Жәкішевті түрмеден түрмеге ауыстырудың сыры неде?

«Қазатомпромның» тұтқындалған бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев «Время» газетінің тілшісіне ҰҚК тергеу абақтысында сұхбат беріп отыр. Фото www.time.kz сайтынан алынды.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті этаппен Қарағанды облысындағы түрмеге жіберді, түрмеге түскеннен бері оны талай ауыстырған. Сарапшылар бұрынғы топ-менеджерді түрмеден түрмеге ауыстыра берудің астарынан саяси тапсырыс элементтерін байқаған. Билік мұны жоққа шығарады.

«Коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен 2010 жылғы наурызда 14 жылға сотталып, қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті мамырдың 18-і күні Астанадағы тергеу абақтысынан Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі АК-159/6 түзету мекемесіне этаппен апарған. БАҚ хабарлауынша, оның алдында, яғни наурыздың 3-інде Мұхтар Жәкішевті тергеу амалдарына қатысу үшін Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/8 түзету мекемесінен этаппен Астанадағы тергеу абақтысына жеткізген.

Азаттыққа Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев клиентін Астанаға ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты тергеу амалдарына қатысу үшін апарды деп нақтылады.

ТҰТҚЫНДЫ АРЫ-БЕРІ АУЫСТЫРА БЕРУ

Мұхтар Жәкішев 2009 жылғы наурызда тұтқындалған болатын. Оны қамауға алуға санкцияны әскери сот берген, ал істің өзі құпия қаралған. Жабық режимде өткен сот 2010 жылғы наурызда Жәкішевті 14 жыл түрмеге кескен. Үкім күшіне енгеннен кейін «Қазатомпромның» экс-президентін жазасын өтеу үшін Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеге жіберген.

2014 жылғы наурызда оны Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түрмеге ауыстырған және ол кезде туыстары мен құқық қорғаушылар Жәкішев колонияға барған бетте соққыға жығылды деп хабарлаған. Бұдан бөлек, Алматы облысымен салыстырғанда, климаты суық аймақтағы түрмеде Жәкішевтің денсаулығы мүлде нашарлап кетуі мүмкін деген қауіп болған. Бұған қоса, Жәкішевтің қан қысымы көтерілетін ауруы бар.

Ақыры туыстары, адвокаттары мен құқық қорғаушылардың көптеген өтініштерінің нәтижесінде 2015 жылғы наурызда Жәкішевті Долинкадағы түрмеден Заречныйдағы түрмеге қайта ауыстырып, ол жерде биылғы көктемге дейін отырған.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ САЯСАТКЕРМЕН ДОСТЫҒЫНЫҢ КЕСІРІ МЕ?

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы мүшесі Зәуреш Батталова «Қазатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен бұрынғы банкир әрі 2000 жылдардың басындағы ҚДТ қозғалысы жетекшілерінің бірі Мұхтар Әблязов екеуінің достығын жақсы біледі. Батталованың сөзінше, 2003 жылы Жәкішев сол кезде түрмеде отырған Мұхтар Әблязовке кепілдік беріп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтан оны түрмеден босатуды сұрағаннан кейін оны бірден босатқан. Зәуреш Батталованың айтуынша, кейінгі алты жыл бойы біршама тыныштық орнап, екі достың әрқайсысы өз бизнесімен айналысқан.

«Қазақстандағы парламентаризмді дамыту» қорының төрайымы Зәуреш Батталова. Астана, 28 желтоқсан 2016 жыл.

2009 жылғы ақпанда Мұхтар Әблязов шетелге қашып, сол жақтан «билік менен БТА Банкті тартып алғысы келді» деп мәлімдегеннен кейін билік те «Әблязов Қазақстаннан өзіне тиесілі емес миллиардтаған (доллармен санағанда) соманы алып кетті» деп мәлімдеген. Зәуреш Батталованың топшылауынша, Мұхтар Жәкішевтің кезінде Мұхтар Әблязовке кепілдік бергені биліктің есіне дәл сол тұста түсіп, «Қазатомпром» басшысы түрмеге кеткен.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов «тіпті саясат жайлы ашық айтылмағанымен, Мұхтар Жәкішев ісінің бәрібір саяси астары бар» деп мәлімдейді.

