Жәмиләның жаны ауырады, ал ҰҚК Жәкішевтің қан қысымы тұрақтанды дегеннен танбай отыр

Жәмила Жәкішева баспасөз-мәслихатында. Алматы, 29 қазан, 2009 жыл.

Жәмилә Жәкішева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тергеу абақтысындағы топ-менеджер Мұхтар Жәкішевке медициналық көмек көрсетпей, «мақсатты түрде өлтіруге талпынып жатыр» деп мәлімдеді. ҰҚК мұндай ауыр мәлімдемені «шектен тыс эмоциялар» деп қабылдайды.

Жәмилә Жәкішева бейсенбі күні Алматыда баспасөз конференциясын өткізді. «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің жұбайы журналистерді шұғыл түрде жинауының себебін өзінің күйеуінің денсаулық жағдайына қатты алаңдаулы екендігімен түсіндірді.

- Қазанның 17-і күні дәрігерлердің консилиумының ұйғарымымен Мұхтарды ҰҚК-нің тергеу абақтысынан Астанадағы азаматтық ауруханаға жатқызды. Сол жерде ол бес күн бойы ем қабылдап, қан қысымы біршама реттелгендей болды. Қазанның 21-і күні оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырған, - деді топ-менеджердің жұбайы.

Жәкішева аурухана дәрігерлері атом компаниясының бұрынғы басшысын абақтыға қайта ауыстыруға болмайтындығын айтқан және оны абақтыға оралғаннан екі күннен кейін Жәкішев ҰҚК дәрігерлерінің көз алдында есінен танып қалған деп мәлімдеп отыр.

Оның айтуынша, адвокат Нұрлан Бейсекеев өзінің қорғауындағы азаматты ауруханада стационарда емдеу қажеттігі туралы бесінші хатты бас прокуратураға жолдаған, алайда мекеме бұл хаттардың ешқайсысына да жауап бермеген. Жәкішева болса гипертонияға шалдыққан Мұхтарды абақтыда әдейі ұстап отыр деген тұжырым жасайды.

- Олар Мұхтарға медициналық көмек көрсетпеу арқылы қасақана менің күйеуімді өлтіруге талпынып жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бұл істі сотқа дейін жеткізбей, оның өзінің көзін құртуды көздеп отыр деген қорытынды жасауға болады. Адамның өзі жоқ болса, проблема да жойылды деген сөз. Бұл уақытта жұртшылыққа ештеме болып жатпағандай таныстырылып жатыр, - деп мәлімдеді Жәкішевтің жұбайы.

Жәкішева бұл жайында «ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаев біліп отыр» дегенге күмән келтірмейді және оның күйеуіне медициналық көмек көрсетпеу әрекеті де «соның тапсырмасымен орындалып отыр» деп есептейді.

- Адам осындай ауыр жағдайға ұзақ шыдай алмайтындығы белгілі. Адамгершілікке жат әрекет екендігі былай тұрсын, мен оны күйеуімді азаптау деп есептеймін, - деді Жәкішева.

«ГИПЕРТОНИЯНЫҢ АСҚЫНУЫ КІСІ ӨЛІМІНЕ ЖЕТКІЗЕДІ»

«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы, дәрігер Бақтылы Түменова қазіргі күні Жәкішевтің қан қысымы 210 және 160 көрсеткіші деңгейінде жоғары болып тұрғандығын айтып, бұл науқастың ішкі органдарында гипертониялық кеселдің асқынуынан деп бағалайды.
Бақтылы Түменова мен Жәмилә Жәкішева (солдан оңға қарай) баспасөз-мәслихатында. Алматы, 29 қазан, 2009 жыл.

- Гипертониялық асқыну инсультке әкеліп соқтырады, бұл жағдайда науқас өліп те кетуі мүмкін. Сондықтан Жәкішевке медициналық көмек көрсетілуі тиіс, - деді Түменова.

Бұл жағдайларды ол бас прокуратураға баяндап екі хат жолдағандығын, оның жауабын жақында ғана алғандығын, жауапта Жәкішевтің денсаулық жағдайын тексеру үшін науқасты ауруханаға жатқызғандығы баяндалғандығын жеткізді.

- Мен Жәкішевтің ауруханаға жатқызылғандығына қатты қуандым. Бірақ көп уақыт өтпей жатып оны абақтыға қайтарғаны мені тағы да алаңдатып отыр. Гипертонияның асқынған түрін стационарда ұзақ уақыт емдемесе болмайды, - деді қоғамдық қордың төрайымы.

Осыған байланысты Түменова сәрсенбі күні Қазақстандағы адам құқығы бойынша уәкіл Асқар Шәкіровке және бас прокуратураға хат жолдағандығын, онда Жәкішевтің медициналық көмек алу құқығы бұзылып отыр деп баяндалғандығын айтып өтті.

ҰҚК ЖӘКІШЕВА ЭМОЦИЯҒА БЕРІЛГЕН ДЕЙДІ

ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров, бейсенбі күні Азаттық радиосына, Жәкішеваның баспасөз конференциясында комитет қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты айыптауларын «таза эмоциялық тұрғыдағы сөздер» деп қабылдайтындығын және айыптаулардың бәрі негізсіз екендігін мәлімдеді.

- Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына зиян тигізетіндей әрекеттер жасаған жоқ. Керісінше, біз ғылыми медициналық орталықта медициналық тексеру өткіздік. Оның толықтай тексеріп, туындаған мәселелердің себептері анықталды. Емдеуші дәрігерлер басшылықтың ешқандай қысымынсыз өз тұжырымын жасады.
...Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына зиян тигізетіндей әрекеттер жасаған жоқ...


Дәрігерлер өз қорытындысында «қазіргі таңда науқас стационарлық ем қабылдауға мұқтаж емес, гиподинамия тұрақтанды және гипертониялық асқыну байқалмайды» деп жазды. Бұл қазанның 21-і күні қол қойылған қағаз, - деді Бекназаров.

Адвокаты Нұрлан Бейсекеев пен әйелі Жәмила ҰҚК-нің тергеу абақтысындағы Мұхтар Жәкішевтің денсаулығына қатысты алаңдаушылықтарын бұған дейін де бірнеше рет мәлімдеген болатын.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айыппен биыл 21 мамырда тұтқындалып, содан бері ҰҚК-нің тергеу абақтысында отыр. 7 қазанда қылмыстық іс материалдары Жәкішев пен Бейсекеевке тапсырылды. Тергеу материалдары 39 томға түптелген.