"Шаңырақ ісі" көмескі тартса да екі азамат әлі түрмеде отыр

Арон Атабек (сол жақта) пен Құрманғазы Өтегеновтің сот залындағы сәті. Алматы. 5 қазан, 2007 жыл

Алматыдағы "Шаңырақ оқиғасынан" бері 13 жыл өтсе де, осы іс бойынша ұзақ мерзімге сотталған Арон Атабек пен Құрманғазы Өтегенов әлі де түрмеден шықпады. Екеуі де қазір Павлодардағы уақытша қамау абақтысында отыр.

«ШАҢЫРАҒЫНА ОРАЛСА ЕКЕН»

2007 жылы 18 жылға сотталған диссидент ақын Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан "Шаңырақ оқиғасына" 13 жыл толған 14 шілде күні Алматыдағы Абай ескерткішінің түбінде әдеби акция өткізді. Ол акция кезінде әкесінің түрмеде отырып жазған өлеңдерін оқыды.

- Әкемнің өлеңін оқуға шықтым. Осы арқылы ол түрмеден шығып, үйге оралса екен деген тілегімді жеткізгім келеді, - деді ол әдеби акция кезінде.

Айдана осы акцияға әкесінің өлеңдер жинағын ала келген екен.

Осыдан 13 жылы бұрын, 14 шілдеде сол кездегі Алматы шетіндегі "Шаңырақ" ықшамауданында билік заңсыз салынды деп есептеген үйлерді күшпен сүріп тастамақ болды. Бұл әрекет жергіліктің тұрғындардың қарсылығын туғызды. Оқиғаның соңы қақтығысқа ұласып, наразы адамдардың қолына түскен полицей қаза тапқан болатын.

Айдана Айдархан әдеби акция кезінде түрмедегі әкесінің өлеңдерін оқып тұр. Алматы. 14 шілде, 2019 жыл

Айдана 12 жылдан бері әкесін көрмеген. Сол кезде ол 14 жаста болатын. Айдана әкесін соңғы мәрте 2007 жылы сот залында көргенін айтады. Оның айтуынша, әкесі сол кезде сот залындағы темір торда тұрып наразылық ретінде ұстараның жүзімен қарнын тіліп жіберген. Сол кезде сот істі алқа билердің қатысуымен қараудан бас тартқан болатын. Арон Атабек осыған наразы болды. Осыдан кейін сот Арон Атабекті «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін» 18 жылға бас бостандығынан айырып, тұтқын жалғыз адамдық камерада қатаң жағдайда ұсталған. Жұбайы мен қызына түрмеге кездесуге келуіне тыйым салды. Ол бұл әрекетін билік туыстарын өзіне қысым құралы ретінде қолдануды қаламайтынымен түсіндірді.

Айдана Айдархан Абай ескерткіші түбінде тұрып, әкесінің түрмеде отырып жазған бірнеше өлеңін оқыды. Ол өзін полиция ұстап, бөлімшеге әкеткенге дейін түрмедегі әкесі мен онымен бірге сотталған Құрманғазы Өтегеновті ақтауды талап ететінін білдірді.

- Оның кінәсі жоқ. Мен әкемді және дәл осы іс бойынша жазасын өтеп жатқан Құрманғазы Өтегеновті босатуды талап етемін. "Шаңырақ ісі" бойынша сотталғандардың бәрін ақтауды талап ету мақсатында шықтым, - деді.

Айдана Айдарханды әдеби акциядан соң полицияның алып бара жатқан сәті. Алматы. 14 шілде, 2019 жыл

Биыл қ​аңтардың 31-і күні 66 жасқа толған Арон Атабек — «Шаңырақ ісі» бойынша ұзақ жылдарға түрмеге жабылған төрт азаматтың ішіндегі жасы ең үлкені. Ұзақ мерзімге жазаға кесілген екі тұтқын өткен жылы 11 жылдан кейін мерзімінен бұрын босап шыққан.

2014 жылдан бері Атабек «режимді бұзғаны үшін» Павлодардағы тергеу мекемесінің бір адамдық камерасында отыр. Тұтқынды қатаң жағдайда ұстау тәртібіне сәйкес, оның көп құқығы шектелген.

