Қазанның 22-сі күні «ресейлік «Роскосмос» агенттігі украиналық «Южмаш» кәсіпорнына «Зенит» зымыранына керек қозғалтқышты беруден бас тартқаны хабарланды.
«Известия» басылымының жазуынша, «Зенитті» жасайтын «Южмаш» тиесілі ақысын төлемегендіктен «Роскосмос» осындай шешім қабылдаған.
Бұдан бір күн бұрын Украина президенті Петр Порошенко Днепропетровск қаласына барған сапарында елінің ғарышты игеру мәселесі бойынша мүдделі мемлекеттермен, соның ішінде Қазақстанмен де әріптестік орнатқысы келетінін мәлімдеген еді.
Ғарыш саласы мамандары үш ел арасындағы әріптестікке бұл мемлекеттердегі саяси ахуалдың да әсер етіп жатқанын айтады.
«УКРАИНА ЗЫМЫРАН ҚҰРАСТЫРУДАН ЖАҚСЫ»
Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі өкілі (аты-жөнін атамауды өтінді) «Зенитке» қатысты жаңалықты Украина мен Ресей арасындағы саяси дағдарыстың салқыны деп біледі. Ол 2013 жылы осы үш елдің ғарыш агенттіктері арасында «Зенит» зымыран тасығышына негізделген «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру келісімі жасалғанын еске сала келе:
– Украина мен Ресей арасындағы соңғы саяси жағдайларға байланысты қазір бұл елдер арасындағы үшжақты байланыс үзілген. Сондықтан Қазақстан бұл салада Ресеймен бөлек, Украинамен бөлек қарым-қатынас орнатуға мәжбүр болып отыр, – деді.
«Украина зымыран құрастыру жағынан жақсы» екенін, «өндірістік кәсіпорындары да жақсы дамығанын» айтқан «Қазғарыш» өкілі Киев пен Астана арасындағы әріптестік өндірістік және ғарыштық реттеулер жағынан өрбуі мүмкін деп болжайды.
Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі өкілі Украина президентінің кешегі «Қазақстанмен әріптестік» жайлы сөзіне баға беруге ертерек екенін айтты.
«ҚАЗАҚСТАНҒА ТАҢДАУ МҮМКІНДІГІ ТУЫП ТҰР»
Ал «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» журналының шеф-редакторы Нұрлан Аселкан «Қазақстан батылдық жасап, Ресеймен ғана емес, Еуропа не Украинамен де ғарыш саласында әріптестікті нығайту керек» деп есептейді.
– Қазақстан өзінің зымыран тасығышын құрастырып, Байқоңырда тең жағдайда жұмыс істеу үшін жағдай жасауы керек. Егер Украина технологиясын беріп, әріптестік орнатуға дайын болса, Қазақстан одан бас тартпауы керек. Бәлкім, Қазақстанда ең үздік өнімді таңдау мүмкіндігі де пайда болатын шығар. Себебі Украинаның ғарыштық өнімдері халықаралық нарықта сұранысқа ие және аса сапалы, – дейді ол.
Нұрлан Аселкан «Украина «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жобасынан кетсе, жоба тұралап қалады» деп біледі. Келісім бойынша, бұл кешен ресейлік «Ангарадан» бас тартып, украиналық «Зенит» зымыран тасығышына ауысуға тиіс болған еді.
– Бұл кешен жайлы Ресей айтқан ұсыныстардың барлығы ақыры жүзеге асқан жоқ. Шын мәнінде жоба тығырыққа тірелді. Ресей билігіне тиесілі көптеген құрылымдар әріптестікке келмей отыр. «Зенитке» балама техника жасау үшін Ресейге көп уақыт керек болады. Егер мұны Украина жасаса, сапа жағынан да ұтуы мүмкін деп, – деді «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» журналының шеф-редакторы.
«АНГАРА» VS «ЗЕНИТ»
Қазақстан, Ресей және Украинаның ғарыштық агенттіктері 2013 жылы шілдеде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені жайлы келісімге қол қойғанымен, бір жыл өтпей жатып бұл шарттың орындалуына күмән туған. Биыл жазда Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев «Бәйтерек» украиналық «Зенит» зымыран тасығышына ауыспайтынын, «оған себеп – саяси ахуал» екенін айтқан.
– Біз жобаны бастадық, барлығын қарастырдық, «Жол картасына» қол қойдық. Бірақ кенеттен «Зенит» зымыранын жасайтын Украинада қақтығыс басталды. Жоба тағы тоқтап қалды, – деген Талғат Мұсабаев.
Ресей мен Қазақстан Байқоңырда «Бәйтерек» деп аталатын ғарыш зымыран кешенін тұрғызып, бірлескен кәсіпорын ашуға 2004 жылы келіскен еді. Кешен ол кезде «ғарыш аппараттарын Ресейдің экологиялық қауіпсіздігі аса жоғары «Ангара» зымыран тасығышымен ұшыруды» мақсат еткен. Қазақстан жобаны қаржыландыруды мойнына алған. Ресей Байқоңырды жалға алу келісімі бойынша Қазақстанға жыл сайын аударылатын қаражат есебінен жұмыстарды бастай беруді ұсынған. Кешен құрылысы 2010 жылға қарай аяқталады деп жоспарланған.
Бірақ жобаны қаржыландыру сол күйі басталмады. Ресейдің «Известия» газеті 2012 жылдың аяғында «Роскосмос» агенттігіндегі дереккөзге сілтеме жасап, «Бәйтерек» жобасының жүзеге асуы қазір мүмкін емес» деп жазды.
Ресей 1955 жылы 2 маусымда салынған Байқоңыр кешенін 1994 жылдан бері жалға алып келеді. Екі ел арасындағы келісімге сәйкес, Ресейдің Байқоңыр кешенін жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған. Ресей ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Қазақстанға жыл сайын шамамен 115 миллион АҚШ долларын төлейді.