94 жыл бұрын Бүкілресейлік құрылтайға делегат сайлау науқаны кезінде қазақ ортасынан шыққан алғашқы либералдар мен социалистер көппартиялық саяси жүйе мен федерациялық мемлекет туралы армандады. Бірақ аласапыран жылдары ажалдары большевиктерден жетті.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін патша өкіметі құлаған соң, Мемлекеттік думаның Уақытша комитеті мен Санкт-Петербург кеңесі атқару комитетінің келісімі нәтижесінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысы (Учредительное собрание) өткізілетін болды. Мемлекет басқарудың жаңа тұрпатын айқындайтын бұл жиналысқа партиялық тізім бойынша 730 делегат белгіленді.
Әу баста сайлауды 17 қыркүйекте өткізіп, құрылтай 30 қыркүйекке белгіленгенімен, кейіннен сайлау 12 қарашаға, жиналыстың шақырылуы 28 қарашаға қалдырылды.
Патшалық Ресей аумағында 73 сайлау округі құрылды. Қазіргі Қазақстан жерінде Жетісу, Орал және Дала сайлау округтері ұйымдастырылды. Ресей халқы ғана емес, оның құрамындағы өзге ұлттар мен ұлыстар да құрылтайдан зор үміт күтіп, сайлау науқанына кірісті.
«АЛАШТЫҢ» БАС СЫНАУШЫСЫ
Құрылтайға тек саяси партиялардың өкілдерінен сайланған делегаттар қатысатындықтан қазақ оқығандары тез арада саяси партия құруды қолға алды. Сөйтіп дәл осы құрылтай қарсаңында «Алаш» партиясы мен «Үш жүз» партиясы дүниеге келді. Қазақ даласындағы Құрылтай сайлауына бұл екі партиямен қатар большевиктер мен эсерлер партиясы да қатысты. Бұл екеуі «Алаш» партиясының қазақ даласындағы басты бәсекелестері болды.
Бірақ тарихи деректер «Алаш» партиясы мен «Үш жүз» партиясының арасында да тартыс аз болмағанын көрсетеді. Алайда бұл тартыс партиялық бәсекелестіктен гөрі бірін-бірі партия ретінде мойындағысы келмейтін ымырасыз күреске көбірек ұқсайтын еді.
Большевиктерге ермей тұрғанда «Үш жүз» партиясы «әуелі түркі-татар федерациясын құрып, орыстардан аулақ жүруді», содан соң біртіндеп автономиялы елге айналуды көздесе, «Алаш» партиясы автономияны Сібір автономшыларымен селбесе отырып алуды ойластырды.
Сонымен қатар «Үш жүз» партиясы «қазақ жұмысшылары мен кедейлерінің сөзін ұстаймыз» десе, негізінен интеллигенция өкілдерінен құралған «Алаш» партиясы қазақты бай мен кедейге бөлген жоқ.
Құрылтай сайлауында ойсырай жеңілген «Үш жүз» партиясына тарихшы Мәмбет Қойгелдиев: «...саяси дүрмек ағымында әлеуметтік саяси
Тағы бір тарихшы Светлана Смағұлова «Көлбай Төгісов және «Үш жүз» партиясы» деген еңбегінде: «Үш жүз» партиясы мен «Алаш» партиясының саяси бағыттары бір еді. Олардың негізгі мақсаты – ескі үкімет билігін толығымен жойып, қазақ халқының өз алдына бөлек отау құруын жүзеге асыру. Осы мақсат жолында екі ұлттық партияның арасында күрес туындады. «Алаш» мүшелері «Үш жүздің» ісін жақтырмады. «Үш жүз» де «Алашты» өз газеттерінде ғайбаттап жатты» деп жазады.
Академик Кеңес Нұрпейісов: «Үш жүз» партиясы әуел баста «Алашпен» бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен, ол райынан тез қайтты да, көп кешікпей «Алаштың» бас сынаушысына айналды» деген ой-пікірін білдірді.
БӨЛІНУ
Болашақ «Үш жүз» партиясы мен «Алаш» партиясы жетекшілерінің арасындағы кейбір келіспеушіліктер 1917 жылғы мамырда Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылмандар съезінен кейін байқалды.
Қазақ ішінен барғандар арасынан Жаһанша Досмұхамедов, Көлбай Төгісов, Уәлитхан Танашев, Жақып Ақбаевтар осы съезде атқару кеңесінің мүшелері болып сайланды. Бұл кеңестің іс жүргізетін орталығы Санкт-Петербург қаласы болып белгіленді. Сонымен қатар съезге қатысқан басқа да делегаттарға қосыла отырып, олар «...бірінші
Ал бұл кезде бірінші жалпықазақ съезін шақыруды ұйымдастыруға кіріскен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, т.б. қазақ оқығандары ол съездің шешімдерін де, атқару комитетін де мойындамай, бұл кеңеске «сайланған қазақ ағзаларын халық тарапынан сайланған ағзалар дей алмаймыз һәм олардың қазақ атынан деп істеген істерін, сөйлеген сөздерін халықтікі демейміз» деп мәлімдеді. Оның үстіне екінші бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қазақтан өкіл жібермейтінін айтты.