«АҚПАРАТТЫҚ КОЛЛАПС»

Павлодар қаласында тұратын құқық қорғаушы Елена Семёнова биыл наурыз айының соңында тергеу мекемесінде Атабекпен кездескеннен кейін, тұтқынның айналасында «ақпараттық коллапс» орнағанын, оның жазған хаттары тиісті орынға жетпейтінін, тұтқын сырттан хат-хабар алмайтынын, ал түрмеде жазылған хаттар жіберілмесе де, иесіне қайтарылмайтынын хабарлаған. Елена Семёнова Арон Атабектен оның құқық қорғаушының атына тапсырыс хат жібергенін естіген. Түрме әкімшілігі хат жіберу мен жеткізуде қандай да бір мәселе барын жоққа шығарады. Бірақ Елена Семенова Атабектің тапсырыс хатын алмаған. Диссиденттің қызы Айдана Айдархан әкесінен келетін хаттар бірнеше айдан жарты жылға дейін жол жүріп жететінін айтады.

Шаңырақ оқиғасы, 14 шілде 2006 жыл.

Арон Атабектің хаттары бағытталған адамдарына уақытылы жетпейтініне мамырдың 30-ы күні DAT газетінде жарияланған тұтқынның көлемді шағым хаты балама дәлел бола алады. Газетке басылған хат 2018 жылы желтоқсанның 14-і күні жіберіліп, редакцияға саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында бір-ақ жеткен. Хатта Арон Атабек өзінің ұмытылғанын, Елена Семенованы «Жала жабу» бабы бойынша сотқа тарту үшін түрме әкімшілігі өзінен құқық қорғаушыға қарсы түсініктеме беруді талап етіп, қысым көрсеткенін, ұрып-cоққанын жазған. Бірақ ол қысымға шыдап, құқық қорғаушыны жала жабудан бас тартқанын айтқан.

Жазаға кесілген мерзімінің үштен екісін өтеген кезде тұтқынға мерзімінен бұрын босап шығу үшін өтініш жазу құқығы беріледі. Арон Атабек өткен жылы шілденің 17-сі күні өтініш беретін уақыты келгеніне қарамастан, “мерзімінен бұрын босатуды сұрау кінәмді мойындау ретінде бағалануы мүмкін” деп, бұл құқығынан бас тартқан.

Адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Арон Атабек билікке қарсылық көрсеткен жылдары өзінің ешкімнің ырқына көнбейтін темірдей берік адам екенін көрсетті деп есептейді.

Арон Атабектің соттағы бір сәті. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл

- Түрмеде отырғанына қарамастан, ол өзін өте жақсы ұстап, сағын сындырмауға тырысып келеді. Ол адамдық қасиетті қалай сақтап қалуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл рухтың күші деп ойлаймын. Түрме рентген сияқты, адамның шын мәнінде қандай екені, ірілігі бірден көрінеді. Билік үшін барлық министр мен басқа да жоғары шенді азаматтарды түрмеден шығару бір ғана Арон Атабекті бостандыққа жіберуден әлдеқайда қауіпсіз, - дейді Евгений Жовтис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 12 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы ұмытылды ма?

Жовтистің сөзінше, Арон Атабек саяси тұтқын болып есептеледі. Мұны қазақстандық құқық қорғаушылардан бөлек, жетекші халықаралық ұйымдар да мойындайды. Жовтис Адам құқығы және заңдылықты сақтау бойынша қазақстандық бюро құқық қорғау саласы бойынша өздері қатысқан барлық халықаралық форумдарда Арон Атабекті босату керегін үнемі айтатынын атап өтті.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ӨТЕГЕНОВТЫҢ ШАҒЫМЫ

Осы айда «Шаңырақ ісі» бойынша жазаланған 43 жастағы Кұрманғазы Өтегенов Павлодардағы тергеу мекемесіне ауыстырылды. Ол бұған дейін Павлодардағы қатаң режимдегі колонияда (АП-162/4 мекемесі) жазасын өтеп келген. Құрманғазы Өтегенов 16 жылға бас бостандығынан айырылып, 2013 жылы «түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады» деген айыппен тағы екі жарым жыл жазаға кесілген.

Өтегеновтың жаңа мекемеге ауысқаны туралы кезекті ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер уақыты келгенін және тұтқынның келісімін алғанын пайдаланып, онымен жеке тұлға ретінде көріспек болған Елена Семенова хабарлаған. Шілденің 11-не жоспарланған кездесу болмаған кезде, мұның себебін сұраған Семеноваға колония әкімшілігі Өтегеновты осы бейсенбінің таңында Павлодардағы тергеу мекемесіне алып кеткенін айтқан.

