Орыс портретшісі қазақ элитасына көз тігеді

Ресейлік суретші Никас Сафронов Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында. Алматы, 16 қыркүйек 2014 жыл

Сурет өнері жұлдыздары Қазақстанға сирек келеді. Постсоветтік кеңістікте көп дау туғызғанымен, Батыста туындылары қымбатқа сатылатын танымал ресейлік суретшінің Алматыда көрмесі ашылды.

Танымал суретші Никас Сафроновтың көрмесі Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында қыркүйектің 17-сі күні ашылды. Қазіргі заман кескіндемесі әуесқойларына Сафроновтың есімі жақсы таныс. Ал бейнелеу өнерінен алыс жандарға оның Ресей ғана емес, одан тыс жерлерде де белгілі суретші екенін ескертеміз. Ол - икона жазу, кубизм, символизм, психологиялық портрет салу сияқты жан-жақты шығармашылықпен айналысатын суретші. Оның туындыларының көбі атақты ресейліктер мен шетелдіктердің жеке коллекциясында сақтаулы. Олардың арасында Софи Лорен, Пьер Карден, Жерар Депардье, Дайана Росс, Монсеррат Кабалье, Михаил Горбачев, Никита Михалков сияқты атақты тұлғалар бар.

Жұрт оның шығармашылығын әр қилы бағалайды. Біреулер тәнті болып табынып жатса, енді біреулер оны сурет өнерін «попсаға» айналдырып жіберді деп айыптайды. Оның табыс құпиясын ашқысы келетіндер де көп. Оның жетістігін «масондық ұйымға кіруінің арқасы» деп болжағандар да болған. Қысқасы, Алматыдағы жеке көрменің кураторы Мария Капелиович айтқандай, Никас Сафроновтың есімі аңыз-мифтерге толы. Оның атақ-даңққа бөленуінің бір сыры да осы құпиялылығында болуы мүмкін

ТАБЫНУШЫЛАРЫ ТЫМАҚ ТАРТУ ЕТТІ

Алматыда Никас Сафроновтың жеке көрмесі тура екі айға созылады. Суретшінің өзінің айтуынша, бұл оның ең үлкен көрмесі сияқты. Көрмеге 140 картина қойылған. Бұл қазіргі кезде Санкт-Петербургтегі көркем өнер академиясында өтіп жатқан көрмесіндегіден де көп. Олардың бір бөлігі - жеке қорындағы картиналар, ал бір бөлігі жеке меншік коллекциялардан уақытша сұрап алынған. Картиналар секцияларға бөлінген екі залға қойылған.

Ресейлік суретші Никас Сафронов көрмеге келушілермен. Алматы, 16 қыркүйек 2014 жыл

Көрме басталар күннің қарсаңындағы кеште VIP-тұлғаларға арнайы ұйымдастырылған вернисажға көп адам келді. Оларды мұражай ауласында суретші картиналарынан жасалған цифрлы билборд пен музыка қарсы алды. Роберт Шуманның «Қиял-мұң» шығармасы ойнап тұрды. Фойеде отырған ішекті аспаптар квартеті жиналған жұрттың (200-дей адам) көңілін көтерді. Ресей сурет өнері жұлдызын күткен жұрт кез келген сурет көрмесінің ашылу салтанатына жайылатын фуршет-дастархандағы шампан мен шараптан дәм татып жатты.

Бір кезде суретшінің өзі де көрініп, баспалдақпен көтерілді. Оны бүкіл атақ-дәрежелерін атап, таныстырды. Сөз алған Никас Сафронов «Ең қонақжай алмалы қала» деп Алматыны мақтауды да ұмытпады.

Никас Сафроновтың Алматыда да табынушылары бар болып шықты. Ерлі-зайыпты жұп оған раушан гүлдері салынған үлкен себет пен тымақ тарту етті.

Ресейлік суретші Никас Сафроновтың Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайындағы көрмесіне келгендер. 16 қыркүйек 2014 жыл

Символдық қызыл лента қиылғаннан кейін Никас Сафронов сұрақтарға жауап қайтарып, адамдардың меселін қайтармай қолтаңба беріп, көп адаммен бірге фотоға түсті. Бір келіншек тіпті Азаттық тілшісіне «понты жоқ жан екен» деген пікірін де айтты. Сөйлеу мәнерінен, қимыл-қозғалысынан, жалпы жүріс-тұрысынан оның талғампаз адам екені, әсіресе әйел затына қошемет айтудың шебері екені байқалады. Әзіл-қалжыңға да бейім жан көрінді. Оның сөз басында айтқан «шақыру билеті 100-200 доллардан сатылды» дегені әзіл болып шықты.

Оның князь титулын оған дворяндар жиыны берген көрінеді.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ ПОРТРЕТІН ТАҒЫ САЛУҒА ӘЗІРМІН»

Жан-жағынан жұрт қаумалаған суретшіден жайланып отырып сұхбат алудың мүмкіндігі болмады. Бірақ бірнеше блиц-сұраққа қысқаша жауап алудың сәті түсті.

Никас Сафроновтың табыс сыры көбінесе белгілі тұлғалардың портретін салуға байланысты екенінен хабардар Азаттық тілшісі оған портретке қатысты бірнеше сұрақ қойды.

Азаттық: - 2011 жылы Бішкекте жеке көрмеңіз өтті. Содан бері жергілікті элитадан тапсырыс түсті ме?

Никас Сафронов: - Әрине, әрине, екі үлкен тапсырыс алдым.

Ал Қазақстан элитасына жататын жандардың портреттерін салу жоспары жайлы сұраққа Никас Сафронов «Мұнда жеке портретін салдыру мен картиналар сатып алуға әзір бай адамдар бар» деп жауап берді.

Cуретші Никас Сафроновтың көрмесіне келуші. Алматы, 16 қыркүйек 2014 жыл

​Азаттық: - Ал Қазақстан президентінің портетін салғыңыз келе ме?

Никас Сафронов: - Оның портетін бұрын салғанмын, тағы да саламын. Ол бірте-бірте өзгергенімен, парасаттылығы барған сайын арта түскені келбетінен көрініп тұрады.

Қазір Алматыда өтіп жатқан көрмеде портреттер галереясы да бар. Онда қазақтардың бейнесі жоқ болғанымен, Вуди Ален, Николь Кидман, Роберт де Ниро, Михаил Казаков, Юрий Стоянов, Роман Абрамович, Ален Делон, Мадонна сияқты өзге ұлттардың танымал өкілдері бар.

Никас Сафроновтың шығармашылығында символизм көп орын алады. Алматы көрмесіне қойылған туындыларының көбі осы бағытта салынған. Автордың әлдебір ойлары жасырынған картиналарда ұлы суретшілердің еңбектерінен үзінділер жиі кездеседі.