Қазақстанның бас прокуратурасының мәлімдеуінше, ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда жасалмақ болған терактілердің алдын алған. Әшкере етілді деп хабарланған терактілерді оппозицияшыл саясаткер, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтың серіктері жасамақ болды деген айыптау айтылды.
Наурыздың 28-і бас прокуратура таратқан мәлімдемеде «Бұл террористік актілердің негізгі мақсаты - тұрғындарды қорқыту, бейберекеттік пен дүрбелең туғызу, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру» деп жазылған.
Бас прокуратураның хабарлауынша, терактілердің ұйымдастырмақ болған адам - "БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтың жеке күзетін басқаратын және оның құпия тапсырмаларын орындайтын" Александр Павлов есімді Қазақстан азаматы.
Ресми мәлімдеме бойынша, терроризм мен экстремизм актілерін ұйымдастыру жоспарын Павлов 2011 жылғы қыркүйектен бастап оппозициялық "Алға" партиясы жетекшілерінің бірі және "Мұхтар Әблязовтың сенімді адамы" Мұратбек Кетебаевпен бірлесе дайындаған.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша Павлов пен Кетебаев "Қазақстанда терактілер ұйымдастырып, дінаралық және ұлтаралық жанжал туғызу мақсатымен радикалдық діни ұйым өкілдерімен (олардың ішінде шетелдік ұйымдармен де) байланыс орнатпақ болған".
Ресми мәлімдеме бойынша терроризм мен экстремизм актілерін ұйымдастыру жоспарын Павлов 2011 жылғы қыркүйектен бастап оппозициялық "Алға" партиясы жетекшілерінің бірі және "Мұхтар Әблязовтың сенімді адамы" Мұратбек Кетебаевпен бірлесе дайындаған.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша, Александр Павлов 2009 жылдан бері шетелде жасырынып жүр, оған іздеу жарияланған. 2009 жылы БТА банкі Қазақстан үкіметінің қарамағына өткесін Мұхтар Әблязов Лондонға кетіп қалған еді. Оның дәл қазір қайда екені белгісіз.
Лондонда Әблязовтың адвокаттары оны Ұлыбританиядағы активтері туралы ақпаратты жасырып келгені үшін 22 айға соттаған сот шешіміне қарсы арыз түсіріп жатыр. Бұл сот шешімі Әблязовқа қатысты БТА банк төңірегінде туған алаяқтық жасау әрекетін тексеру аясында шыққан болатын. Банктің қазіргі басшылығы Әблязов бес миллиард АҚШ долларын жымқырды деп айыптайды. Әблязов бұл айыптауды жоққа шығарып, оның саяси астары бар деп санайды.
Бас прокуратура таратқан, "Мұхтар Әблязовтың серіктері теракт жасамақ болды" деген мәлімдемеге қатысты туған сауалдар Азаттық радиосында өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
Дөңгелек үстелге арнайы қызмет орындары бойынша сарапшы, КГБ-ҰҚК отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетов, "Журналистер қауіп-қатерде" баспасөзді қорғау ұйымының атқарушы директоры Розлана Таукина, саясаттанушы Расул Жұмалы және "Руханият" партиясының бұрынғы төрағасы, қазір Лондонда тұрып жатқан Серікжан Мәмбеталин қатысты.
Бас прокуратураның өкілі дөңгелек үстелге шақырылды, бірақ ұйымның баспасөз қызметі жазбаша шақыру талап етті. ҰҚК отставкадағы полковнигі Уәлитхан Қабышев те талқылауға қатысудан бас тартты.
Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің журналисі Сұлтан Хан Аққұлы жүргізді.
Дөңгелек үстелдің толық аудионұсқасын төмендегі сілтеме арқылы тыңдаңыздар.
Your browser doesn’t support HTML5