Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотқа жәбірленуші ретінде қатысып отырған кәсіпкер Бибатпа Жалғасбаева Азаттық радиосына берген сұхбатында мемлекет ұсынып отырған өтемақыдан бас тартпайтынын айтты.
Жаңаөзін ісі бойынша басталған соттың алғашқы күні, наурыздың 27-сінде Бибатпа Жалғасбаева айыпталушылардың кінәлі екеніне көзі жетпейтінін, жазықсыз адамдардың сотталғанын қаламайтынын айтқан болатын.
Ол бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының сол сөзін бұрыс түсініп, "50 миллион теңге шығыннан бас тартты" деген мәлімет таратқаны шындыққа сай емес екенін айтты.
- Бибатпа ханым, ең әуелі өзіңіз туралы шағын мағлұмат беріп өтсеңіз. Қашаннан бастап кәсіпкерлікпен шұғылданып келесіз?
- Нақты есімде жоқ. Шамамен 2002 жылы бастадым. Кәдімгі ел сияқты алып-сатумен айналысып келем. Дүкенім бар. Орталықтан дүкен ашқанмын.
Ол кісілер кінәлі деп ойламаймын. Мен соны айтқан болатынмын. «Шыққан шығын, өртенген, ұрланған дүние - адамның бір тамшы қанына да тұрмайды» деп Құранда да жазылған.
- Әуелі құқық қорғау органдарына арыз түсірген екенсіз. Енді неліктен одан бас тартып отырсыз?
- Мен бұл жерде бірнәрсені түсіндіре кетейін. Мен талап-арыздан бас тартып отырған жоқпын. Менің айтқан нәрсем – арызымды дүкенім өртелгеннен кейін, құқық қорғау органдары «талап-арыз жазыңдар» дегеннен соң жаздым. Одан бері біршама уақыт өтті. Үкіметке рахмет. Олар шыққан шығынды, келген залалды төлейміз деп жатыр. Сондықтан шығынымды үкімет төлейтін болғасын, жәбірленуші ретінде оларды (айыпталушы мұнайшылар – ред.) соттасын деп айта алмаймын. Ол кісілер кінәлі деп ойламаймын. Мен соны айтқан болатынмын. «Шыққан шығын, өртенген, ұрланған дүние - адамның бір тамшы қанына да тұрмайды» деп Құранда да жазылған. Мұсылман адамдардың бәрі оны біледі ғой деп ойлаймын. Мен солай айттым. Сондықтан мен олардың босатылуын сұраймын. Әрқайсысы бір-бір отбасының иесі. Кеткен зат кетті. Елге тыныштық керек. Қазір қорқынышпен өмір сүресің. Бұл адамдар отбасына қайта оралсын. Тыныштық орнасын деген тілек менікі. Өкінішке қарай, менің бұл сөзім әртүрлі қырынан естіліп жатыр қазір.
- Сіз сонда қазір соты өтіп жатқан, Жаңаөзен ісі бойынша айыпталып отырған азаматтардың бизнесіңізге залал келтіргеніне сенбейсіз ғой?
- Мен сенбеймін оған. Дәл сол азаматтар өртеді деп айта алмаймын. Себебі мен оларды ұстап алған жоқпын, көзім көрген жоқ. Сондықтан мен бұл азаматтар жасады деп айта алмаймын. Бәлкім, ол азаматтар өздерінің құқығын талап етіп жүрген шығар. Білмеймін. Бірақ дәл солар өртеді деп айта алмаймын. Бірақ менің бұл сөзім қазір бұрмаланып жатыр. Кешеден бері қорқайын дедім. Біртүрлі әңгімелер кетіп жатыр. Шығыннан бас тартып жатыр деген сияқты. Мен шығыннан бас тартып отырған жоқпын. Одан бас тартатындай қалтам көтермейді. Бірақ дәл сол адамдар сондай нәрсені жасады деп мен айта алмаймын.
- Сіздің дүкеніңіздің қанша пайызы өртеніп кетті? Қазір қалпына келтіріліп жатыр ма?
- Қалпына келген жоқ. Кеше ғана жиналыста болдық, алғашқы шығыны өтелетін алты кәсіпкердің арасында мен де бармын. Бірақ кешегі жиналыста «ішіндегі өртелген дүниенің құнын төлемейміз, тек ғимаратқа ғана ақша бөлеміз» деп жатыр. Бірақ әуел баста өздері барлығын өтейміз деп сөз берген еді.
Мен шығыннан бас тартып отырған жоқпын. Одан бас тартатындай қалтам көтермейді. Бірақ дәл сол адамдар сондай нәрсені жасады деп мен айта алмаймын.
- Бизнесіңіз қаншалықты үлкен еді. Қанша адамға жұмыс тауып беріп отырған едіңіз?
- Ол жерде шамамен 15-16 адамдай жұмыс істеді. Басында көп еді. Кейіннен азайып кетті.
- Азаттық радиосы оқырмандарының бірі сіздің ұлыңыз өткен жылы жұмбақ жағдайда көз жұмған мұнайшылардың бірінің қызы Жансәуле Қарабалаеваның өліміне қатысты күдікті ретінде танылып отырғанын жазады. Бұл рас па?
- Иә, бұл рас. Менің баламның түрмеде отырғанына 6 ай болды. Менің ұлым жазықсыздан-жазықсыз қамалып отыр. Жазбаған жеріміз жоқ. Енді қазір соты жүріп жатыр. Шынымды айтсам, соттың қалай шешілетінінен қорқып отырмын. Бірақ баламның жазығы жоқ. Менің баламның ол нәрсеге ешқандай қатысы жоқ.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев 2012 жылы қаңтардың 25-інде Жаңаөзен оқиғасы туралы мәлімдеме жасап, «125 объект өртеліп, бұзылып, тоналған. Олардың ішінде Жаңаөзен қаласы мен Теңге кенті әкімдіктерінің, Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың ғимараттары, полиция бекеттері, «Өзенмұнайгаз» компаниясының офисі, «Аруана» қонақ үйі, «Сулпак», «Атлант» және «Шолпан» сауда орталықтары, 5 банк мекемесі, 9 банкомат, 21 автокөлік, тұрғын үйлер, сондай-ақ көптеген кіші және орта бизнес объектілері бар» деген болатын.
Бибатпа Жалғасбаева - осы мәлімдемеде айтылған «Шолпан» сауда орталығының иесі.