КӨП ҮНЕМДЕУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ
Теміртаулық 90 жастағы Владимир Рыскаль коммуналдық қызмет түрлері ақысы қымбаттауы ықтимал деген хабарды естіп назалы. Ол "зейнетақыны әлі көбейткен жоқ, ал тарифтерді қазірдің өзінде қымбаттатқалы жатыр. Зейнетақы көбейсе болды, қалада тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы тағы да әдеттегідей қымбаттап шыға келеді" дейді.
- Қайтеміз, аһілеп-ухілеп аламыз да төлейміз. Енді азық-түлік пен дәрі-дәрмектен жырымдап, көбірек үнемдеуге тура келеді. Өйткені электр қуатының ақысын төлемесең, қиып тастайды. Жұрттың зейнетақысы мен жалақысынан бұрын баға тез әрі жиі қымбаттап барады. Әне, дәрі-дәрмек пен азық-түліктің қалай қымбаттап жатыр! Бірақ шенеуніктердің ешқайсысы шара қолданбайды. Кәсіпорын өндіріс шығындары мен миллиондаған қарызын неге тұтынушылардың мойнына артып қояды? Егер кәсіпорын қызметкерлері борышкерлермен дұрыстап жұмыс істеп, жарықты ұрлап пайдаланатындарды анықтаса, қаншама ақша қайтарар еді?! Осыған баяғыдан ызам келеді, - дейді тылда жұмыс істеген әрі Теміртау қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі Владимир Рыскаль Азаттық тілшісіне.
Өз айтуынша, өзге қарттар тәрізді ол да зейнетақысының едәуір бөлігін ең әуелі кейінгі жылдары жиі қымбаттайтын коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жұмсайды. Қария зейнетақысының 15 мың теңгеден көбі дәрі-дәрмек сатып алуға кететінін айтады. Еңбек ардагерінің сөзінше, ол зейнетақысы мардымсыз деп шағынбайды, бірақ электр қуатының тарифі қымбаттаса, оған да едәуір сезіледі, ал зейнетақысы мен жәрдемақысы мардымсыз зейнеткерлер мен мүгедектер мүлде қиналып қалады.
- Бағаның қымбаттауы ардагерлерге, әрине, жайсыз тиеді. Жағдайды біз де түсінеміз, электр қуатын өндіру шығыны шынымен ұлғайып, оны халыққа сату шарттарын өзгерту қажет шығар, сондықтан баға бәрібір қымбаттайды. Бірақ қымбатшылық ардагерлерге қиын тиетіні сөзсіз. Ал қымбаттайтыны анық, бұл жерде біздің пікірімізге қарамайды. Тек үкімет ардагерлерге мұны бірдеңе етіп өтеп берсе дейміз. Біздің жағдайымызды да түсінулері тиіс, зейнетақымыз әлі де жарытымды емес қой, - дейді Теміртау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев Азаттық тілшісіне.
80 жастағы теміртаулық тұрғын Тамара Федорованың айтуынша, ай сайын 50 мың теңге зейнетақы алатын оған электр қуаты тарифінің қымбаттауы қиын тиеді. Өйткені суық үйін жылыту үшін қарияға электр жылытқыштарды қосуына тура келеді. Ол қыста электр қуаты үшін қыруар ақша төлейтін шығармын деп уайымдайды.
Теміртауда коммуналдық қызмет түрлерінің бағасын қымбаттатуға үнемі қарсы болып жүрген зейнеткер Юрий Головченко тарифтер қымбаттаған бетте "онсыз да тарығып отырған халық тіпті жұтайды" дейді. Бұған қоса, ауасы лас металлургиялық қалада тұратын адамдарға босаңдық беруі тиіс деп санайды.
- Мына қымбаттауға іле-шала өзге көп нәрсе қымбаттайды. Бұл криминалды көбейтеді, адамдар ұрлауға көшеді, - дейді зейнеткер Юрий Головченко.
Кей тұрғындар, әсіресе зейнеткерлер депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, халықтың позициясын қорғауы тиіс деп санайды. Ашық тыңдауларға қатысқан зейнеткер Тамара Федорова депутаттардан "мүлде қайыр жоқ" деп санайды.
