Қазақстандық қос ғарышкердің бірі Мұхтар Аймаханов Ресей азаматтығын алуға бекінсе, елде қалған Айдын Айымбетов ғарышқа ұшудан әлі де үмітті екенін айтады.
Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтан кейінгі қазақстандық ғарышкердің ұшуы 2009 жылға жоспарланған еді. Алайда Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймахановтың бірінің ғарышқа ұшу мәселесі түрлі себептермен кейінге шегеріліп келеді. Нақты қашан ұшатындарын ғарышкерлердің өздері де білмейді. Ал Қазақстаннан үміт үзген Мұхтар Аймаханов Ресейдің азаматтығын алуды жөн көрді.
Қауырт жұмысын алға тартқан 38 жастағы Айдын Айымбетов Азаттық тілшісіне шағын сұқбат беруге келісім берді. Он бес минуттан аспаған сұқбаттан ұққанымыз - қазақстандық ғарышкерлердің көк жүзіне жол тартатын уақыты белгісіз. Дегенмен болашақ ғарышкердің бірі Айдын Айымбетов күндердің күнінде бір ұшатынына үлкен үмітпен қарайды
– Өзіңізді ғарыш саласының маманы ретінде адамзат баласының ғарышты бағындыруына елу жыл толуымен құттықтаймын. Қазақ ғарышкерлерінің ұшу мәселесі бұлыңғырланып бара жатқан секілді. Мұхтар мен сіз екеуіңіздің біріңіздің 2009 жылы халықаралық ғарыш станциясына сапар шегетіні жөнінде айтылып еді ғой. Неліктен бұл жоспар жүзеге аспай жатыр?
– Рақмет. Иә, қазақстандық ғарышкердің ұшырылуы 2009 жылғы қыркүйектің 30-ына жоспарланған болатын. «Роскосмос» пен «Қазғарыш» арасында келісімшарт жасалған еді. Бірақ 2009 жылдың басында әлемдік экономикалық дағдарыс басталды. Осыдан кейін сол жылдың наурыз айында республикалық бюджеттік комиссия ұшуға бөлінген қаржыны кері қайтарып алды да, қазақстандық ғарышкерлердің жоспарлы ұшырылуы кейінге қалдырылды. Қазақстан мен Ресей президенттерінің арасында қазақстандық ғарышкерді экипаж құрамына қосу туралы келісім бар. Осы бағытта қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ ұшырылу уақыты туралы айту әлі ерте.
– Сонда мәселенің барлығы қаржыға тіреліп тұр ма, әлде басқа да себептері бар ма?
– Халықаралық ғарыш стансасы он бес елдің қатысуымен және сол елдердің қаржыландырылуымен құрылған. Құрылған кезде ғарыш станциясына тек қана сол елдердің ғарышкерлері ұшырылуы тиіс деген нормативтік-құқықтық база жасалған. Егер басқа елдің ғарышкерлері ұшырылатын болса, тек сол елдердің бірінің квотасымен ұшырылады. Ал қазақстандық ғарышкерлер Ресейдің квотасымен ұшырылатын болып жоспарланған. АҚШ-тың «Шаттлы» өз қызметін тоқтатып жатқандықтан халықаралық ғарыш станциясына экипаж бен жүктерді тасымалдау ресейлік «Союзға» жүктелген еді. Бұл - бірінші себеп. Екінші себеп - ресейлік «Роскосмос» бүгінгі күні халықаралық ғарыш агенттігіне бірнеше зертханалық модулдерін түйістірген. Сол себепті Ресей жақын арада өз квотасы бойынша ғарыш саяхатшысын немесе Қазақстан ғарышкерін ұшыра алмайды.
– Демек бұл - бүгінгі күні тек ресейлік ғарышкерлер ұшырылады деген сөз ғой. Әріптесіңіз Мұхтардың Ресей азаматтығын алмақ болып жатқаны да сондықтан ба?
– Мұхтар қазір Ресей азаматтығын алу үшін құжаттарын тапсырды. Құжаттандыру процесі жүріп жатыр. Қазақстандық ғарышкерлердің ұшуы туралы келісім-шарт жойылған соң мен Қазақстанға қайтып оралдым. Аймаханов екеуімізге ұлттық ғарыш агенттігінен бірдей дәрежелі қызмет ұсынылды. Әр адамның таңдау хақы бар. Аймаханов басқа жолды таңдады. Мен ұлттық ғарыш агенттігінде қызметте қалдым.
– Енді ұшудың нақты бір уақыты болжанды ма?
– Қазір Қазақстан ғарышкерлерін тізімге қосу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ұшу мәселесі - болашақтың еншісінде. Бәлкім, бірнеше жылдың жүзінде ұшып қалармыз. Мен ұшпағаныммен басқа да дайындалып жатқан жастар бар, солар ұшар. Сонда да ғарышқа ұшу – менің басты тілегім. Ұшу сапарымды Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бет-беделінің артуына арнаған болар едім.
– Қазақ баласының ғарышқа ұшу мәселесі болашақтың еншісі дейсіз, ал болашақ ғарышкердің қазіргі әлеуметтік жағдайы қалай екен?
– Бұл мәселені қозғамай-ақ қойсақ. Көптеген адамдардың басындағы жағдай менде де бар. Мемлекеттік қызметкерлер сиқяты пәтер жалдап тұрамын.
– Сізге қызмет ұсынылған кезде баспанамен қамтамасыз ету туралы уәде беріліп пе еді?
– Баспаналы болғанды кім қаламайды. Уәде еткен.
- Қазіргі кәсіби дайындық деңгейіңіз қандай?
- Мен кәсіпқой ғарышкер ретінде дайындықтан өттім. Транспорттық, я ғарыш кемесінің жүйесін басқарып қана қоймай, халықаралық ғарыш стансасының жүйелерін жөндей аламын.Жан-жақты кәсіби дайындығым бар.
– Қазір қандай қызмет атқарасыз?
– «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Астана филиалының ғарыштық зерттеулерді ақпараттық біліммен қамтамасыз ету бөлімі бастығының орынбасары болып жаңа қызметке тағайындалғаныма бір айдан асты.
Ұлттық ғарыш агенттігінің шақыртуымен ғарыштық нысандарды алып жүру департаментінің директорының міндетін атқарушы, кейіннен директоры болдым. Қазақстандық ғарышкерлердің ұшу мәселесі кейінге қалдырылып, қашан ұшатыны әзірге белгісіз болғандықтан Ұлттық ғарыш агенттігі менің зерттеулермен айналысуымды жөн деп тапты.
– Әңгімеңізге рақмет.