Қазақстан сенатының төқрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы сайлауға қазіргі президентттің түспеуі мүмкін деген сөзін сарапшылар әрқилы бағалайды.
ЕКІНШІ ТҰЛҒАНЫҢ БІРІНШІ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ ПІКІРІ
Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы - заң бойынша Қазақстанның саяси жүйесі иерархиясындағы екінші тұлға саналатын Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі - 2020 жылы өтетін сайлауға президент Нұрсұлтан Назарбаев түсу-түспеуі жайлы айтқаны көпшілікті елең еткізген. 20 маусым күні жарияланған ұлыбританиялық ВВС медиакорпорациясына берген сұхбатында Тоқаев ""Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы - тұрақтылықтың белгісі. 2020 жылға дейін билікте болады. Кейін сайлауға түсем десе, өзіне байланысты. Мүмкін 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Бұл - менің жеке ойым. Әрине, бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты",- деген болатын.
Ертеңінде парламент жиыны арасында Тоқаев әлгі сұхбатында айтқандарын тағы қайталап, сайлауға түсу, я түспеу туралы шешімді Назарбаевтың "өзі қабылдайтынын" айтып, түсінік берген.
Your browser doesn’t support HTML5
Тоқаевтың аталған сұхбатынан кейін Азаттық тілшілері бірнеше сенатордан спикердің сөзіне қатысты комментарий беруді сұраған болатын. Олар сұраққа нақты жауап беруден қашқалақтаған. Олардың кейбірі "спикердің айтқаны - жеке пікірі" десе, тағы да бірі сайлауға түсу-түспеуі жайлы президенттің өзінен сұрауды ұсынған.
Your browser doesn’t support HTML5
Бұған қоса Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Тоқаевтың сұхбатына орай пікір білдірген. Абаев "егер мемлекет басшысы 2020 жылы президент сайлауына түссе, бұдан Қазақстан тек ұтатынына" сенімді екенін айтты. Ал дипломатиялық карьерасы Сыртқы істер министрлігін Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған тұста қалыптасқан Қайрат Әбдірахманов Тоқаевтың сұхбатын "өте кәсіби әрі сауатты" деп атап, "бұрын-соңды Қазақстандағы мұндай жоғары дәрежедегі ресми тұлға берген ең қиын сұхбат осы болған шығар" деп бағалады.
ЖОҒАРЫДАН САНКЦИЯ БОЛДЫ МА?
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры әрі саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның Азаттыққа айтуынша, Тоқаевтың мәлімдемесі мен одан кейінгі қимылдар элита ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі кезеңге арналған келісім әлі жоқ екенін көрсетеді.
- Шамасы, бір топ президентті шешім қабылдауға "асықтырып", ал екінші топ немесе өзге топтар мемлекет басшысының түпкілікті шешіміне әлі де болса ықпал етуге тырысып жатыр, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Үмбетәлиеванің сөзінше, Тоқаев – саясаткер адам, сондықтан ең жоғары деңгейде мақұлдамаса, мұндай саяси мәлімдемелер жасамайды.
- Сондықтан жұрттың көбі оның сөзін алдағы екі жылға арналған маңызды мәлімдеме ретінде қарастыра бастады, - дейді Үмбетәлиева.
Саясаттанушы әрі "Альтернатива" зерттеулер орталығы басшысы Андрей Чеботарев Facebook парақшасында "бұл - Ақорданың мақұлдауынсыз қозғалмаған мәселе" деп жазады. Чеботаревтің пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын адамдарының ішінде бір жағынан, оның президенттік қызметте өмір бойы отыра бергенін қалайтын топ бар, ал екінші жағынан, Назарбаев президенттіктен көзінің тірісінде кетіп, орнын олардың біреуіне немесе тым болмаса өзге қолайлылау тұлғаға бергеніне мүдделі топ бар.
Сондайда Андрей Чеботарев "Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі екінші топтағы адамдардың пайдасына орай жарияланды" деп санайды. Бірақ ол енді бірінші топтағылардың жауабы болады деп топшылайды.
Үкіметте де жұмыс істеп, оппозицияда да болып көрген 70 жастағы саясаткер және экономист Петр Своик Азаттыққа Тоқаевтың мәлімдемесіне жоғары жақтың санкциясы болған жоқ деп топшылайды.
- Мұндай [автократия] түріндегі жүйелерде билікті мұраға қалдыру - ең маңызды проблемаға айналады, сондықтан жұрттың көкейінде тұрады, бәрі осыған дайындалады, астыртын түрлі схемалар құрады. Бірақ бұған қоса, бұл - ең сакральды нәрсе, яғни бұл туралы ешкім дауыстап айтпайды. Яғни бұл - тыйым салынған тақырып. Меніңше, өз араларында олар бұл туралы, әрине айтады, бірақ шын мәнінде не ойлайтындарын да, не дайындап жатқандарын да ешқашан айтпайды. Президент те дәл солай. Ол әлдебір жоспарларын жақын адамдарымен бірдеңе етіп бөлісетіні анық, оның ішінде "дайындала бер, сен боласың... " деп емексітіп те қоятындар бар шығар. Анаған да, мынаған да солай деп айтады. Бірақ шын мәнінде не істейтінін, нақты жоспарын мүлде айтпайтыны анық. Сондықтан, меніңше, Тоқаевқа жоғарыдан астыртын "сыбырлап" қоюы екіталай, - дейді Петр Своик.