ТАРИФТІ ҚЫМБАТТАТУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ
Теміртау қаласында электр қуатының тарифі соңғы рет үш жыл бұрын қымбаттаған. Бірақ содан бері қалада өзге коммуналдық және эксплуатациялық қызмет түрлері бірнеше рет қымбаттап, тұрғындар наразылығына түрткі болған. "Оқжетпес" коммуналдық кәсіпорны өз өтінішінде тарифті орта есеппен 22 пайызға көтеруді сұрайды. Егер кәсіпорын өтініші қанағаттандырылса, электр қуатының бір киловатының орташа тарифі 7,92 теңгеден 10,5 теңгеге дейін қымбаттамақ.
- Өтінішімізде көрсетілген тариф бағасына негіз болатын тиісті құжаттар бар, департамент бәрін қарайтын болады. Олар тарифті біз сұраған шамада бекітпеуі де мүмкін. 2015 жылдан бері қызмет ақысын қымбаттатуды сұраған жоқпыз. Сол кезден бері өзіндік құнға әсер ететін өзгерістер болды. Бұл жағдайдың құрбаны болмасақ та, одан өзіміз де жапа шегіп отырмыз. Тарифтерді қымбаттатуды сұрауға мәжбүрміз, - дейді "Оқжетпес" коммуналдық кәсіпорнының иесі саналатын "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының атқарушы директоры Вадим Басин.
Бұған қоса, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шығынды азайтып, болат шығарумен ғана айналысу үшін қаланы электрмен қамтамасыз етуден мүлде бас тарту ниетін де жариялады. АМТ өз шешімін "электр қуаты жетіспейді, компанияның өзіне жетпей отырған электр қуатын өзге станциялардан сатып алып, оны тасымалдауға төлеуге тура келеді, бұл өте қымбатқа түсіп отыр, Қазіргі тариф шығынды ақтамайды, сондықтан "Оқжетпес" кәсіпорны шығынға батып отыр" деген уәжбен түсіндіреді. Бұған қоса электр қуаты үшін төленбеген миллиондаған қарыздар да жағдайды ушықтырып отыр. Қала тұрғындары электр жарығы үшін 800 миллион теңгедей қарыз, ал кәсіпкерлер мен мемелкеттік нысандардың қарызы бұдан да көп – бір миллиард теңгеге жуық. Компания өкілдерінің сөзінше, электр қуатын "ұрлап" пайдаланатындар бар. Ал тұрғындар кәсіпорын өз проблемаларын халықтың мойнына артпауы тиіс деп санайды.
Жергілікті мәслихат депутаттары тұрғындардың наразылығын түсінетінін айтады.
- Монополияға қарсы комитет бұл мәселені заң мен әділдік аясында қарап, баға өтініште көрсетілген деңгейде қымбаттамайтын шығар деп үміттенеміз. Негізі, тапсырыс берушілер әдетте тарифті қажетінен көбірек сұрайтынын көріп жүрміз. Қалалық мәслихат депутаттары ретінде ұсыныстарымызды айтып, хаттамаға түсірдік. Кәсіпорындар мұндай қадамға жетіскеннен барып отырмағанын да, тұрғындарға түсетін салмақты азайту қажеттігін де түсінеміз. Енді монополияға қарсы комитеттің шешімін күтіп отырмыз, - дейді қалалық мәслихат хатшысы, депутат Алексей Ломакин.
Оның әріптесі, Теміртауда өткен ашық тыңдауда сөйлеген мәслихат депутаты Фарит Валеев коммуналдық қызмет ақысының қымбаттауы, кедей болмаса да, оған да білінетінін айтады. Ол егер тарифтер қымбаттаса, төлем азайып, тұрғындардың наразылығы басталады, ал кейбіреулер тіпті мүлде төлемей қоюы мүмкін деп санайды. Бірақ оның сөзінше, Теміртаудағы тарифтер елдегі ең арзан тарифтер саналады. Ресми деректерде облыс орталығы Қарағанды қаласында электр қуатының орташа тарифі 11 теңгеден асады деп көрсетілген.