«САУСАҚ ТАҢБАСЫН АЛЫП, ЕСЕПКЕ ҚОЙДЫ»
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан Азаттыққа хабарласқан бір топ тұрғын «салафи ағымын ұстанатын» өздерін «деструктивті діни топ өкілдері» ретінде полицияға шақыртып, суретке түсіріп, тіркеуге қойғанын айтып шағымданды. Олар «сақал өсіріп, намаз оқығанымыз үшін билік азаматтық құқықтарымызды бұзды» деп санайды.
Шымкенттен 182 шақырым қашықта орналасқан Созақ ауданы Шолаққорған ауылына арнайы барған Азаттық тілшісі сақал қойып, балағы шолақ шалбар киген 20-55 жас шамасындағы 15 азаматқа жолығып, арыз-шағымдарымен танысты. Ауыл тұрғыны Бауыржан Абдуллаевтың үйінде журналист арыз иелерімен бірге олардың кейбірінің әйелдерімен де сөйлесті.
Ер адамдар Азаттық тілшісімен үй ауласында, етегі ұзын қара көйлек киіп, басына хиджаб таққан әйелдер – үйдің ішінде әңгімелесті. «Салафи өкілдерінің» сөзінше, олардың отбасында әйелге бөтен ер азаматтың көзіне көрінуге тыйым салынады.
БӨТЕН ЕРКЕКПЕН СӨЙЛЕСУГЕ КІМДЕР ТЫЙЫМ САЛАДЫ?
Арыздарын айтуға жиналғандар әуелі бейнекамера алдында сөйлеу жайын өзара ақылдасып алды. Олардың кейбірі видеоға түсуге қарсы болып, тек бірнешеуі камераға пікір білдіруге келісті. «Салафи ағымы өкілдерінің» отбасындағы кей әйелдер де Азаттық тілшісімен сөйлесіп, суретке түсуге күйеулерінің рұқсатын алды. Журналист келген кезде үй ауласында ойнап жүрген оқушы қыз балалар біраздан соң хиджаб киіп, мектепке кетті.
50 жастағы Бауыржан Абдуллаевтың отбасында екі қыз, екі ұл және төрт немересі бар. Отағасы намазға жығылғанына ширек ғасыр болғанын, қазір отбасында өзімен бірге әйелі, ұл-қыздары мен келіні де намаз оқитынын айтады. Бұл шаңырақта ерлер жұмыс істеп, ұзын көйлек киіп, басына орамал таққан әйелдер үй шаруасымен айналысады.
Бауыржан Абдуллаевтың сөзінше, қыркүйектің басында оған билік өкілдері әр 10 күн сайын полиция бөлімшесіне қашан қайда барып, не істеп жатқаны жөнінде есеп беріп отыруы керектігін ескерткен.
«Екі баламды ертіп полиция бөліміне баруымды сұрады, бірақ ешқандай шақырту бермеген соң бармадық» дейді ол.
Сақал қойып, балақ кесіп, салафи ағымында екенімізді ашық білдіріп отырмыз. Он күн сайын полиция бөлімшесіне барып, тіркеліп тұруың керек дейді. Бұл қысым емей немене?
- Намаз оқығаным үшін саусақ іздерімді алып, суретке түсіріп, тіркеуге қоймақшы екен. Саусақ таңбасын қылмыс жасаған не құқық бұзған, еш жерде тіркеуде жоқ азаматтан алатын шарт бар. Бірақ ондай адамдар емеспіз. Қазір саусағымның таңбасын түсіріп алса, ертең апарып қамайды. Құқығымызды ашық бұзып жатыр. Сақал қойып, балақ кесіп, салафи ағымында екенімізді ашық білдіріп отырмыз. Он күн сайын полиция бөлімшесіне барып, тіркеліп тұруың керек дейді. Бұл қысым емей немене? - дейді Бауыржан Абдуллаев.
Оқи отырыңыз: Студенттер сақал, хиджаб, шолақ шалбар жайлы неге сұрайды?
Оның келіні, 26 жастағы Әзиза Орынбасарова «хиджаб киіп, намаз оқитынымыз болмаса біз де өзгелердей пендеміз» дейді.
