Әкім жер сұраған тұрғындарды «сабырлы болуға» шақырып қайтарды

Your browser doesn’t support HTML5

Шымкент тұрғындары жер алуға өтініш тапсырып жатыр. Шымкент, 25 мамыр 2016 жыл.

Кешеден бері мыңдаған шымкенттік мемлекет есебінен тегін жер телімін алу үшін қалалық әкімдікке өтініш тапсырды. Биліктің дерегінше, ол қалада 70 мыңға жуық адам жерге мұқтаж.

Шымкент қаласының тұрғыны, бес балалы ана Динара Төреева «әкімдік жері жоқ азаматтарға 10 сотық жерді тегін беріп жатыр» деген хабарды естіп, қалалық әкімдікке келгенін айтады.

– Жасырып не керек, саудагермін. Кәмелет жасқа толмаған балаларымен бірге айына 65 мың теңге төлеп, жалдамалы пәтерде тұрамыз. Қиналып кеттік. Жер, баспана мәселесін айтып бармаған есігім қалмады, – дейді ол.

Динара Төреева. Шымкент, 25 мамыр 2016 жыл.

«ЕКІ КҮНДЕ 3 МЫҢ АДАМ ЖЕР СҰРАП КЕЛДІ»

Бүгін түскі сағат 13:30 шамасында Шымкент қаласы әкімдігіне барған Азаттық тілшісі Динара Төреева сияқты ондаған тұрғынның мемлекет есебінен тегін жер телімін алу үшін өтініш беріп тұрғанына куә болды. Қала әкімдігінің алдына орнатылған арнайы екі жәшікке бір жарым сағаттың ішінде жүзден астам адам өтініш тастап кетті.

Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, кешеден бері азаматтардан жер телімін беру туралы 3 мың өтініш түскен.

– Осы кезге дейін азаматтардан жер телімін беру туралы 65 мың 500 өтініш түсіп, кезек жасалған. Бірақ 2008 жылдан бастап жер телімін беру тоқтатылды. Себебі жер телімін беретін аймақтарда инфрақұрылым тартылмаған. Біз ондай жерді бере алмаймыз. Ал мына өтініш тапсырған адамдар 65 мың 500 адамнан кейін кезекке тұрады. Жер кезекпен ғана беріледі, – деді ол.

Бүгін араларында жер телімін алу үшін өтініш жаза келген адамдар бар 30 шақты тұрғын Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қабылдауына кірді. Тұрғындар әкімнің 21 мамыр күні Ордабасы алаңында өткен бейбіт жиында жер мен баспана мәселесін талқылау үшін бірнеше азаматты қабылдауына шақырғанын айтады.

Халықпен кездескен әкім қала аумағы кеңейтілгеннен бері ауыл шаруашылығына шақталған 60 мың гектар жер қалаға қосылғанын, қала қаланың ескі аумағында бос жатқан жер телімі жоқ екенін айтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Әкім мен тұрғындар жерді сөз етті

– Өткен бес-алты айдың ішінде ауыл шаруашылығына шақталған 3 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Енді осы жерді ыңғайластыру жағын ойластырып жатырмыз. Алдағы бесжылда Шымкентте жер кезегінде де, баспана кезегінде де бірде-бір адамды қалдырмай, көмектесу – арманым, – деді қала әкімі.

Кездесуде өзін «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымымын» деп таныстырған Сағира Нұрбекова әкімнен жер телімін беру кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды сұрады.

– 2007 жылы заңды түрде жер телімінің кезегіне 1680-адам болып тұрдым. Жақында кезегімді тексерсем, әлі күнге бір адамға да жылжымаған екен. Кезек жетсе, жер телімін аламыз. Бұйырмаса, көреміз. Бүкіл қазақтың жері саудаға түскелі жатқан уақытта 10 сотық жер телімін алмасам да, күн көремін. Тек заңдылық сақталса екен, – деді Сағира Нұрбекова.

Сағира Нұрбеков. Шымкент, 25 мамыр 2016 жыл.

Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалада бірнеше жылдан бері жер телімін беру тоқтатылғанын, халықтың «осы уақытқа дейін халық шыдап келгенін» айта келе, жұртты «сабырлы болуға» шақырды.

Тұрғындар мен әкімнің кездесуінен шыққан Азаттық тілшісі әкімдік алдында әлі де ондаған адамның жер алуға өтініш беру кезегінде тұрғанын көрді. Олардың арасында қала әкімдігінің қызметкерлері мен полицейлер де болды.