Нью-Йорктегі «Әділет ашық қоғам бастамасы» ұйымы Александр Герасимовтың ісіне қатысты шағымды БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне табыс етті. Әңгіме оның Қостанай полициясында азаптау мен қинауға душар болғаны жайында.
ҚАЗАҚ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ҚАЛАЙ ҚИНАЙДЫ
«Әділет ашық қоғам бастамасының» шағымында Қазақстан полицияның қинап-азаптау әрекеттерінің алдын алмады және мұндай әрекеттерді жазаламады деп атап көрсетілген.
2007 жылы Александр Герасимов қамауға алынған өгей баласы туралы сұрамақшы болып, елдің солтүстігіндегі Қостанай қаласындағы жергілікті полиция бекетіне барған екен.
Бірақ оның өтінішіне жауап берудің орнына полиция қызметкерлері Герасимовты адам өлтірді деп айыптап, оның өзін абақтыға отырғызған. Полиция Герасимовты қылмысын мойындатқызу үшін аяусыз ұрып-соққан. Шағымда осындай деректер келтіріледі.
Нью-Йорктегі «Әділет ашық қоғам бастамасы» ұйымының бас директоры Джэймс Голдстонның айтуынша, бір тәулік абақтыда болған Герасимов полицияның қинауы мен азаптауы салдарынан басынан жарақат алып, бүйрегі зақымданған.
«Полиция қызметкері Герасимовты жерге жатқызып, қолдарын артына қайырып байлап, арқа оьыртқасына тізесін батырып қинаған. Сөйтіп басына полиэтилен пакет кигізіп, тұншықтырған. Дем ала алмай қалған кезде пакетті шешіп, кейін осы әдісті бірнеше рет қайталаған», - дейді Голдстон.
Ақыр аяғында Герасимов ешқандай айып тағылмастан босатылған, бірақ ол ауыр халде ауруханаға түскен. Содан бері ол жүйке ауруына щалдыққан.
Герасимовтың ісі БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жетіп отыр. «Әділет ашық қоғам бастамасы» Адам құқықтары және заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюромен бірлесе отырып БҰҰ-на қайрылды.
ЕҚЫҰ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯСЫ
«Әділет ашық қоғам бастамасы» ұйымы Орталық Азиядағы жергілікті құқық қорғау топтарымен бірге жұмыс істеп, қинап-азаптау мен полицияның басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерін тіркеп, жергілікті соттарға шағымдануға көмектеседі, егер бұл әрекеттер сәтсіз болса, ол істерді халықаралық ұйымдарға жеткізеді.
Голдстонның мәлімдеуінше, бүкіл Орталық Азия аймағында полиция азаптау әдістерін жиі қолданады.
«Орталық Азиядағы азаптау проблемалары жаңалық емес. Біз зәбір-жапа шегіп, шағым түсіргендерге заңды өтемақы төленуі үшін әрекеттеніп жатырмыз», - дейді Голдстон.
Голдстон БҰҰ-ның комитетіне түсірілген шағым қаралып, Герасимовқа қаржылай өтемақы төленеді деп үміттенеді. Ол сондай-ақ халықаралық қауымдастық Қазақстанның сот жүйесі мен азаптау әдістерін қолдану практикасын қайта қарап шығуын талап ететін болады деп сенеді.
«Біз Қазақстан үкіметінің іс жүзінде сот жүйесі мен полицияның әрекеттерін тезірек қайта қарауын қалаймыз. Тергеу барысында полицияның қолданатын кейбір практикаларын реформалау қажет», - дейді Голдстон.
Герасимовтың ісі бойынша шағым Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған жылы түсіріліп отыр. Осындай беделді халықаралық ұйымды басқарушы Астана азаптау сияқты репрессивті әдістерден бас тартуы тиіс дейді Голдстон.
«Қазақстанның осындай мәртебелі лауазымда болуы қазір әлем сахнасында халықаралық ойыншы ретінде нақты бір міндеттемелерді қолға алуына қолайлы кезең деп ойлаймын. Ол қылмыстық сот жұмысына үлкен назар аударуы керек. Басты мақсат - азаптауды жою болуы тиіс», - деді Голдстон.