Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылының мәдениет үйінде билік өкілдерінің қатысуымен өткен жиналысқа ауылдың жүзден аса тұрғыны келді. Олар ауылға келген шенеуніктерден тұрғындарды мұнай конденсатын өндіретін Қарашығанақ кеніші іргесіндегі ауылдан көшіре ме, жоқ па – соны білгісі келеді. Жергілікті тұрғындар жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі кеніштен зиянды заттардың жайылуымен байланыстырады.
Бірақ энергетика министрінің орынбасары Ұзақбай Қарабалин тұрғындарға «қазір көшіруге мүмкіндік жоқ» екенін хабарлады.
– Әдетте тұрғындар елді мекеннен екі жағдайда – экологиялық кодекске сәйкес ауыл экологиялық төтенше аймақ деп танылса немесе елдімекен өндіріс нысандары шоғырланған санитарлық-қорғау аймағы шекарасында орналасса көшіріледі. Қазір бұл ауылды көшіруге негіз бола алмайды, – деп мәлімдеді Ұзақбай Қарабалин.
Оның айтуынша, соңғы жылдары «кенішті одан әрі дамыту мәселесін қарқынды қарастырып» жатқан үкімет пен Қарашығанақ кенішін игерушілер санитарлық-қорғау аймағына кіретін аумақты да кеңейту мәселесін де қарастырмақ. Қарабалиннің айтуынша, жарты жыл ішінде санитарлық-қорғау аймағы кеңейсе, Березовка тұрғындарын көшіру мәселесіне үкімет қайта оралады.
Жұрт Қарабалиннің сөздеріне бірден наразылық білдірді. Залда отырған бірнеше тұрғын көшіру талабы жазылған плакаттарын жайды.
– Мұндай жауапты күткен едік. Бірақ бізді бұл жерден ерікті түрде, біртіндеп көшіруді талап етеміз. Қалғысы келгендер қала берсін. Мұнда қалып, өмір сүру қауіпті. Мұндай улану оқиғасы қайталанбайды және кісі өлімі болмайды деп ешкім кепілдік бермейді, – дейді Березовка ауылы тұрғыны, былтыр жиені улану белгісімен ауруханаға түскен Айдар Зинешев.
Березовка ауылы тұрғындарынан құрылған белсенді топ мүшесі Мағзом Ермекбаев жиналыс мінберінен ауыл тұрғындарын Қарашығанақ кенішін игерушіні сотқа беруге шақырды.
– Конституцияда «экоцид» деген бап бар, енді соттасамыз. Ауаны ластаушы компанияны жергілікті халықтың денсаулығына келтірген зиян мен емделуге кеткен шығыны үшін материалдық өтемақы төлетуге тырысамыз, – деп мәлімдеді Мағзом Ермекбаев.
Березовка ауылы іргесіндегі кенішті игеруші компания басшыларының бірі тұрғындарды тыныштандыруға тырысты.
– Балаларыңыздың тезірек сауығып кеткенін тілектеспіз. Компания бұдан әрі де әлеуметтік жауапкершілік принциптерін ұстанады, – деді «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясының бас директоры Дамиано Рати.
2014 жылдың қарашасынан бері Березовкада бірнеше мәрте жаппай улану оқиғасы тіркелген. Жергілікті дәрігерлердің көмегіне жүгінген 90-нан аса тұрғынның көбі – балалар (Березовка ауылында 1 мың 300-ге жуық адам тұрады). Науқас тұрғындар «басымыз айналады, қан қысымы ауытқиды, лоқсыдық, денеміз тырысады» деп шағымданған.
2014 жылдың желтоқсанында премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Березовка ауылына сапары кезінде мәселені «айғай-шусыз шешу керек» деп мәлімдеген. Ол Березовкадағы жағдайды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қадағалап отырғанын әрі билік тиісті шараларды қолданып жатқанын айтқан.