Үкіметке қарап алақан жайған қазақ жазушылары балаларға арнап жазуға бейілді емес

Жазушылар одағында «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» деген атпен жиын өтті. Әдебиет майданының өкілдері балалар әдебиетінің мәселесін жарты ғасырда бір талқыға салып жатса, Алматыдағы кітап дүкендерінен қазақ балалар жазушыларының кітаптарын кездестіре алмайсыз.

Ат төбеліндей азғана адам қатысқан жиынға Алматыда тұратын ақын-жазушылардың барлығы шақырылғанмен көбі келмеген. Мұны жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин айта келіп, бүгінгі балалар әдебиетіне зәру болып отырған бүлдіршіндер ертеңгі үлкен әдебиеттің оқырманы екенін әріптестеріне естен шығармауын өтінді.
"Академкітап" дүкенінде. Алматы, 26 қараша, 2009 жыл.


Ал әдебиеттегі жолын балалар әдебиетінен бастаған көптеген ақын-жазушылар кейіннен әдебиеттің бұл жанрын «менсінбей» кететін көрінеді.

- Жазушылар одағының мүшесі болып саналатын өлі-тірісін қосқанда балаларға арнап жазатын қаламгерлер саны 125 екен. Алайда, көптеген қаламгер балалар әдебиетінен «қашып» кеткен. Мұның себебі, балалар әдебиетіне көзқарастың және балалар жазушыларының жағдайының төмендігінен деп ойлаймын, - деді балалар жазушысы Сұлтан Қали.

Сонымен қатар, Сұлтан Қалидың ойынша, танымдық кітаптардың аз болуы және олардың ауыл-аудандық жерлерге мүлдем жетпейтіні себепті, көптеген қазақ балалары техникалық кәсіптерден гөрі гуманитарлық кәсіпті көп таңдайды. Оның сөзіне қарағанда, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі, кәсіпкерлер танымдық кітаптардың көбеюіне және олардың ел аумағы бойынша таралуына мойын бұруы керек. Сондай-ақ, құзырлы орындар ұлт ұрпағының қалыптасуына кері әсерін тигізетін шетелден келетін балаларға арналған дүниелерге де шектеу қою қажет деп есептейді Сұлтан Қали.

БАЛАЛР ӘДЕБИЕТІНЕ ҮКІМЕТ ҚАРАЙЛАСПАСА, ҚАРАҢ ҚАЛАТЫН ТҮРІ БАР

Жиынға Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев та қатысты. Дегенмен, министрлік өкілі негізгі баяндаманы тыңдаған соң асығыс кетіп қалды. Ғазиз Телебаевтан министрліктің балалар әдебиетіне қатысты саясатын сұрағанымызда төмендегідей жауап алдық.
Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Ғазиз Телебаев. Алматы, 26 қараша, 2009 жыл.


- Біз министрлік тарапынан әлеуметтік маңызы бар әдеби кітаптар шығарамыз ғой. Жақында министрлікте келесі жылдың жоспары қабылданады. Сонда біз сол жоспарға балалар әдебиетін көптеп кіргізуге күш саламыз. Және бүгінгі жиыннан кейін жазушылар одағынан министрлікке арнайы ұсыныс жіберіледі. Біз сол ұсынысты да қаперге аламыз. Министрліктің биылғы жылғы жоспарында да балалар әдебиеті бар. Соның көлемін көбейтеміз бе деп отырмыз. Балалар әдебиеті бірінші - сапалы, екінші - мазмұнды болуы шарт. Мүмкін таралымын да көбейту қолға алармыз, - деді Ғазиз Телебаев.

Жиын барысында қазақстан жазушылары балалар әдебиетінің бұрынғы тарихын тамсана еске алумен болды. Бүгінгі балалар әдебиетіне келгеннің бәрі де қаламақының аздығын, кітап таралымының жоқтығын айтып, бұл мәселені бір шешсе, Үкімет шешеді, әйтпесе, қоғамдық ұйым саналатын жазушылар одағының қолынан ешнәрсе келмейді десті.

Ал, мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін әдеби кітаптардың таралымы бәріне бірдей 2 мың дана екен. Сұлтан Қалидың келтірген дерегі бойынша, Қазақстанда барлығы 18 мың кітапхана бар көрінеді.

Баспагер Қанат Қайым кітаптың таралымы көбейтумен бірге, кітаптың наисхатын да қатар жүргізу керек дейді.

- Ол үшін балалармен жазушылардың кездесулерін ұйымдастыру қажет. Оған жергілікті билік қарайласып, кездесуді өз қаражаттарына жасау керек. Сонымен бірге, телеарналар мен радиоларды аптасына болмаса айына бір шығатын балалар әдебиетіне байланысты бағдарламар болу тиіс. Бұл іске Үкімет араласпаса, шаруа түзелмейді, - деді Қанат Қайым.
Ақын Қадыр Мырза Әлі. Алматы, 26 қараша, 2009 жыл.


Жазушылар осылайша, өздерінің ұсынысын қабылдап, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберетін болып келісіп тарқасты. Бірақ та, мұндай жиындыр тек жұмыс істеліп жатыр дегенді көрсететін есептік шара дейді ақын Қадыр Мырза Әли.

- Совет өкіметінен қалған бізде бір жаман әдет бар. Жоспарлау деген. Бәрін жоспарлайды. Жиынды өткізеді. Өйткені, жұмыс істеліп жатыр деген есеп керек қой. Кейін қарасаң осындай жиындардан ешқандай қорытынды шықпайды. Бұлар шынымен балалар әдебиетін дамытқысы келсе, қолдарынан келеді ғой. Менің жалпы қазіргі балалар әдебиетіне көңілім толмайды, - деді Қадыр Мырза Әли

КІТАП ДҮКЕНДЕРІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ ЖОҚ


Біз Алматыдағы «Академкітап» дүкеніне бас сұқтық. Сатушының сілтеуімен қараған жерімізде қазақ тілді әдебиеттер саны бар болғаны екі сөре ғана толып тұр екен. Оның ішіндегі кітаптардың дені батырлар туралы және халық ертегілері екен. Аты-жөнін айтқысы келмеген сатушы қазақ тілінде балаларға арналған кітапты көбіне ата-аналар ғана сатып алатынын айтады.
"Академкітап" дүкеніндегі қазақ тіліндегі кітаптардың бар-жоғы осы. Алматы, 26 қараша, 2009 жыл.


- Сатып алушылар аз. Ал, алушылардың көбі балаларына кітап іздеген ата-аналар. Жасөспірім балалардың кітап сатып алуға келетіндері өте аз және сирек. Бүгін бір әйел келіп, Маршак өлеңдерінің қазақша аудармасын сұрады. Бірақ, ондай аударма кітаптар бізде жоқ. Жергілікті әдебиет бір-екі сөре ғана, – деді сатушы.

Қос сөредегі санаулы кітаптар арасынан жиынға қатысқан балалар жазушыларының ешбірінің кітабы көзімізге түсе қоймады.

Бүгінгі таңда балалар әдебиетін қолдау мақсатында бірен-саран балалар жазушыларының ұйымдастыруымен жекелеген кәсіпкерлердің қолдауымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Дарабоз» атты бір ғана әдеби бәйге бар.