Сөйтіп бүкілресейлік мұсылмандар съезінің атқару кеңесімен араласа отырып, қазақ партиясының жобасын жасау жоспары жүзеге аспады.
«БІР СПИСОКТЕН АРТЫҚ БОЛМАСЫН...»
Бүкілресейлік құрылтай сайлауы жақындауына байланысты шілденің 21-26 аралығында Орынборда шұғыл өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар «бір облыста бір списоктен артық болмасын, ол список осы жалпықазақ съезі көрсеткен список болсын» деген қаулы алды. Мұны «қазақ бірнеше тізім жасап өз-өзімен таласып кетсе, өзіне сыбағалы депутаттық орнын өзге жұртқа беріп қояды» деп түсіндірді.
«Алаш» партиясымен бір кезеңде пайда болған «Үш жүз» партиясы жалпықазақ съезінің бұл шешімін мойындағысы келмеді. 1917 жылдың қазан айында Омбыға келген Әлихан Бөкейханмен кездесуде «Үш жүз» партиясының ұйымдастырушылары Мұқан Әйтпенов пен Шаймерден Әлжанов қазақ партиясының атауы «Үш жүз» болсын деген ұсыныс айтты және партия бағдарламасы жөнінде Әлихан Бөкейханмен пікір таластырды.
Мұқан Әйтпенов көп ұзамай, 1917 жылы қарашаның 17-сінде «Қазақ» және «Иаңы уақыт» газеттеріне: «Белгілі кадет Бөкейханов ашқан «Алаш» партиясының программасына қанағаттанбай қазақтар өз алдына «Үш жүз» атты социалист партиясын ашты. Партияның мақсаты – федерацияны жақтау һәм түрік-татар қауымдарын біріктіру, Учредительное собраниеге жеке список кіргізу», – деген жеделхат жолдады.
Омбы қаласында құрылып, Қызылжар, Семей, Ақмола қалаларында бөлімшелері жұмыс істеген «Үш жүз» партиясы туралы көп ұзамай Семейдегі «Сарыарқа» газеті «Алаштың туын ұстаған асқар белдей ерлерімізді... арамзалар қаппақ болып, жынын құсып, уын шашып жүр. Мұндайларға «Үш жүздің» партиясы деген атақ байланып, бар қазақтың ұйытқысы болған «Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақшы болып жүр» деген мақала басты.
Бұл орайда тарихшы Светлана Смағұлова «алаштықтар» «Үш жүз» партиясының құрылтайға ұсынған тізіміндегі алғашқы алты адамының депутат болуға лайықсыз екенін айтып, «Қазақ» газетіне мақала жариялады» деп жазады.
«ҮШ ЖҮЗДІҢ» АРТЫНАН ЖҮРЕМІЗ»
Қарашаның 28-і күнгі құрылтай сайлауынан жеңілгеннен кейін «Үш жүз» партиясы мен «Алаш» партиясының тартысы одан әрі шиеленісті. 1917 жылдың желтоқсанынан 1918 жылдың мамырына дейін 10 нөмірі шыққан «Үш жүз» газеті «Алаш» партиясының ықпалындағы «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран» газеттерімен айтысқа түсті.
«Қазақ» газеті: «Түрі адамға ұқсағанымен пиғылы айуан сияқты сұмдар «Үш жүз» партиясы деп атақ байланып, бар қазаққа ұйытқы болған «Алаш» партиясының адамдарын арам аузымен былғамақ болып жүр. Төрт аяқты қасқырға у салушы еді, мыналарға деген у мынау: «Үш жүз» партиясы – содырлы, сойқанды, жүзіқаралар партиясы. Бұл – жұртқа келген үлкен дерт. Сөзіне құлақ қоймай, өздерінен аулақ болып, сақтану – алаш балаларының борышы», – деп жазды.
«Үш жүз» газеті де қарап қалмай, 1918 жылы қаңтардың 19-ында «Үш жүз» партиясының бір топ белсенділері қол қойған «Ит жоқта шошқа үреді қораға, ұл жоқта құл жүреді жораға» деген мақала жариялап, Әлихан Бөкейханның ар-намысына тиетін сөздерді аямады.
«Біз «Үш жүздің» артынан жүреміз! Рас, біз «Үш жүз» партиясын кешірек ашып, халықтың көбі білмей қалды. Ұйқыда жатқан бейшара жұртты алдап жүріп, көп доңыздарды өткізерсіңдер. Бірақ ертең жүздеріңді айдай қылып, барған қаражүректеріңді учредительное собраниядан қамшылап қайта қуып, екінші сайлау болғанда халық та екі жақты салыстырып, салмақтап өз көзімен жүрер», – деді «үшжүздіктер».
Екі партия арасындағы егес 1918 жылы жазда «Үш жүз» партиясы жойылғанға дейін жалғасты.
