Парламент БАҚ туралы даулы заң жобасын қабылдады

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев (сол жақта) парламент отырысында заң жобасын таныстырып отыр. Астана, 27 маусым 2017 жыл.

Қазақстан парламенті бейсенбі күні Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Сенаттағы талқылауға қатысқан Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев заң өзгерістерін "барша БАҚ өкілдері қолдағаны" туралы мәлімдеді. Сөз бостандығын қорғаушы Тамара Калеева министрдің сөзін "салдарын түсінбеушілікке" немесе "қулыққа" балайды.

СЕНАТ ТА МАҚҰЛДАДЫ

Қазақстан парламентінің сенаты желтоқсанның 21-і күні кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екі оқылымда қабылдады. Талқылауға қатысқан Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев сенатта сөйлеген сөзінде ұсынылып отырған құжат "БАҚ-тың дамуы үшін сапалы заң базасын қалыптастыруға" бағытталады деп айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, қолданыстағы заңнамаға 280 өзгерту енгізу ұсынылған және "олардың әрбірі жыл ішінде журналистер мен өзге де БАҚ өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқыланған".

- Біз журналистермен, барлығымен талқыладық. Олар тек жеті-сегіз өзгертуге қатысты мәселе қозғады. Біз оны қарадық және әрқайсысы бойынша жауап беруге дайынбыз. Олар өзгертулермен келісті және қолдау танытты. Жеті-сегіз түзету бар, оларды неліктен енгізіп жатқанымыз туралы әрбіріне қатысты дәйегіміз бар, - деген Абаев.

Министр заң жобасы "азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қорғау механизмін нығайтады, БАҚ қызметінің сапасын өсіреді, олардың ақпарат алу мүмкіндігін ұлғайтады және ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етеді" деп есептейді.

Бірақ министр Абаевтың бұл сөзімен келіспейтіндер де бар.

Қазақстандық баспасөз құқығын қорғаушы ұйымдар мен кейбір журналистер Ақпарат және коммуникация министрлігі әзірлеп ұсынған заң жобасын сынаған.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәжіліс БАҚ туралы даулы заң жобасын мақұлдады

Даулы заң жобасын қарашаның 22-і күні парламент Мәжілісі мақұлдағаннан кейін бірқатар журналистік ұйымдар сенатқа үндеу жолдап, "репрессивті сипаттағы және елдегі журналистердің құқығын шектейтін, сөз бостандығына қатысты халықаралық стандарттарға қайшы" келетін заң жобасын қабылдамауға шақырған.

Қолданыстағы заңдарға енгізу ұсынылып отырған өзгерістер арасында "пропаганда" термині бар, сонымен бірге жобада журналистерге "азаматтардың жеке басына қатысты, отбасылық, дәрігерлік, банк деректері және заңмен қорғалатын өзге де құпияларын" олардың рұқсатымен ғана жариялауды міндеттейтін талаптар қарастырылған. Мемлекеттік органға БАҚ сауалдарына жеті күннің (қолданыстағы заң бойынша – үш күн) ішінде жауап қайтару белгіленген.

Оқи отырыңыз: Сауалға жауап беру мерзімін ұзартуды БАҚ-қа "қамқорлық" атайды

Заң жобасында Қазақстандағы сайт иелері жарияланған комментарий авторларын тіркеуге алуға міндетті екені жазылған.​

"ӘДІЛ СӨЗ" НАЗАРБАЕВҚА ЖҮГІНБЕК

Сенатқа жолданған үндеу авторларының бірі, баспасөз бостандығын қорғаушы "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева Азаттыққа журналистер қауымдастығының хатына парламенттен жауап болмағанын айтты. Оның сөзінше, өзін және өзге де әріптестерін сенаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің жұмыс тобына формальді түрде қосқан, бірақ Калееваға да, жобаға қарсы өзге адамдарға да аталған жұмыс тобының отырыстарына қатысудың сәті түспеген.

"Әділ сөз" қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева.

Тамара Калееваның айтуынша, ол парламентке тек бір-ақ рет шақырту алған, алайда Астанаға ұшып келгенде жұмыс тобының жиыны басқа уақытқа ауыстырылғаны мәлім болған. Бұдан соң ол ешқандай шақырту алмаған. Тамара Калеева министр Абаевтың "жобаны барша БАҚ өкілдері қолдады" деген сөзіне күмәнмен қарайды.

- Қызық екен, қандай қолдауды айтып отыр? Менің ойымша, ол жерде парламент пен үкімет ылғи "қоғам қолдауы" қажет болғанда үнемі пайдаланатын "дұрыс" бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері болған тәрізді. Түсінемін, министр беделін, бәлкім қызметін де бәске қойып отырған шығар. Сондықтан да ол министрлік әзірлеп, түрлі кабинеттердегі бұқпа лидерлер түзеп-күзеген заңды бар күшін салып өткізіп жатыр. Не ол өзі қабылдауға ұсынып отырған нормаларды дұрыс білмейді, немесе қулыққа салып отыр, - дейді құқық қорғаушы.

Тамара Калееваның сөзінше, егер даулы заң жобасына президент қол қойып, ол күшіне енетін болса бұл елдегі сөз бостандығына елеулі соққы болып тиеді. Ол заңға енгізілетін бұл өзгертулерді "іс жүзінде журналистік зерттеу жүргізуге салынған тыйым" деп біледі. Сонымен бірге заң жобасы БАҚ-тың жаңалықты жедел жеткізу мүмкіндігін шектейді деп санайды құқық қорғаушы.

"Әділ сөз" құқық қорғау ұйымы аталған заң жобасына вето қоюды сұрап Қазақстан президентіне үндеу дайындамақшы. Қор өкілдері мұндай даулы заң жобасына вето қою "Қазақстанның жаңа тарихында бұған дейін де болғанын" еске салады.

2004 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев парламент қабылдаған БАҚ туралы заң жобасына вето қойған. Ол жолы заң жобасына қарсы болған бірнеше саяси ұйым даулы жоба қабылданған жағдайда елдегі БАҚ-тың жағдайы нашарлап, "журналистердің кәсіби қызметін онсыз да кең мүмкіндігі бар бюрократияның одан сайын шектеуіне жол ашылып, елдегі болып жатқан барлық процестер туралы қоғамның шынайы ақпарат алуына тосқауыл қойылатыны" туралы мәлімдеп, президентті даулы заңға вето қоюға шақырған болатын.