Теңге бағамы және оны нығайтуға қатысты ұлттық банк болжамы

Ақша айырбастау орны. Алматы, 11 ақпан 2014 жыыл:

Қазақстан ұлттық банкі теңге көп ұзамай позициясын күшейтуі мүмкін деп болжайды. Реттеуші орган валюта бағамының жаңа дәлізін белгіледі. Қаржылық сарапшылардың кейбірі ұлттық банктің бұл оптимизміне қосылмайды.

Ұлттық банк теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының ең төменгі шегін жариялады. Енді теңгенің долларға шаққандағы жаңа бағамы 170-тен 188 теңгеге дейін өзгереді (биылғы ақпан айындағы девальвациядан кейін ол 182-188 теңге болып келген).

Ұлттық банк теңге бағамын кеңейту жоспары туралы өткен аптада хабарлаған. Бірақ бұл жайында қыркүйектің 10-ы күні ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің брифингінде ресми мәлімделді.

РУБЛЬДІҢ ӘСЕРІ

Asyl Invest брокерлік компаниясы сарапшыларының пайымдауынша, қазір ұлттық банктің алдында теңгеге деген сенімді қалпына келтіріп, девальвациялық факторлардың алдын алу міндеті тұр. Сондықтан ұлттық банк теңге бағамы дәлізінің төменгі шегін өзгерту туралы шешім қабылдау арқылы «ұлттық валютаның құнсыздануына себеп жоқ, керісінше нығая түсуіне мүмкіндігі бар» деген үміт бергісі келеді.

Сарапшылардың айтуынша, Украинадағы шиеленіс, рубльдің құнсыздануы, мұнай бағасының құлдырауы және Қазақстан экономикасы өсімінің баяулауы сияқты теңге бағамына қысым көрсететін факторлар әлі де сақталып отыр. Asyl Invest сарапшылары соңғы кезде Ресей рублінің АҚШ долларына шаққандағы бағамы біраз құлдырап кеткенін ескертеді. Қыркүйектің басында 1 долларға шаққандағы рубль бағамы 37,34 болған.

Теңгенің девальвацияға ұшырауына наразылық танытқан адамдарды полиция әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл уәжбен келіспейтіндер де бар. Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Құдайбергенов рубльдің құнсыздануынан қазақстандық валютаға әзірше қысым жоқ екенін жазады. Ол Facebook желісінде: «Теңгеге түсетін қысымның қайдан басталатынын жұрттың бәрі түсінсін деген оймен толығырақ жазып отырмын. Биыл ақпандағы девальвация кезінде рубльдің 1 долларға шаққандағы бағамы 36,50 болған еді. Оған 20 пайызды қоссаңыздар 43,80 болады. Теңгеге қысым бағамның осы шегіне жақындаған сайын артады» деп жазады

Halyk Finance компаниясы сараптамалық бөлімшесінің басшысы Сәбит Хакімжановтың пайымдауынша, жуырда теңге бағамы сәл ғана күшеюі мүмкін.

­- Рубль бірден құлдырап кетпей, біртіндеп құнсызданады. Бұл теңге девальвациясын өткізген кезде қарастырылған запасты да азайтады. Өйткені рубль теңгеге шаққанда да құнсыздана түседі. Бірақ мәселе ақпан девальвациясының запаспен жүргізілгенінде де емес. Теңге бағамын нығайту үшін ұлттық банк валюталық саясатын тиянақтырақ жүргізіп, ақша нарығындағы ставканы көтеруі тиіс. Мысалы, РЕПО операциялары, мемлекеттік құнды қағаздарды сатылымға шығару сияқты, - дейді Сәбит Хакімжанов Азаттық тілшісіне.

АҚША САЯСАТЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Батыстың беделді рейтинг агенттіктерінің бірі Standard&Poor's сарапшылары Қазақстандағы ақша саясатының «шектеулі тиімділігіне» назар аударады. Биыл маусымда агенттік елдің жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты болжамын 4,5 пайызға дейін кемітіп, Қазақстанның рейтингін «тұрақтыдан» «жағымсыз» деңгейге дейін төмендеткен.

Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасы "жағымсыз" рейтингке ие

Tengrinews агенттігі Standard&Poor's агенттігінің «Тәуелсіз рейтингтер» бағыты бойынша аға директоры Кристиан Эстердің қыркүйектің 10-ы күні Алматыда өткен конференцияда айтқан «Жағымсыз деген болжам - алдағы екі жылға дейінгі кезеңде біз жариялаған құжаттарда көрсетілген белгілі бір шарттар сақталған жағдайда рейтинг төмендеуі мүмкін екенін көрсететін индикатор» деген сөздерін келтірген.

Standard&Poors сарапшылары экономикалық өсімнің баяулауына жайсыз әсер ететін себептер ретінде Қашаған кенішінде мұнай өндіру жұмыстарының тоқтауы мен жобаның «қайта басталу мерзіміне қатысты белгісіздікті» және осы жылдың ақпанында «аяқ асты әрі нарыққа дұрыс түсіндірілмей» өткізілген теңге девальвациясын атайды.

11 ақпанда 1 доллар 185 теңгеге дейін қымбаттаған еді. Ұлттық банк теңгені құнсыздандыру шешімі «әлемдік қаржы нарығы мен тауар нарығындағы күрделі жағдайға, Ресей рублінің құлдырауына, елдегі девальвациялық факторларға» байланысты қабылданды деп түсіндірген. Девальвациядан кейін теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 182-183 теңге шамасында тұрақтады.