ВИЧ жұқтырған баланы балабақшаға қайта алу дауға ұласты

ВИЧ жұқтырған 3 жасар Илхам ойнап отыр. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

Шымкентте ВИЧ жұқтырған үш жасар баланың анасы «оның ауруын білген балабақша қабылдаудан бас тартты» дейді. Балабақша басшылығы мұны жоққа шығарады.

Шымкентте тұратын 34 жастағы жалғызбасты ана Феруза Жәнібекова әуелі өзі ВИЧ (адамның иммунитет тапшылығы вирусы) дертіне ұрынып, кейін оны үш жастағы ұлы Илхамға (екеуінің де аты-жөні өзгертілді – ред.) жұқтырғанын биыл шілдеде ғана білгенін айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

ВИЧ жұқтырған баланы балабақшаға қайта алу дауға ұласты

– Балам қатты ауырды. Үш апта жансақтау бөлімінде жатып, өлім аузынан аман қалды. Биыл төсекке таңылған соң анализ тапсырдық. Сонда ғана екеуіміз де айықпас дертке шалдыққанымызды білдік. Есеңгіреп қалдым, – дейді ол.

Феруза Жәнібекова бірінші жұбайынан ажырасып, ұлы бір жас төрт айға толған кезде басқа бір азаматпен қосылып, онымен төрт ай бірге тұрған. Ол ВИЧ-ті сол екінші күйеуінен білмей жұқтырғанын, дерт емшек сүті арқылы баласына жұққанын айтады.

ВИЧ жұқтырған баланың анасы Феруза Жәнібекова. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

– Есімді жия бастағанда баламды бұрын барған «Алдияр» балабақшасына қайта орналастыруға бардым. Жағдайдың бәрін білген соң балабақша меңгерушісі оны қабылдаудан бас тартты. «Басқа балаларға қауіпті» деп шығарып салды. Үндемедім. Жыладым. Бұл маған өте ауыр тиді, – дейді Феруза Жәнібекова.

Оның сөзінше, баласының диагнозын балабақша медбикесіне емхана дәрігерлерінің кеңесімен айтқан, бірақ ол мәліметті балабақша қызметкерлерінің кейбірі біліп қойған.

«АНАСЫ МЕН БАЛАСЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗҒАН»

Феруза Жәнібекова тап болған жағдайдан «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева да хабардар. Ол анасы мен баласының құқығын әуелі Ферузаның екінші күйеуі, одан кейін балабақша басшылығы бұзған деп біледі.

"Балаларды СПИД-тен қорғау" қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

– Феруза Жәнібековаға екінші күйеуі ВИЧ жұқтырып, облыстық СПИД орталығында тіркеуде тұратынын жасырған. Ал балабақша медбикесі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 95-бабын («Дәрігерлік құпия») бұзып, балада ВИЧ барын балабақша меңгерушісіне айтқан. Меңгерушісі осы заңның 112-бабы («АИТВ инфекциясының және ЖИТС-тың профилактикасы, диагностикасы және оны емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері») мен 113-бабын («АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау») сақтамаған, – дейді Жанетта Жазықбаева.

Your browser doesn’t support HTML5

ВИЧ жұқтырған баланы балабақшаға қайта алу дауға ұласты

«Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы балабақшаға барып, Илхамның жайын түсіндіргендерін айтады.

– Біз ВИЧ-тің жұғу жолдарын, балабақшада баладан басқа балаларға қауіп жоқ екенін, мұндай жағдай практикада кездеспегенін ескерттік. Сонда да балабақша меңгерушісі баланы қабылдаудан бас тартты, – дейді Жанетта Жазықбаева.

Ол ВИЧ жұқтырған баланы балабақшаға қабылдаудан бас тартқаны және оның диагнозын өзгелерге айтқаны үшін балабақшаны лицензиясынан айыруды сұрап, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына шағым түсіретіндерін хабарлады.

«ҚАЙТА ҚАБЫЛДАЙМЫЗ ДЕГЕНМІН»

«Алдияр» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Айжан Салиева «Илхамды ВИЧ жұқтырғаны үшін балабақшаға қайта қабылдамай қойды» деген сөзді жоққа шығарды.

– Бұл – өткен аптада шешілген мәселе. Баланың анасына «қайта қабылдаймыз» дегенмін. Бірақ олар маған сенімсіздік білдіріп, баланы алып кететінін айтты, – дейді балабақша меңгерушісі.

Айжан Салиева «соңғы бір жылда Илхамның денсаулығы туралы анықтамасы көбейіп кеткен соң ғана оның диагнозын білгендерін» айтады.

– Заң бойынша бала балабақшаға қабылдануы керек. Ол қай балабақшаға баратын болса да, ай сайынғы төлемақысын өтеуді өз мойнымызға алып отырмыз. Баланың диагнозын медбике, әдіскер мен тәрбиешіден басқа ешкім білмейді, ендігі кезде балабақша есігінен сыртқа шықпайды, – дейді ол.

Феруза Жәнібекова мен баласы Илхам. Шымкент, 26 тамыз 2016 жыл.

Ал Феруза Жәнібекова «Алдияр» балабақшасының Илхамды қайта алуға келіскенін растайды. Бірақ ол «баламның диагнозын жария етіп, құқығын бұзған балабақшаға баламды беруден үзілді-кесілді бас тартамын» дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ жұқтырған 224 бала бар. «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, ол балалардың 15-і балабақшаға барып жүр.

Бұл облыстағы балаларға ВИЧ жұққан оқиғаның ең ірісі 2006 жылы болған. Ол кезде Шымкент ауруханаларының бірінде жас сәбилерге қан құю кезінде 149 балаға ВИЧ жұққан. Бұл жағдайға қатысты жауапты медициналық мекемелер мен әкімшілік қызметкерлер үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2007 жылдың маусым айында осы іс бойынша сот үкім шығып, айыпталушы 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында жиыны 2 мың 800-дей адам ВИЧ диагнозымен өмір сүріп жатыр.