«Ресейшіл Қазақстанда» Мәскеудің ықпалы кеміп барады

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев (сол жақта) пен Қазақстан премьері Кәрім Мәсімов. Астана, 29 мамыр 2012 жыл.

Chatham House ұйымы маусымның 20-сы күні Ресейдің ТМД елдеріндегі ықпалы жайлы мақала басты. Ұйым мамандарының зерттеуінше, бұл аймақта Ресейдің ықпалы жыл сайын әлсіреп барады.
Ұлыбританиялық Chatham House ұйымының жазуынша, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия аймақтарында Ресей ықпалы әлсіреген. Империялық пиғылынан әлі де айырылмаған Кремль аталмыш аймақтарда әлі де маңызды рөл ойнағысы келеді. Ресей бұл елдерге заңды түрде мол инвестиция салғанымен, негізінен экономикалық емес саяси мүддесін көбірек көздейді.

Chatham House зерттеушілері Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанға да арнайы тоқталады. Ұйымның сипаттауынша, Оңтүстік Кавказбен салыстырғанда Орталық Азия елдерінің бір-бірімен ұқсас жағы көп. Бұл елдер арасында жер дауы жоқ. Ешқайсысы да Еуропаға біржола бет бұрмаған. Олардың проблемалары да ұқсас. Қоғамды жемқорлық жайлаған, есірткі саудасы күшейген, билік - автократ басшылардың қолында.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің соңынан келе жатқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 29 мамыр 2012 жыл


Қазір Ресейге Орталық Азиядағы ықпалын арттыру үшін Батыспен ғана емес, қуаты артып келе жатқан Қытаймен де бәсекелесуге тура келеді.

Сарапшылар Ресей Орталық Азия елдеріне 2001 жылдан бастап барынша зор ықпал етуге кіріскен деп есептейді. Мәскеу содан бері Орталық Азия елдері басшыларымен тығыз байланыс орнатып, олардың әділетсіз сайлауларына көз жұмып, орыс тілі мен орыс мәдениетінің қанат жаюына жағдай жасап отыр. Бұл аймаққа дәл қазір қауіп төніп тұрмаса да, Ресей қауіпсіздік сақтау бойынша жәрдем ұсынғанды жақсы көреді.

Зерттеуде "Орталық Азиядағы бес елдің ішінде ең маңыздысы, әрі ең ресейшілі – Қазақстан" деп жазылған. Бұл елдің экономикалық қуаты жоғары, әрі саяси жағынан Ресейге біржола тәуелді емес. Оның үстіне бұл елдердің барлығы да сыртқы саясатта Батыспен де, Қытаймен де тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Аймақтағы әсерінің шектелгенін көрген Ресей енді оларға барынша әскери жағынан ықпал еткісі келеді.

Chatham House-тың пайымдауынша, бір қарағанда Қазақстанның күшеюін Ресей қолдайтындай көрінгенмен, іштей аңдыс екі жақта да бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте қала бергені - Ресейге тиімді. Қазақстанмен қатынасын жақсарту үшін Кремль наразы орыс диаспорасына қолдау көрсеткен жоқ. Ал Қазақстан президенті көп векторлы саясатты жақсы меңгерген. Бұл жағынан алғанда Қазақстан Ресейдің құшағына біржолата құлап кетпей, ара қашықтықты жақсы сақтап отыр. Сондықтан басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан мен Ресей арасында шиленісті жағдай туған жоқ.

Қазақстандағы орыс қауымдастығының басшысы Юрий Бунаков. Алматы, 13 қазан 2011 жыл.


Ұлыбританиялық ұйымның сипаттауынша, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары елдегі этникалық орыс белсенділері партиялар құрып, қоғамдағы демократиялық принциптердің нығаюына әсер еткен. Уақыт өте келе Назарбаев режимі күшейген соң олардың жетекшілері Ресейге көшіп кетуге мәжбүр болған. Тәуелсіздік алған соң бұл аймақтағы орыс азшылығының жағдайы нашарлады. Бірақ қарым-қатынасқа көлеңке түсірмес үшін Ресей олардың сойылын соғып, құқықтарын қорғауға мүдделі емес. Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең төзімді, көп этникалық елдің президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев реті келген жерде егемендікті бірінші айтады, бірақ сөйте тұра Ресей ықпалының күшейгеніне қарсылық танытпайды.

Құжатта "Қазақстандағы орыс ұлтшылдығы шектен шығып бара жатса, Астананың оларды сабасына түсіріп отыратыны" жазылады. Бұл диаспораларды Ресей үкіметі Қазақстан үкіметіне ықпал ететін тетік ретінде де пайдаланып келді. Бірақ оның өзі кең көлемде саяси, не болмаса әлеуметтік мақсат үшін қолданылған емес.

Ұйымның жазуынша, дәл қазір Астана "Қазақстанда Ресейдің ықпалы өте күшті" деп танымайды. Олар Мәскеудің қазіргі ықпалын бұрынғы Ресей империясының оңып бара жатқан әсері ретінде ғана қабылдайды.