«Сопылар ісі» бойынша сот отырысы жабық өтті

Полиция қызметкерлері сопылық ағым өкілдерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс материалын сот залына әкеле жатыр. Алматы, 13 шілде 2011 жыл

Шілденің 14-і күні қылмыстық іс бойынша Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында Исматулла Мақсұм мен Саят Ыбыраев бастаған сопылық ағым өкілдерінің ісі бойынша үшінші сот отырысы өтті.

Сот процесінің ашық деп белгіленгеніне қарамастан оған тек «арнайы рұқсаты» бар журналистерді ғана кіргізді. Мұның себебін журналистер отырысқа беттеп бара жатқан судья Қалмағанбетовтен де сұраған еді, алайда ол ешкімді көзіне де ілмей өте шықты.

ШАҒЫМ

Сәрсенбілік сот отырысына айыпталушылардың туыстары, адвокаттары мен куәлар келген екен. Оларды сот залына кіргізер кезде қатаң түрде тексеріп, қалта телефоны сияқты заттарын алып қалып жатты. «Міне, көрдіңіздер ме? Бізбен ғана осылайша қарым-қатынас жасайды» деп қатысушылардың бірі журналистерге шағымданды.

Ал сот ғимаратының фойесінде тұрған бірнеше полиция мұның бәрін камераға түсіріп тұрған ақпарат құралы өкілдеріне ескерту жасаумен болды. Бәрі кіргеннен кейін есікті жауып алды.

Осылайша журналистерге сот ғимаратының алдында күтіп тұруға тура келді. Сот процесіне журналистермен бірге қатысуға келген Адам құқығын қорғау бюросының өкілі Андрей Гришин мұның заңсыз екенін айтты.

ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАРДЫ МОЙЫНДАМАУ

«Сопылар ісі» бойынша тоғыз адамға қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша айып тағылып отыр. Адвокаттары олардың барлығының аты-жөндерін айтудан бас тартты. Олардың арасында өткен жылы қамауға алынған «сопылық ағымның жетекшілері» Исматулла Мақсұм деген атпен белгілі діни тұлға мен Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Саят Ыбыраев та бар екені белгілі.

Туыстарының айтуынша, олардың алтауы он бір айдан бері қамауда болса, үшеуі елден кетпеу туралы қолхат берген. Авдокаттары олардың ешқайсысының өздеріне тағылған айыптарын мойындамайтынын айтты.

«Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының жетекшісі Саят Ыбыраевтың адвокаты Абзал Құспановтың айтуынша, оған көптеген баптар бойынша айыптар тағылған. «Олардың ішіндегі бастысы «уаххабшылардың құқығын бұзу» (237-ші бап) айыбы шығар» деді ол.
Абзал Құспанов, Саят Ыбыраевтың адвокаты. Алматы, 13 шілде 2011 жыл

- Саят Ыбырай өздерінің сөздерінде Қазақстан республикасындағы уаххабшылардың әрекетін қатты сынға алған. Ол бұл іспен он жыл, яғни, «Сенім. Білім. Өмір» ұйымы құрылғаннан бастап айналысқан. Ол өзінің идеяларынан бас тартқысы да келмейді. Әрі қарай да ұстана береді. Осы үшін оны жауапқа тартып жатыр, - деді Абзал Құспанов.

«Құқығымды бұзды» деп әлдебір «уаххабшы» Саят Ыбыраевтың үстінен шағым түсіріп пе?» деген журналистің сауалына адвокат «Жоқ» деп жауап берді.

Саят Ыбыраев басқаратын «Сенім. Білім. Өмір» ұйымы экстремистік ұйымға жата ма?» деген журналистердің сұрағына ол былай деді:

- 2005 жылы осы ұйымның қызметіне сараптама жасалып, Маңғыстау облыстық соты бұл ұйымның экстремистік ұйым емес екені туралы сот шешімін шығарған. Бұл ұйым әділет министрлігінде тіркелген. Сондықтан ол ұйымды ешкімнің экстремистік ұйымдар қатарына жатқызуға құқығы жоқ. Дегенмен ол осы баппен жауапқа тартылып отыр, - деді Абзал Құспанов.

«ТАЗА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ КҮРЕС»

Ал Саят Ыбыраевтың зайыбы Ләззат Ыбыраева «экстремистермен күрескен» күйеуінің қамауда жазықтан-жазықсыз отырғана сенімді.

- Мұнда таза идеологиялық күрес жатыр. Ол жастарды тәрбиелеген. Халқына игі істер жасады. Оның 11 айдан бері қамауда не үшін отырғаны түсініксіз. Оның айыбына қатысты ешқандай дәлел жоқ. Сотта осылардың бәрін анықтағымыз келеді, - деді Ләззат Ыбыраева.
Ләззат Ыбыраева, айыпталушы профессор Саят Ыбыраевтың зайыбы. Алматы, 13 шілде 2011 жыл

Оның айтуынша, оған тағылған айыптардың арасында «адам құқығын заңсыз шектеу» (126-ші бап), «ұйымдасқан қылмыстық топ құру» (337-ші бап) сияқты баптар бар.

«ЗІКІРДІ ӨТКІЗУГЕ АРНАЙЫ РҰҚСАТ КЕРЕК»

Адвокаттардың айтуынша, бұған дейін болған екі отырыста айыпталушылар мен жәбірленуші жақтан жауап алынған. Ал қазір куәлар тергеліп жатыр.

Таңертең сот залына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Әбдімүтәліп Дәуренбеков те кіріп кеткен болатын. Туыстарының айтуынша, ол сотқа куә ретінде қатысқан. Бұл турасында толық айтқысы келмеген Ләззат Ыбыраева қысқаша былай түйіндеді:

- Ол (Әбдімүтәліп Дәуренбеков) исламда зікір бар екенін айтады. Бірақ оны арнайы ұстаз бақылап отыру керек деп санайды. Яғни, зікірді жүргізетін адамға рұқсат берілуі тиіс көрінеді. Исматуллаға мұндай құқықты ешкім бермеген деп айыптап отырған болулары керек, - деді Ләззат Ыбыраева.

Сот процесі болған күні айналаны полиция торуылдап жүргенін де айта кету керек. Құқық қорғау орнының өкілдері сол аудандағы аулаларға дейін шашырай күзетіп тұрды.

Өздерін Яссауия сопылық тариқатын ұстанушылар деп санайтын топтың бірнеше өкілі былтырғы тамыз айынан бастап қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған болатын.