65 жастағы Тоқаевтың "ағынан жарылуының" себебін Своик шамасы, билік уысынан шығып бара жатқандықтан, сенат спикері "шыдамай кеткен" шығар деп түсіндіреді.
Своик сияқты бұрынғы сенат депутаты, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының" төрайымы Зәуреш Батталова да Назарбаев өзінің 2020 жылғы президент сайлауына түсетіні я түспейтіні туралы мәселені талқылауға Тоқаевқа "рұқсат" берген жоқ деп топшылайды. Бірақ Батталова Тоқаевтың оқыс сөзіне тіпті мұндай әбден ысылған бұрынғы дипломаттың өзі үшін ауыр әрі қиын сұхбат себеп болды деп санайды.
- Оған сұрақты төтесінен қойды. Дипломат ретінде, сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-да жұмыс істеген адам ретінде билік сабақтастығы туралы, процесті демократияландыру туралы айтуы тиіс екенін түсінетін адам ретінде ол осы ракурстан айта салды. Тиісінше, алдын-ала бұл мәлімдеме жоғары жақпен келісілмеген соң ол әрине, соңынан барып түсінік бере бастады, - дейді Зәуреш Батталова.
ТРАНЗИТ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева тіпті Назарбаев сайлауға түсу я түспеу туралы шешімге келіп қойғанның өзінде бәрібір "әлі реттеуді қажет ететін нюанстар қалады"деп топшылайды.
- Бір жағынан, ол кісі тыныш өмірге кетіп, жаңа саяси конфигурацияға ел президенті ретінде емес, "отбасы" қауіпсіздігінің әлдебір гаранты болып қатысқысы келетін шығар. Бірақ бір жағынан, белгіленіп қойған жоспарын өзгертіп жіберуі мүмкін қатерлер бар. Мысалы, позициясы әлі мығым емес немесе жаңа саяси конфигурацияда ұсынылып отырған рөлге риза емес өзге элиталық топтардың наразылығын ескермеуге болмайды. Сондықтан олар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың қазір я болмаса екі жылдан кейін кеткенінен гөрі оның президент ретінде қала бергені әлдеқайда ұтымдырақ, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
"Тәуекелдерді бағалау тобы" директоры әрі саясаттанушы Досым Сәтбаев 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев өзін президенттікке ұсынбауы әбден мүмкін, өйткені элита ішінде транзит механизмін құру қажет деген ой пісіп-жетіліп отыр деп санайды. Сәтбаевтың сөзінше, автоматты түрде іске қосылатын билік транзитінің мұндай механизмін "тұңғыш президент" пен "елбасы" мәртебесі туралы әңгімелер айтыла бастаған, яғни бұдан 10 жыл бұрын құру керек болатын. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселелерді, әсіресе кадр мәселесін қолдан басқару режимімен айналысуына тура келмес еді.
- Уақыттан ұтылдық, әрі оны егер тіпті президент қолдан басқарылмайтын жүйені қазір құрғысы келсе де, ол кісінің бұған уақыты жетпейтіндей дәрежеде жоғалттық. Қазіргі сәтте қолмен басқару ұтымды болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл - ескірген тәсіл, - дейді Досым Сәтбаев.
Саясаткер әрі экономист Петр Своик парламент қабылдаған (президент әзірше қол қоймаған) Қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасын еске салып, билік транзитін қамтамасыз ету жұмыстары басталып кетті деп санайды. Қауіпсіздік кеңесі құзыры біршама кеңейген құжатта тұңғыш президенттің (Нұрсұлтан Назарбаев) оны өмір бойына басқару құқығы қарастырылған. Ал ол кезде президент қызметін атқаратын адам өкілеттігі біраз кеңейген құрылымның "қатардағы" мүшесі ғана болады. Сондықтан Своик 2020 жылғы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың түспейтініне нық сенімді.
- Бұл жерде екі вариант қана бар – ол сайлаудың конституцияда белгіленген мерзімін күтіп, оны тиісті мерзімде өткізеді де, "отбасыдан шыққан мұрагерін" ұсынатын болады я болмаса мұны ерте жасайтын болады, - дейді Петр Своик.
Зәуреш Батталова мемлекеттік басқару жүйесін дамытуды "тұңғыш президент туралы" немесе "Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасы туралы" заңдар белгілемейді деп санайды. Оның пікірінше, мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық жағдайы шешеді, егер ол өзін тың сезінсе, билік тұтқасын уысынан шығармайды.
Тоқаевтың сөзінен кейін Назарбаев өзінің алдағы сайлауға түсетіні я түспейтінін айтқан жоқ. 2016 жылдың аяғында ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында 2020 жылға дейін жұмыс істейтінін айтқан. Ол кезде Назарбаев журналистерге "Ал 2020 жылы сіздермен қайта кездесеміз" деп жымиған. Назарбаев "келер сайлауға түсу мәселесі денсаулық жағдайы мен оның саясатын қоғамның қолдауына байланысты болады" деп мәлімдеген.
Нұрсұлтан Назарбаев 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылғы сайлауларда Қазақстан президенттігіне бес мәрте сайланған. Ресми дерек бойынша соңғы президенттік сайлауда ол 97,8 пайыз дауыс алған. Назарбаевтың президенттік өкілеті мерзімі 2020 жылғы сәуірде бітеді. Қазақстан Конституциясына сәйкес, бір тұлға екі реттен артық президент болып сайлана алмайды, бірақ бұл шектеу тұңғыш президентке қатысты қолданылмайды.