2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп таныған. Құқық қорғау ұйымдарының пікірінше, билік бұрынғы топ-менеджер Жәкішевті оппозициялық саясаткермен достығы үшін «азап шегуге» мәжбүрлеп отыр.

2013 жылы БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне Жәкішевтің ісіне қатысты шағым жолданған болатын. Жуырда бұрынғы топ-менеджердің қызы Әйгерім Жәкішева Facebook желісінде БҰҰ комитеті 2015 жылғы қарашада Қазақстан Мұхтар Жәкішевке қатысты айыптау үкімінің күшін жойып, оны қамаудан босатуы тиіс деген шешімін жариялаған деп жазды.

ТҮРМЕДЕН ТҮРМЕГЕ АУЫСТЫРУ СЕБЕПТЕРІ ТУРАЛЫ

Сенат депутаты болған кезде заң шығару қызметімен айналысқан Зәуреш Батталованың Азаттыққа айтуынша, Қазақстан заңдарына сәйкес, сотталғандар жазасын өзі тұратын аймақта орналасқан түрмеде өтеуі тиіс. Бірақ Батталова «қазіргі режим қилы сылтаулармен саяси тұтқындарға әлгі ережені әдетте қолданбайды, әлгі заң талабы Мұхтар Жәкішевке ғана қатысты бұзылған жоқ» деп бұрынғы ҚДТ қозғалысы жетекшілері Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновты, оппозициялық саясаткер Владимир Козловты да мысалға келтіреді. Құқық қорғаушы «мұның себебі - биліктің саяси тұтқындардың жергілікті жақтастары арасында наразылық туады деген қорқынышында жатыр» деп жориды.

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 13 қазан 2016 жыл.

Жәкішевті жуырда Долинка түрмесіне ауыстыру себебін Сергей Дуванов Қазақстан билігі мен оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов арасындағы қақтығыстың кезекті шиеленісуімен байланыстырады. Дуванов «билік Мұхтар Әблязовке қарсы қою үшін Мұхтар Жәкішевпен саудаласуға тырысқан шығар, бірақ Жәкішев ондай әрекетке бармаған» деп болжайды.

Алматыда елден тысқары жүрген Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысты сырттай сот процесі аяқталып келеді. Мамырдың 25-і күні өткен тараптар жарыссөзінде прокурор оны 20 жылға соттауды сұрады. Ал Мұхтар Әблязов сол күні Facebook желісіндегі тікелей эфирде ҚДТ оппозициялық қозғалысын жаңғырту туралы бағдарламасын жариялайтынын хабарлады.

Зәуреш Батталованың топшылауынша, Астанадағы жуырдағы тергеуден кейін Мұхтар Жәкішевтің түрмедегі жағдайының айқын нашарлауы оның әлгі тергеулерде өзін абыроймен ұстағанын көрсетеді.

- Жәкішев Жәкішев қалпында қалды, - деп түйіндейді Зәуреш Батталова.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің мүддесін қорғап жүрген адвокат Нұрлан Бейсекеев Азаттыққа клиентін Долинкадағы түрмеге ауыстыру себебі жайлы ештеңе білмейтінін айтты. Іс құпия болғандықтан, адвокат Нартай Дүтбаев ісіне қатысты Мұхтар Жәкішевтің түсініктері жайлы да ештеңе айтпады.

Жәкішевті бір түрмеден екіншісіне ауыстырып, одан кері қайтару себептерін сұрап, Азаттық тілшісі жүгінген ҚАЖК өкілі саяси астары бар деген болжамды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұған қоса, ол әлдебір мәселелер бойынша өздігінен комментарий беруге қазір ІІМ-не қарайтын қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК)тыйым салынған деген уәжбен бұл сұраққа қатысты ішкі істер министріне жүгінуге кеңес берді.