Созақ ауданы Сызған ауылында тұратын Басар Асанов келген полицейлерден ата-анасының қорқып қалғанын, қазір ауыл тұрғындары оған күдіктене қарайтынын айтады. «Заң баршаға бірдей. Саусақ іздерін ала ма, онда жұрттың бәрінен алсын. Халықтан бізді алаламасын» дейді ол.
Шолаққорғандық 34 жастағы Асхат Балқыбаев еш жазығы болмаса да кінәлі адамдай күй кешіп жүруге мәжбүр болғанына назалы.
Полицейлер «сендер қоғамға қауіп төндіретін қауымсыңдар» дейді. Бізде ешқандай артық, бөтен ой жоқ. Елбасымыз жат десе жатамыз, тұр десе тұрамыз.
- Полицейлер «сендер қоғамға қауіп төндіретін қауымсыңдар» дейді. Бізде ешқандай артық, бөтен ой жоқ. Елбасымыз жат десе жатамыз, тұр десе тұрамыз. Заң қалай бұйырады, сол аядан шықпаймыз. Біз жиһадтан аулақпыз, - дейді ол.
Үш баланың анасы Жадыра Збанова полиция күйеуі Асхат Мелдебековпен бірге оның да саусақ таңбасын алмақ болғанын айтты.
- Мен де, күйеуім де намаз оқимыз. Күйеуім полиция шақырған соң барды. Түсініктеме жазып, саусақ таңбасын беріп келді. Бір апта өткен соң менің де саусағымнан таңба алуға үйге келді. Қарсы болдым. Қылмыскер емеспіз, неге саусақ таңбасын беруіміз керек? - дейді әйел.
«ПРОКУРОР АРЫЗЫМЫЗДЫ ПОЛИЦИЯҒА ҚАЙТАРДЫ»
Шолаққорған ауылының 40 жастағы тұрғыны, бес баланың әкесі Ескендір Мырзабеков биліктің дерегінде «деструктивті ағым мүшесі» ретінде тіркеуде тұрғанын жергілікті полицейлерден естігенін айтады. Оның сөзінше, полиция 10 күн сайын, ал басқа жаққа жолға шығатын болса қайда, қанша күнге, не үшін баратыны жөнінде дереу есеп беруді талап еткен. Тұрғын полиция өкілдерінен өзін не үшін шақыртқаны туралы қағазды көрсетуді сұрағанымен, ондай ешбір құжат ала алмаған.
- Бұл – заңсыз іс-әрекет. Конституциялық құқығымды таптау. Ата заңда мемлекетте ең бірінші байлық – адам, оның құқықтары екені, адамның тіліне, дініне, сеніміне қол сұғуға болмайтыны атап жазылған. Полицейлер осы құқықтарымды шектеп отыр, - дейді ол.
Ескендір Мырзабековтың сөзінше, биыл қыркүйектің 19-ы Созақ ауданындағы өздерін «салафи ағымы өкілдері» санайтын 31 тұрғын Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорына «биліктен қысым көріп» жатқаны туралы арызданған. Олар ешқандай құқық бұзушылық не қылмысқа қатысы болмаса да, қыркүйектің басынан бері полиция бөлімшелеріне шақыртып, саусақ таңбаларын түсіріп, арнайы тіркеуге алғандарын айтқан. Облыс прокурорына тұрғындар жазған шағымда есепке алынған адамды 10 күн сайын полицияға белгіленіп, тұрғылықты жерінен өзге жаққа шығатын болса дереу хабарлауға міндеттейтін Қазақстан ішкі істер министрінің №1192 (кей жағдайларда 1092 деп көрсетілген) бұйрығы жайлы айтылған.
Құқығымыз бұзылып отырғанын айтып, араша сұраған хатымызды прокуратура полицейлердің өзіне қайтарды.
«Бізді заңсыз деструктивтік ұйым ретінде тіркеуге алғаны жайлы туған-туыстарымызға, клиенттеріміз және достарымызға, қоғамға таратты» деген шағым иелері билік өкілдерінің ісін «жалау жабу» және «конституциялық құқықтарымызды бұзу» деп бағалаған.
«Біз исламның сүннит ағымын ұстанамыз, Әбу Ханифаны ұстазымыз деп білеміз, билікке бағынамыз» деп жазған тұрғындар «деструктивтік ағымдар мен террорлық ұйымдарды қолдамайтындарын» атап көрсеткен. Хат авторлары облыс прокурорынан жазығы жоқ азаматтарды ешқандай сот-тергеусіз «заңсыз ұстап, конституциялық құқықтарын бұзған» полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды сұраған.
