АҚШ мемлекеттік департаментінің 2014 жылғы әлем елдеріндегі адам құқықтарының ахуалы туралы есебі жарияланды.
ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЕСЕП
Онда "Қазақстан билігі өткен жылы ой-пікір еркіндігін шектеп, ақпарат құралдарына лицензиясын қайтарып алу, интернетті пайдалануын шектеу, қылмыстық және әкімшілік қуғындау жолымен қысым көрсетті" деп жазылған.
Есепте Қазақстанда былтыр журналистер мен басылымдарға қарсы жазалау шаралары болғаны, оның ішінде билік өкілдерінің "жала жабу" туралы шағымы негізіндегі айыптаулар салдарынан бірнеше ақпарат құралының қызметі тоқтатылғаны айтылған. Баяндама авторлары "Бұл шаралар [ақпарат құралдарының] өзіне-өзі цензура қоюына әсер етті" дейді.
Мемлекеттік департамент есебінде Қазақстан билігінің "сөз бостандығы, жиын өткізу мен дін ұстау еркіндігін барынша шектейтін" жаңа қылмыстық және әкімшілік кодекстерді қабылдағаны айтылады. Бұған қоса, Қазақстанда "қамауға алынғандар мен тұтқындардың азапталып, заңсыз қаза табатыны" туралы жазылып, "заңсыз тұтқындау, азаматтардың жеке өміріне қол сұғу, партияларды тіркеу тәртібінің қатаюы, үкіметтік емес ұйымдар қызметінің шектелуі" сияқты жайттар да көрсетілген.
ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕР
Мемлекеттік департамент есебінде постсоветтік Ресей, Беларусь, Армения, Молдова, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь,Тәжікстанда да адам құқықтарының жағдайы нашар екені айтылады.
Мемлекеттік департамент "Ресей саяси жүйесінде авторитарлық билік күшейіп, мемлекеттік саясатқа қарсыларды басып-жаншу жиілегенін, адам құқықтары нашарлап, басқару институттары - заң шығарушы, атқарушы және сот билігінде жаппай коррупция кең таралғанын" айтады.
Арменияда өткен жылы "үкімет жұмысының бұлыңғырлығы мен коррупцияның жайылуы, сот тәуелсіздігінің шектелуі мен азаматтардың үкіметті алмастыру мүмкіндіктерінің аздығы адам құқықтары саласындағы басты мәселелер болғаны" айтылады.
АҚШ мемлекеттік департаменті Беларусьті "авторитарлық мемлекет" деп сипаттап, "бұл ел билігі азаматтарды үкіметті сынағаны, шерулерге қатысқаны үшін және басқа да саяси себептермен негізсіз тұтқындап, түрмеге жауып жібереді" деген.
Есепте "Әзербайжанда өткен жылы коррупциялық істер жайлы жазып жүрген журналистер мен өзгеше ойлайтындарды сот жүйесі арқылы жазалау әдісі қолданылды" деп жазылған.
Мемлекеттік департамент Тәжікстанды да "авторитарлық мемлекет" деп атап, бұл ел азаматтарының "еркін әрі әділ сайлау арқылы билікті ауыстыра алмайтынын" айтқан. Есепте тәжік билігі өткен жылы "тұтқындарды азаптап, саяси белсенділерге қысым көрсетіп, ақпарат алу еркіндігін шектегені" жазылған. "Адам құқықтарын бұзғаны үшін Тәжікстан үкіметі өкілдері жауапқа тартыла бермейді" дейді баяндама авторлары.
Адам құқықтары есебінде Молдовадағы "сот саласы, салық органдары, кеден қызметі мен басқа да қоғамдық институттардағы коррупция өткен жылы адам құқықтары саласындағы басты проблемалар болғаны" айтылған.