мәселен, қалалар өте тез өзгеріп жатқан жоқ. Роботталған қозғалыс құралдары өздері бұрын жүріп өткен жолды «танып», жүргізушіден: «Маған бұл жол таныс. Көлікті мен жүргізейін бе?» деп сұрауы мүмкін. Жүргізуші көлік тізгінін технология басқаруына бере алады» дейді Пол Ньюман.

Google компаниясы шығарған өзі жүретін көлік. (Көрнекі сурет)

Қазіргі кезде ғалымдар ойлап тапқан навигациялық жүйе 5 мың фунт стерлингке бағаланады. Мақалада уақыт өте келе оның құны 100 фунт стерлингке дейін арзандауы мүмкін екені айтылған.

Бұл технология Оксфорд жанындағы ғылыми паркте сынақтан өткен.

Ғалымдар зерттеудің келесі кезеңінде көлікті жол кептелістеріне ұрындырмай алып жүретін жаңа робот жүйесін жасауды мақсат етіп отыр.

Әлемде өздігінен басқарылатын көліктердің тәжірибелік нұсқасын шығарумен айналысатын компаниялар (Google, Volvo, MadeInGermany жобалары) бұрыннан бар.