«БӨКЕЙХАНОВТЫ ҰСТАП БЕРГЕНГЕ – 10 000 СОМ»
«Алаш» пен «Үш жүздің» арасындағы алауыздықты сәтімен пайдаланған большевиктер Омбыдағы «Революционная мысль» газеті арқылы 17 қарашада «қазақ кедейлерін соңына ерткен» «Үш жүз» партиясын құрылуымен құттықтап, «Үш жүз» партиясын қолдаушылардың хаттарын жариялап отырды.
«Алаш» партиясымен күресті басты мақсатына айналдырған «Үш жүз» партиясы да біртіндеп большевиктерге қарай ойысты. Бұл жөнінде «Алаш» партиясы «...Көлбай Төгісов пен Ермұхамет Тоқбаевтар орыс большевиктерін қолдаған қылмысты әрекеттерін тоқтатпаса, «Алаш» партиясының жауы деп танып, оларды қазақ халқының арасынан аластататындықтарын» мәлімдеді.
Большевиктердің ұсынысымен Омбы губерниялық кеңесі атқару комитетінің құрамына сайланған, кейін басқа да қызметтер атқарған Көлбай Төгісов «Алаш» партиясын қуып, таратуға бар күшін салды. Зайсандағы «Үш жүз» партиясының мүшелеріне жіберген жеделхатында: «Алаш» партиясы қуылды. Оның бірнеше мүшелері қамауға алынды. Бөкейхановқа іздеу жарияланды. Демократиялық «Үш жүз» партиясы күннен күнге өсіп, жеңілмейтін күшке айналып келеді. Зайсандағы «Алаш» партиясын тезірек қуып, тарату керек», – деп жазды.
Омбыда шығатын «Известия» газетінің сәуірдің 23-індегі санында Көлбай Төгісов Әлихан Бөкейханды ұстап бергендерге - 10 000 сом, ал Ахмет Байтұрсынұлын ұстап бергендерге 3 000 сом ақша беретіндігін жариялады.
Көлбай Төгісов онымен де тоқтамай, «Алаш» партиясының Владимир Ленин және Иосиф Сталинмен келіссөз жүргізгенін естіп, 1918 жылы сәуірдің 21-інде «кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық «Алаш» партиясына қарсы құрылған «Үш жүз» деген қазақ социалистік партиясының бар екенін білдіріп» жеделхат жолдап, «Алашпен» күресте өздерін қолдауын сұрап, Сталинмен телеграф арқылы сөйлесті. Сталин Көлбай Төгісовтің бұл өтінішін аяқсыз қалдырмай, Әліби Жангелдинге тапсырма берді.
«КЕШІРІМ БЕРЕ АЛМАЙМЫЗ»
Алайда бұл уақытта «Үш жүз» партиясының өз ішінен де жік шыққан еді. Партияның бұрынғы төрағасы Мұқан Әйтпенов орнына келген Көлбай Төгісовке «Үш жүздің» Омбыда өткен кезектен тыс жиналысында түрлі айып тақты. Көп ұзамай Төгісовті 1918 жылғы сәуірде эсерлер құрған Батыс Сібір үкіметі тұтқынға алды.
Көлбай Төгісов өзінің тұтқынға алынуын «Алаш» партиясынан көрсе де, кейін «Алаш» партиясынан кешірім сұрап, тұтқыннан босауға жәрдемдесуді сұрады. Бірақ олар «барша қазақ-қырғыз халқына тигізген зиянына байланысты кешірім бере алмайтындықтарын, оның қылмысты ісін «Алаш» партиясының сотында тексеруге қалдыратындықтары туралы» шешім шығарды.
Көлбай Төгісов 1919 жылы, Омбы қаласын басып алған Колчак өкіметінің қолынан қаза тапты. Кейбір деректер «түрмеден қашып шыққан Көлбайды «Алаш» партиясының мүшелері қайта ұстап берді» деп көрсетеді.
«БІРЖАҚТЫ БАҒАЛАУҒА БОЛМАЙДЫ»
Әу баста «түркі-татар» федерациясын құруды көздеген, бірақ Қазан төңкерісінен кейін большевиктерді қолдап шыққан «Үш жүз» партиясы 1918 жылдың жазында саяси сахнадан кетті. Бірер жылдан соң «Алаш» партиясы да большевиктер билігін мойындауға мәжбүр болды.
Тарихшы Светлана Смағұлова «Үш жүз» партиясының да өз электораты, ұстанымдары мен көзқарастары болғанын, бірақ ол «Алаш»
Ал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Үш жүздің» саяси істері жөнінде «әрі-сәрі өтпелі кезеңде қоғамдық қызмет орбитасына түрлі қоғамдық элементтердің қосылуы, негізгі саяси күштер арасындағы егес барысында бұл элементтер өздерінің бастапқы мазмұнынан айырылып, мүлдем жаңа сапаға ие болуы белгілі дәрежеде табиғи құбылыс болса керек» деп түйеді.
Осылайша Қазақстанда КПСС диктатурасы қалыптасқанға дейінгі совет билігі орнықпаған өліара шақта көшпелі қазақтың құлағына тосын терминдерді қарша боратып, «батысшыл либерал», «жәдидшіл», «ымырашыл социалист» болып тартысқан екі қазақ партиясы да «ақ пен қызыл» соғысының құрбаны болды.