Бұл ақпаратты тергеу мекемесі де растады. Бірақ екі мекеме де Өтегеновты тергеу мекемесіне ауыстыру себебі бойынша Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Құрманғазы Өтегеновтің сотта отырған кезі. Aлматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл

Елена Семенова Өтегеновты тергеу мекемесіне колонияда шілденің басында өткен жоспарлы тінту шарасынан кейін әкеткен деп топшылайды. Құқық қорғаушының Facebook парақшасына жазған дерегіне сәйкес, тінту шарасы кезінде бірнеше тұтқынды ұрып-соғып, кейбіреулерін жарымжан қылған. Семенова жапа шеккендердің қатарында Құрманғазы Өтегенов те болғаны туралы ақпарат алған. Құқық қорғаушының пікірінше, Өтегенов пен тағы бірнеше тұтқынды тергеу мекемесіне жапа шеккен тұтқындардың шағымы негізінде қозғалған қылмыстық іс кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыстырған. Оның бұл болжамын облыстық прокуратурадан келген жауап растайды. Семенованың айтуынша, хатта прокуратура Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің тұтқындарға қатысты тыйым салынған шаралар қолданғаны туралы фактілерді анықталғаны, осы негізде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін іс жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне берілгені жазылған. Шілденің 12-сі күні Семенова бұл ақпаратпен Facebook парақшасында бөлісті.

Құрманғазы Өтегенов жағдайының анық-қанығын білу үшін Азаттық редакциясы Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хат жіберіп, тінту шарасы кезінде тұтқындардың жарақат алуы, биыл күзде Өтегеновтың мерзімінен бұрын босап шығу бойынша өтініш жазу мүмкіндігі туралы сұрақтар қойды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен жауап келген жоқ.

Шаңырақ оқиғасы. Алматы. 14 шілде, 2006 жыл

Мамыр айының басында Азаттық Өтегеновпен кездесуге барған Семенованың ақпараты негізінде тұтқынның денсаулығы нашарлағаны және оның басқа да шағымдары туралы мақала жариялаған. Бірақ қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ақпаратты жоққа шығарды.

Кейінірек, мамырдың 17-cі күні колониядан редакцияға хабарласқан Өтегенов құқық қорғаушының айтқандарын растады. Ол гастриті асқынып кеткенін, өзін емханаға жібермейтінін, диеталық ас бермейтінін айтты. Осыдан кейін де Өтегенов редакцияға жеке шағымдарынан бөлек, түрме әкімшілігі тұтқындарға киім, аяқ киім мен тамақты жеткілікті бермейтінін айтып, бірнеше рет хабарласқан. Өтегеновтың сөзінше, ол тұтқындарға жеткілікті берілмейтін заттар тізімін Елена Семеноваға жолдап, мемлекеттік органдарға да жіберуге тырысқан. Семенова Өтегеновпен жоспарланған (бірақ өтпеген) кездесуі кезінде осы ақпаратты тексеріп, шағым түсіруге көмектеспек болғанын айтады.

2006 жылғы оқиғадан кейін билік Шаңырақ тұрғындарына бұдан бұрын сүруге тырысқан жер учаскелері мен үйлерін заңдастыруға рұқсат берді. Қала сыртына инфрақұрылым жасақталып, Алматыда Алатау деп аталатын жаңа аудан пайда болды. Қазір Шаңырақта 13 жыл бұрынғы оқиғаны еске түсіретін ештеңе байқалмайды.

Айдана Айдарханның полиция бөлімшесінен шыққан кезі. Алматы. 14 шілде, 2019 жыл

Шілденің 14-і күні бірнеше сағатқа созылған “әңгімелесуден” кейін полиция бөлімшесінен босап шыққан Айдана Айдархан қоғам Шаңырақ оқиғасын ұмыта бастағанын, акцияға сол оқиға мен «Шаңырақ ісі» бойынша абақтыда отырғандарды еске салу үшін шыққанын айтты. «Бұл халқымыз үшін үлкен қасірет болды. Бірақ билік бұл қасіретті мойындағысы келмейді», - деді Айдана Айдархан.