EV: Орталық Азиядағы Ресей ықпалын Қытай ығыстырады

Қытайдың бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтаоның Ресей президенті Владимир Путинді қабылдауы. Пекин, 6 маусым 2012 жыл

Қытай ықпалы басым Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ресей жетегіндегі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арасында бәсеке байқалады. Eurasia View осыны жазған.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдері кіреді. Eurasia View (EV) тілшісі Джошуа Кучера бұл мақаласын наурыздың 5-сі күні жазған.

РЕСЕЙ ҚЫТАЙҒА СЕНБЕЙДІ

Автор «ШЫҰ мен ҰҚШҰ арасында байқалмайтын бәсекелестік бар» дейді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тәжікстанда өткен терроризмге қарсы біріккен жаттығуына қатысқан Ресей солдаттары. Ходжент, 9 маусым 2012 жыл

Автор «Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымының (ХДТ) жаңа есебінде Қытайдың Орталық Азияны экономикалық тұрғыда жаулауды көздейтіні жазылғанын айта келіп, «Ресейдің бұл аймақтағы саяси және әскери құрылымы өте күшті, сондықтан Қытай бұл тұрғыда бәсекелес болғысы келмейді» дейді.

EV тілшісі «Орталық Азия қауіпсіздігі мәселесіндегі Қытайдың қолындағы негізгі құрал - ШЫҰ осы аймақта 2012 жылы өткен бірлескен әскери оқу-жаттығуларына дұрыс қатыспады. 2003 жылдан бері айрықша көзге түспеген ұйым есесіне қуғындалған ұйғырлар тобын жазалау арқылы Орталық Азияның назарын өзіне аударды» деп жазады.

ХДТ есебі бойынша, «Орталық Азиядағы әскери ықпалын күшейте түскісі келетін Ресей ШЫҰ-ны қырын қарай бастаған». Автордың пайымдауынша, «Қытай бұны сезеді». Мысалы бір қытай сарапшысы былай жазады: «Ресей бәсекелес ұйымдардың қолдауымен ШЫҰ-ны қыспаққа алғысы келеді».

ҰҚШҰ елдеріне Кремльдің жеңілдетілген тарифпен қару-жарақ сататынын айтқан автор, «Совет Одағы ыдырағалы бұл аймаққа қару сату ісінде монополист болып отырған Ресей жақын арада бұл билігін ешкімге бере қоймас» деп болжайды. Оның пікірінше, «Ресей ШЫҰ-ны Қытайдың көмегі керек болғанда, ал басқа жағдайда Қытайға бөгет жасау үшін пайдаланады».

«ҚЫТАЙ РЕСЕЙДІҢ ОРНЫН БАСАДЫ»

«Алыптардың ойыны: жергілікті қағида» деп аталатын соңғы кітабында Александр Кули ШЫҰ мен ҰҚШҰ бәсекесі туралы «ШЫҰ мен ҰҚШҰ қарым-қатынасы түсініксіз. Ұйымдар секретариат деңгейінде байланыс жасаймыз дегенімен, нақты еңбек бөлінісі жоқ. ШЫҰ-ның ғаламдық беделі артқан сайын орыс саясаткерлері ҰҚШҰ-ның артықшылығын дәлелдеуге ұмтылады. Осылай жалғаса берсе, екі ұйым бір-бірімен іштей аңдысқан қауіпті бәсекелеске айналуы мүмкін» деп жазған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қытай төрағасы Ху Цзиньтао және Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейінгі баспасөз конференциясы, Астана, 15 маусым 2011 жыл

Ал Принстон университетінің профессоры Стивен Коткин «Орталық Азиядағы Батыстың ықпалын кеміту үшін Ресей Қытайды көтермелейді, тіпті Қытайдың «кіші серіктесіне» айналуы мүмкін» деп жазады. Автор Коткиннің бұл пікірін қостап, «Іс жүзінде Қытайдың Мәскеуге қызмет көрсету үшін мәмілеге барған жері болған емес» дейді.

ХДТ есебіне сәйкес, екі ұйымның тіл табысатын тұстары да бар. Автор дәлел ретінде «2010 жылы Қырғызстандағы бүлік кезінде де, өткен жылғы Тәжікстандағы қақтығыста да ШЫҰ мен ҰҚШҰ үнсіз қалды» дейді.

«Енді Қытай мен Ресей үшін Орталық Азияға әскер кіргізбей, сабыр сақтау нағыз сынақ болмақ. Ресейдің билігі әлсіреген сайын Қытай оның орнын басады» дейді EV.

Автор мақаласын ХДТ есебіндегі «Қытай Орталық Азияға әскери басқыншылық жасау туралы ойламайды. Алайда алдағы уақытта Қытай күрделі шешімдер қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін. Аймақтық қауіпсіздік пен өзінің экономикалық мүддесі үшін бұл ел барынша дипломатиялық әрекет жасауы керек» деген жолдарды мысалға келтіре отырып аяқтаған.