Қаңтардың 27-сі күні Орал қаласындағы «Абырой» экологиялық ұйымының кеңсесіндегі баспасөз мәслихаты басталар кезде журналистерге Березовка ауылының 21 қаңтарда ауруханаға түскен балалары туралы видео көрсетті. Бұл оқиғаны алғаш Азаттық хабарлаған еді.
– Олар Қарашығанақ кен орнынан күкіртті сутек тарады дегенді жоққа шығарады. Онда облыстық прокуратура неге оларға 10 миллиард теңгенің айыппұлын салды? Балаларымыздың денсаулығына орасан кесір келді. Балаларымызды шетелде емдету үшін биліктен өтемақы төлеуін талап етеміз, – деді Березовка ауылының тұрғыны Антонина Прохорова.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың енді бірі Нұрлан Жұмағазиев «билік ауыл маңындағы төбеге жаңа экологиялық бақылау станциясын орнату үшін 30 миллион теңге жұмсағанын» айтады.
– Жергілікті тұрғындардан онша ақшаға сондай станция салудың керегі барын сұраған жоқ. Оданда бұл ақшаны ауырған балалардың ата-аналарына материалдық көмек ретінде бөлсе, олар шетелден сауатты медициналық жәрдем алар еді, – дейді Нұрлан Жұмағазиев.
Березовканың тағы бір тұрғыны Айгүл Оралбаева ауылда өмір сүру әлі қауіпті екенін айтады.
– Уланудан соң әлі күнге дейін тұрғындарды эвакуациялау жайлы дайындық шарасы да жасалған жоқ. Жұрт төтенше жағдай болса қай жерге жиналарын білмейді. Екі айдан бері ештеңе өзгерген жоқ, – дейді Айгүл Оралбаева.
2014 жылы қарашаның 28-інде Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылында балалар белгісіз улы заттан жаппай уланған. Мектепте сабақта отырған 26 оқушы талып қалған. Ол оқиғадан кейінгі екі аптаның ішінде жүзге тарта адам дәрігерге барған. Науқастанғандардың бәрі басы айналып, жүрегі айнып, қысымы көтеріліп, тырыса беретіндерін айтқан.
Әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсаты кен орындарының бірі Қарашығанақтың жанындағы санитарлық-қорғаныш аймағы шегінде тұрған ауыл тұрғындары «адамдар күкіртті сутектен уланып жатыр» деп жориды. Билік ол деректі мойындап, кен өндіруші «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясына бірнеше миллиард теңгенің айыппұлын кескен. Тұрғындар көшіру туралы өтініш айтқанымен, Қазақстан үкіметі Березовка тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірмеу туралы шешім қабылдаған.