«Құқығымыз бұзылып отырғанын айтып, араша сұраған хатымызды прокуратура полицейлердің өзіне қайтарды» дейді шолаққорғандық Асхат Балқыбаев.
Ескендір Мырзабековтің айтуынша, тұрғындар шағымы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасынан әуелі облыстық ішкі істер департаментіне, одан Созақ аудандық ішкі істер бөліміне түскен. «Қарашадан бастап әрбірімізді ауданда полицияға жеке шақыртып, не себепті шағымданғанымыз туралы түсіндірме жаздыртып ала бастады» дейді ол. Шағымдарының бұлайша қаралуына наразы тұрғындар енді прокуратураға қайта арыз жазбақ ниетте.
- Біз өкіметтен ақша не билік талап етіп отырғанымыз жоқ. Қолымызға плакат ұстап, билікке қарсы шығып жатқанымыз жоқ. Біз тек бостандық талап етіп отырмыз. Полиция өз қызметін асыра пайдаланып отыр. Сол үшін іс қозғалуын талап етеміз, - дейді Бауыржан Абдуллаев.
«ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ»
Созақ ауданында тұратын «салафи өкілдерінің» мәселесіне байланысты Азаттық сауалына Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Бердібеков тұрғындар шағымы облыстық ішкі істер департаментіне (ІІД) жолданғаны туралы жауап берді. Созақ аудандық ішкі істер бөлімінен аталған мәселеге байланысты қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады. Ал Оңтүстік Қазақстан ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы қарашаның 13-і күні Азаттыққа жолдаған жауапта қыркүйектің 10-ы және желтоқсанның 1-і аралығында облыс көлемінде жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы «Учаске» алдын алу іс-шараларын өткізіп жатқаны айтылған.
...әкімшілік аумақта тұратын барлық тұрғындардың арасында бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында сауықтыру және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі...
Ресми жауапта «Оның аясында әкімшілік аумақта тұратын барлық тұрғындардың арасында бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында сауықтыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні туралы хабарлаймыз» деп жазылған. Сонымен бірге, ІІД баспасөз қызметі «деструктивтік діни ағым мүшелерін анықтап, тіркеу - Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құзырында» деп жазған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығы директоры орынбасары Мәди Бесбаев Азаттыққа «деструктивтік діни ағым» мүшелерінің саусақ таңбасын алу, суретке түсіріп, тіркеу өздерінің міндетіне жатпайтынын айтты.
- Біз түсіндіру, оңалту, дәстүрлі діни бағытқа бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз, - дейді ол.
Мәди Бесбаевтың сөзінше, «деструктивтік діни ағым» қатарында барлық әлеуметтік топтар өкілдері кездеседі. Көбісінің тұрақты жұмысы жоқ, 18-45 жас аралығындағы ер адамдар деп сипаттайды ол. Дін мәселелерін зерттеу орталығы директоры орынбасары Бесбаев мырза:
- Олардың бағытын біліп, түсіндіру жұмыстарын ғана жүргіземіз. Сұхбат құрудың ешбір заңсыз тұсы жоқ. Біздің мақсатымыз – сақтандыру, - дейді.
Қазақстанда исламның салафи ағымын ұстанатындардың санына қатысты нақты ақпарат жоқ. Кейбір мамандар салафизмнің төзімді, либералды, қауіпті емес түрімен бірге радикалды бағыттары бар деп ескертеді. Соңғы жылдары елде «салафи бағыттағы радикалды идеологияны ұстанады, қолдады, экстремизм мен терроризмді насихаттады» деген айыппен ондаған адам сотталған.
ВИДЕО: 2016 жылғы қарулы шабуылдар
Your browser doesn’t support HTML5
Салафи ағымын «Қазақстанға жат идеология» санайтын кей билік өкілдері оған заң жүзінде тыйым салу туралы ұсыныстар да айтқан. Мұндай сөздер 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде қарулы топ мүшелері қару-жарақ дүкендерін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасап, жеті адамды мерт еткен оқиғадан соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «бұл – салафилердің шабуылы» деп мәлімдегеннен кейін жиі айтыла бастаған.