Ресей мен Қазақстан ортақ әуе қорғанысын құрмақ

Ресей әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі. Тула, 18 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Jamestown («Джеймстаун») қоры Ресей мен Қазақстанның бірлескен аймақтық әуе қорғанысы желісін құруға келіскенін хабарлады. Ол келісім бойынша, Мәскеу Астанаға бірнеше С-300 әуе қорғанысы жүйесін береді.

Бірқатар сарапшылар Астана мен Мәскеудің әскери саладағы қатынастары Батыстың Орталық Азиядағы мүдделеріне нұқсан келтіре алмайды деп санайды.

ҚАУІПСІЗДІК ПЕН КОММЕРЦИЯ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

«Біз Беларусь пен Ресей арасындағы келісім сияқты, Ресеймен бірлескен аймақтық әуе қорғанысы желісін құруға қол жеткіздік. Енді Қазақстанның әуе қорғанысы күштері Ресеймен шекаралас аймақтардағы әуе кеңістігін де қорғайды. Бұған қоса, Астана Мәскеуден заманауи С-400 әуе қорғанысы жүйесін алуға да ынталы» дейді Қазақстан Әуе қорғанысының басшысы, генерал-лейтенант Александр Сорокин. Келісімдегі С-300 әуе
Енді Қазақстанның әуе қорғанысы күштері Ресеймен шекаралас аймақтардағы әуе кеңістігін де қорғайды
қорғанысы жүйесі әкімшілік, индустриалдық және әскери орталықтарды тактикалық және стратегиялық әуе шабуылынан қорғауға арналған. «Ресей сондай-ақ Қазақстанды өзінің зымыранға қарсы қорғаныс пен ғарыш кеңістігін бақылау желісіне қосылуға, ресейлік GLONASS ғаламдық бақылау жүйесін пайдалануға шақырып отыр» дейді Jamestown қоры қаңтардың 10-ы күні жарияланған мақаласында.

Бұл келісім – Ресей мен Қазақстанның біраз уақыттан бері Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім-шарт Ұйымы (ҰҚКҰ) мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) әуе қорғанысы күштерінің мүмкіндіктерін нығайтуға жұмсаған істерінің нәтижесі. Иранның Ресейден құны 800 млн. долларға пара-пар С-300 әуе қорғанысы жүйесін сатып алу әрекетіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкция енгізуі де осындай келісім жасауға себеп болды. «НАТО-ның ҰҚКҰ және ТМД-ға мүше мемлекеттермен дербес ынтымақтастық, әскери байланыс орнату бастамасы көбінесе Ресейге қозғау салады. Мәскеуді ТМД-ның бірлескен әлсіз әуе қорғанысы желісін нығайтуға итермелейді» дейді Jamestown.

Астана біраздан бері Мәскеуден жеңілдетілген бағамен қару-жарақ алып келеді. Ал Ресей коммерциялық мақсат пен аймақтық қауіпсіздік мүдделерін көздеген қару-жарақ экспортын ары қарай арттыра түсуге мүдделі. Ресей Вашингтонның бұл аймақпен әскери байланыс орнатпақ болған жоспарына да алаңдайды. Ондай оқиғалардың бірі – АҚШ пен Қазақстанның Каспий бағдарламасы шеңберінде бірлескен әуе кеңістігін құру, теңіздік шекара аймағында бақылау орнату, Иранмен шекарада қауіпсіздікті күшейту турасындағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқылау жөніндегі 2008 жылғы келісімі. «Мәскеу мен Астана Қазақстан әуе күштерін модернизациялауды сөз етті. Каспий теңізіндегі құқықтық мәртебесі анықталмаған Қазақстан бассейнінде Еуропадағы ракетаға қарсы қорғаныс жоспарының төртінші элементін орналастыру жайын да талқылады» деп жазады Jamestown.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЫ

Соңғы кездері ТМД-ның әуе қорғаныс күштері күшейе бастағанымен, әскери операцияларды жүргізуге дайындығы әлі жете қоймайды. Ресей Қазақстанмен келісім жасасу арқылы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. 2007 жылы ҰҚКҰ мүмкіндіктерімен толығатын Шығыс Еуропа, Солтүстік Кавказ және Орталық Азия әуе қорғанысы аймақтарын құру туралы шешім қабылданды. Ресей Әуе күштерінің басшысы, генерал-полковник Александр Зелин: «Қазақстанның өз әуе қорғанысы жүйесін модернизациялау жоспарлары – Орталық Азиядағы стратегиялық тұрақтылықтың ең маңызды факторларының бірі» дейді. «Осыған орай 2011 жылдың жазында Ресейдегі Ашулук әскери полигонында ҰҚКҰ мен ТМД шеңберінде көпжақты әскери жаттығулар өтеді деп жоспарланып отыр» деген деректі келтіреді Jamestown.

Ал батыстық кейбір сарапшылар «Астана мен Мәскеу қатынастары статус-квоны өзгертпейді, Батыстың Орталық Азиядағы мүдделеріне нұқсан келтіре алмайды» дейді. «АҚШ саясаткерлері мен басқаларға айқын бір нәрсе бар: Қазақстан Ресеймен қаншалықты тығыз әскери байланыс орнатса да, бұл Астананың НАТО-мен ат құйрығын кесісуіне себеп болмайды» деген ой айтады Барселонадағы Халықаралық істер жөніндегі орталықтың сарапшысы Николас де Педро.

Финляндиядағы Халықаралық қатынастар жөніндегі институттың аға ғылыми қызметкері
Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы энергетикалық ресурстарға бай мемлекеттер өз армияларын бір-бірімен жауласпай, табысты түрде модернизациялай ала ма?
Игорь Торбаков: «Мәскеу Астананы әуе қорғанысы мәселесінде келісімге келуге ақыры бір көндіретін еді. Ресей енді ТМД-ның басқа мемлекеттерімен де осындай келісім жасасуға күш салады» деген ой айтады.

Алайда, Николас де Педро «Ресей мен Қазақстанның біріккен әуе қорғанысы ортақ қауіпке қарсы тұра алады» дегенге күмәнмен қарайды. «Бұл келісім Қазақстанның төңірегіндегі қауіп-қатерге қарсы тұруына сеп болады дегенге сенбеймін. Өйткені көршілес мемлекеттердің көбінің әскери саладағы ұстанымы бөлектеу» дейді Николас де Педро.

Енді «Қазақстан-Ресей бірлескен келісімі пост-советтік кеңістіктегі біржақты және көпжақты әуе қорғанысы жүйесін құру жайлы бастамаларға қаншалықты әсер ете алады? Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы энергетикалық ресурстарға бай мемлекеттер өз армияларын бір-бірімен жауласпай, табысты түрде модернизациялай ала ма?» деген сауалдар әлдеқайда маңызды екенін еске салады Jamestown қоры.