Достық – Сарыағаш қаласынан шамамен 50 километр жерде тұрған Ұшқын ауылдық округіне қарайтын шағын ауыл. Онда 2005 жылы қазақ-өзбек шекарасы белгіленгенде көрші елдің Науаи ауылынан бөлініп қалған 13 отбасы, 46 адам тұрады.
Азаттық тілшісі Достыққа тозығы жеткен тас жолмен барды. Әуелі байқалған дүние - әр үйге шекара сымы тиіп тұр. Кейбір мал қоралар мен шекара сымының арасы бір метр де шықпайды. Суретте: шекара сымының жанындағы қора.
Дариға Алиқұлованың Достық ауылына келін болып түскеніне 68 жыл болған. 11 құрсақ көтерген ана «Шекара сызығы белгіленбей тұрғанда әлеуметтік жағдайымыз жақсы еді. 15 жылдан бері тұрмысымыз нашарлап, жұмыссыздықтан балаларым тентіреп кетті» дейді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы, 20 қыркүйек 2016 жыл.
Достық ауылына ауызсу да, газ да тартылмаған. Әлеуметтік ахуалы нашар ауыл тұрғындары «көлігіміз - есек» дейді. Тұрғындар суды төрт километр жердегі көрші ауылдан есек арбамен тасып ішеді.
Әкімшілік аптасына төрт тонна су жеткізіп береміз дегенімен, тұрғындар көлік жанармайын ортадан ақша шығарып өтейтіндерін, ал судың ішуге жарамайтынын айтады.
Әйелдер ыдыс-аяқ жуған кезде де суды үнемдейтіндерін айтады.
Достық ауылындағы жабылып қалған дүкеннің бос тұрған ғимараты.
Өзбекстан-Қазақстан шекарасында жұмыс істеген «Қарабай» постының орны.
Достық ауылы тұрғындарына беріледі деген жер телімдері ауылға тақағандағы тас жолдың оң жағында жатыр.
Шекара сызығының түбінде орналасқан Достық ауылының көшесінің бірінде келе жатқан ауыл тұрғыны.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Достық ауылы тұрғындары «шекара түбінде күн көру қауіпті әрі қиын» және өздерінің «түгел жұмыссыз» екенін айтса, жергілікті билік өкілдері «тұрғындар өзін-өзі қамтығандар есебінде тұр, әлеуметтік жағдайлары орташа» дейді.