Ақтөбеде құқық қорғаушыға қатысты сот аяқталуға жақын

Әлима Әбдірова, ақтөбелік құқық қорғаушы, Азаттық радиосының осы облыстағы тілшісі

Айыпталушы Әлима Әбдірова сотта куәлардың еркін сөйлеуіне мүмкіндік берілмегеніне наразы.

Тамыздың 25-і күні «Ару ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша соңғы сот процесі өтті.

Бұл сот процесіне шағым беруші Жайсаң мектеп-интернатының бұрынғы директоры, қазіргі оқытушысы Ирина Домбровская мен оның адвокаты, айыпталушы Әлима Әбдірова мен оның қорғаушысы қатысқан. Сот процесінің ашық деп жарияланғанына қарамастан онда аудио-бейне жазбалар жазуға, суретке түсіруге тыйым салыныпты.

КУӘЛАР

Айыпталушы Әлима Әбдірованың айтуынша, бейсенбілік сот отырысына куә ретінде Жайсаң интернатындағы күш көрсету фактілері туралы қоғамдық ұйымға арызданған сол мектеп-интернаттың оқытушысы Галина Селезнева келген.

Әйтсе де, Әлиманың айтуынша, судья мен қарсы тарап оның еркін сөйлеуіне мұрсат бермеген.

- Судья оның сөзін бөлсе, қарсы жақ «ол іске қатысты сөйлеп тұрған жоқ» деп айтты. Оған тек екі сұрақ қойылды. Оның мені қалай тапқаны турасында және оған менің өзімді қалай таныстырғаным жөнінде. Яғни, онымен жеке тұлға ретінде емес, «Ару ана» қоғамдық ұйымының жетекшісі ретінде сөйлескенімді растау үшін, - дейді Әлима Әбдірова тамыздың 25-і күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Галина Селезнева осы мәселе бойынша құқық қорғау органдары өкілдерінен құралған комиссияның сәуір айында өткен отырысында бір шәкірттің өзіне зорлық-зомбылық көрсеткені турасында шағымданғанын айтып берген. Ал судья болса, осы жайттарды сотта айтуына мүмкіндік бермеген.

Осылайша ол сәрсенбі күні болған сот процесіндегі жағдайдың бүгін де қайталанғанын айтады.

- Ол күні психикалық дамуы баяу балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернатына кезінде сау екі қызын жіберген Құрманбаеваға да сөз берген жоқ. Балалардың интернатта аш жүргені, ондағы жағдайдың нашар екенін, тексеру кезінде керамикалық ыдыстарды метал аяққа ауыстыратыны туралы, жалпы қоғамдық ұйымға жазған арызында жазған нәрселерді айтуына мүмкіндік бермеді, - дейді Әлима Әбдірова.
Айыпталушы Әбдірованың айтуынша, бейсенбі күні куәнің сөзінен кейін судья бірден жарыссөзге көшкен.

Оның айтуынша, бұл іс бойынша барлығы төрт отырыс өткен. Ол сот процестерінің жылдам қарқынмен өтіп жатқанына да таңқалды.
Ақтөбелік адвокат Кеңес Жүсіпов бейсенбі күні Азаттық тілшісімен сұқбатта соттан Әлима Әбдірованы толығымен ақтауды сұрап отырғанын жеткізді. «Қаншалықты жеңуге мүмкіндіктеріңіз бар деп ойлайсыз?» деген сұраққа ол: «Айта алмаймын. Сот шешімін күтіп отырмыз» деді.

АЙЫПТАУШЫ СОТТАН БАСҚА ЕШКІММЕН ХАБАРЛАСПАЙДЫ

Бұл іс бойынша шағым беруші жақпен хабарласудың сәті түспеді.
Тамыздың 25-і күні шағым беруші Ирина Домбровскаяның үйіне хабарласқан кезде өзін «ұлының досымын» деп таныстырған азамат оның шығып кеткенін, қашан келетінін білмейтінін айтты. «Ұялы телефонын бере аласыз ба?» деген сұрағымызға ол: «Мен білмеймін, мен бұл үйге мүлде бөтен адаммын» деп жауап берді.

Осыдан кейін тағы да бірнеше мәрте хабарласқан кезде автомат жауап бергіш қосылып тұрды.

Өткен айдың аяғында Ақтөбе соты психикалық дамуы баяу балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернаттың бұрынғы директоры Ирина Домбровскаяның шағымы бойынша «Ару ана» Әлима Әбдірованың үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын.

Әңгіме осы интернатқа қатысты туған даудан шығып отыр. Өткен жылдан бері Әлима Әбдірова осы интернатта балалардың құқығы өрескел бұзылып, олардың зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын дәлелдеуге тырысып келеді.

Ал шағым иесі Ирина Домбровская Әлима Әбдірованы «интернат басшылығына қатысты жалған ақпарат таратып, өзім мен отбасы мүшелерімнің ар-намысына, беделіне нұқсан келтірді» деп айыптап отыр. Ол соттан моральдық шығын үшін 5 миллион теңге, оған қоса сот шығындары үшін 60 мың теңге өндіріп беруді сұрайды.

Бұл іс бойынша сот үкімі тамыздың 27-і, сенбі күні шығады.

2009 жылдың шілдесінен бері осы аймақтағы Азаттық радиосының тілшісі ретінде де қызмет атқарып жүрген Әлима Әбдірова оқырмандарымызға соңғы бірнеше айда Ақтөбе облысында болып жатқан оқиғалар туралы жазған репортаждары арқылы жақсы таныс.