Мұнай бағасының екі еседен көп арзандауы, санкциялар соғысы мен Ресей рублінің күрт құлдырауына байланысты Қазақстан үкіметі бюджетті қайта есептейтінін мәлімдеді. Елде экономикадан долларды ығыстыру (дедолларизация) саясаты ресми түрде жарияланып, ірі компаниялар мен кәсіпорындар шығындарын қысқарта бастады, ал халық «теңге бағамы да өзгереді екен» деп қауіптенеді.
Сарапшылар ұлттық валютаның бірден 20 пайызға құнсыздануының бір жылдығы қарсаңында теңгенің таяудағы болашағына қатысты пікірлерімен бөлісті.
Айдар Әлібаев, «Қаржы тұтыну одағы» төрағасы
– Халықтың ұлттық валютаға деген сенбеушілігі күрт өсті. Мұның зардаптары өте жайсыз болады. Шахмат ойынында мұндайды, яғни қандай жүріс болса да тығырыққа тірейтін жағдайды «цугцванг» деп атайды. Бірақ қол қусырып отыруға тағы болмайды. Егер елімізде шешімдер нарық механизмдері негізінде қабылданса, қандай шешім қабылданатынын алдын ала болжауға болар еді. Бірақ «теңгені құнсыздандыру керек пе, жоқ па» деген шешім экономикалық, нарықтық жағдайға байланысты қабылданбайды – саяси, әкімшілік шешімді жоғарыдан түскен бұйрықпен қабылдайды.
Нарықтық шешімдер сияқты емес, саяси шешімдердің қашан қабылданатынын алдын ала болжай алмайсың. Ол кез келген сәтте, бүгін немесе нарықта әлдебір фактор шыға қалса бір айдан кейін қабылдана салуы мүмкін. Бірақ жеке көзқарасымды айтсам, теңгені жайлап «еркіне жіберу» керек. Өйткені оның мына күйде «қатып қалуы» мемлекетке қымбатқа түсуі және тиімсіз болуы мүмкін.
Сергей Зелепухин, экономикалық шолушы
– Теңге біздің ұлттық валютамыз емес. Теңге доллардың туындысы іспетті. Өйткені теңге эмиссиясы табиғи байлықты долларға сату, экспорттауға тәуелді. Қазір бұл процестердің шапшаңдап бара жатқанын байқап отырмыз. 1999 жылы Азиядағы дағдарыстан кейін девальвация болды, арада 10 жыл өткенде, яғни 2009 жылы тағы бір девальвация болды, бес жылдан кейін 2014 жылдың девальвациясы болды. Енді, міне, жыл өтпей жатып теңге девальвациясы туралы тағы шулап жатырмыз. Рубль құлдырап кетті, енді жағдайды бақылауында ұстау үшін Қазақстан үкіметі қандай амал істейтінін білмеймін. Оның үстіне дедолларизация саясатын жариялап қойды, енді халықты теңгеге күштеп көшірмек. Ал теңге бағамы құлдырап кетсе, үкімет шығынды қайтарарына кім кепілдік бере алады? Доллармен күресу дұрыс емес. Үкімет үгіттеп отырған экономикалық моделі мен ұлттық банк жүргізіп отырған саясат – ел байлығын сорып жатқан «насос» қана.
Салтанат Жарасова, қаржы сарапшысы
– Талай-талай ұсыныстар айтылып жатады, бірақ шешімді жоғарғы жақтағылар – үкімет қабылдайды. Сондықтан әлдебір идея ойлап тауып, ұсынғаннан гөрі, сарапшылар мен экономистердің азаматтық позициясын күшейту керек. Әрине, өзара сөйлесіп, наразы болатын адамдар көп, бірақ билік сауатты мамандар – яғни құр теоретик емес, бәрін есептеп, қорыта алатын, экономикалық жағдайдың сценарийі мен үлгісін жасай алатын практиктер – бар екенін білсін.