Әнші өз кешін өзі жүргізді

Ерлан Рысқали ән кешінде. Алматы, 31 қазан 2012 жыл.

31 қазан күні Алматыда Жамбыл атындағы филармонияда әнші Ерлан Рысқалидың ән кеші өтті.

Әнші «әннің тарихын, тыңдаушы білуге тиіс мағлұматтарды әңгімелеп отыруды мақсат еткенін» айтады.

– Жәнібек Кәрменов бастаған игі дәстүрді парызым деп білемін. Сондықтан ата-баба аманатын арқалап жүрген соң, қазақтың әнін зерттеп білуге, білгенімді тыңдаушыға айтуға міндеттімін, – деді әнші Ерлан Рысқали.

Оның айтуынша, концертінен шыққан әр адам ең болмаса бір әнге қатысты бір тың мағлұмат көкейіне түйіп қайтса, қазақ өнері үшін қосқан үлесі сол болар еді.

ӘН МЕН ӘҢГІМЕ

Кеш Абайдың әні «Татьянаның хатымен» басталды. Ерлан Рысқали одан кейін Шәкерімнің «Ән туралы» деген әнін, Әсеттің сирек айтылатын «Ахау, жалғанын» орындады.

«Әміредей әнші болсам» деген арманын айтқан Ерлан Рысқали Уәйістің «Перуайым» әнінің шығу тарихын баяндап, ол әнді Әміре Қашаубаевтың нұсқасы бойынша айтып берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Уәйіс Шондыбайұлы "Перуайым". Орындаған: Ерлан Рысқали



Бұл кеште «Ахау, керім», «Ақ бидай» сияқты халық әндері, Нартайдың «Игигай» термесі, Ерлан Рысқалидың ұстазы Санақ Әбеуұлының «Туған жер» әні орындалды.

Ән кешін Молдабайдың әнімен тәмамдаған Ерлан Рысқали «Аңшының әнін» орында» деп қолқа салған көрермендерге «ол әнді келесі кешімде орындаймын» деп уәде берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Молдабайдың әні. Орындаған: Ерлан Рысқали



Әншінің кешінде сыбызғышы Талғат Мұқыш, күйші Мұрат Әбуғазы, күйші Нұркен Әшіров, қылқобызшы Құрманбек Жансүгіров өнер көрсетті.

«МАДАҚ АЙТЫП, ШАПАН ЖАПҚАН ЖОҚ»

Ерлан Рысқалидың ән кешіне келген көрермендердің бірі Сандуғаш Кенжебаева концерт ұнағанын айтты.

– Өйткені мен ол жерге қазақтың әнін тыңдаймын деп барғанмын. Мақсатым орындалды. Бүгінде сарайларда күн сайын өтетін концерттерден айырмашылығы – кеш тізгіні Ерланның өзінде болды. Қажетсіз мадақ сөздермен уақытты алып, елдің ығырын шығаратын жүргізуші болған жоқ. «Туған жерден ат арылтып келетін» әкімдер мен ағалар сахнаға шығып, екі сағат мақтауын жеткізіп, шапан жабу үрдісі де болмағаны қуантты. Ән тыңдап қана қоймай, әннің тарихына да қанық боп қайттық, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Сандуғаш Кенжебаеваның пікірінше, «дәстүрлі ән кештеріне шын мәнісінде өнерді ұғатын шынайы тыңдармандар келеді – бұл жолы да халық сүйсіне тыңдап, қажет жерде «Беу, шап!» деп әншіні арқаландырып отырды».

Your browser doesn’t support HTML5

Уәйістің әні "Бозқараған". Орындаған - Ерлан Рысқали.



Ал Блок Шайкенов есімді көрермен керісінше «сүйемелдеп отыратын жүргізушінің болмағаны қынжылтқанын» айтты.

– Бәрін өзі атқарып қиналып отыр. Ұйымдастырушылардың қателігі ғой. Сол ұйымдастырушылардың барына да күмәнім бар. Арыдан алғанда мәдениетті басқарушылардың қазақ дәстүрлі өнеріне көңілсіз қарауынан, – дейді Блок Шайкенов.

«ЕРЛАН БАРЛЫҚ ӘНДЕРДІ АЙТА БЕРМЕУІ КЕРЕК»

Әнші Рамазан Стамғазиевтің айтуынша, «бұл ауыз толтырып айтарлық, форматы бөлек концерт болды».

– Абай мен Шәкерімнен бастап, қос ішекті домбырадан басқа үш ішекті домбыраның элементтерін көрсетіп, залды баурап алды. Кейбір әншілердің жүрегі дауаламайтын әндерді репертуарына қалыптастырып, шағын концертін қойып берді. Концертіндегі өзгешелік – бұрыннан қалыптасқан, 1990 жылдары «Қазақконцерт» бірлестіктерінде болған «лекция-концерт» деген циклдық-концерттік жүйені Ерлан ары қарай жалғастырып, шамасы жеткенше айтып, концертін жүргізді, – деді Рамазан Стамғазиев Азаттық тілшісіне.

Your browser doesn’t support HTML5

Шәкір Әбеновтің әні "Геккідік". Орындаған - Ерлан Рысқали.



Ал көрермен Блок Шайкеновтың бағалауынша, «Ерлан – тамаша талант, үні кең, тембрі жағымды. Бірақ ол барлық әндерді айта бермеуі керек».

– Шырқап айтатын әндер Ерланның дауысына ыңғайлы. Қоңыр дауыспен айтатын әндерді жөнді шығара алмайды екен. Содан кейін әннің сөзін созыңқырап, ара жігін нақтылап айтқан дұрыс болар еді. Әрине екі сағаттық өнер көрсету жалғыз әншіге ауыр. Біраз әріптестерімен қосылып бір концертте бес-алты ән айтса, үні де, әндері де дараланып, оның өнерін ерекшелеп тұрар еді, – деді Блок Шайкенов Азаттық тілшісіне.

Your browser doesn’t support HTML5

Ақан серінің әні "Маңмаңгер". Орындаған - Ерлан Рысқали.



Ерлан Рысқали – Арқа әншілік мектебінің өкілі, 2011 жылы қыркүйекте Ресейдің Астрахань қаласында өткен ІІІ халықаралық «Голоса золотой степи – 2011» байқауының Гран-при жүлдесінің иегері, қазір Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаз.