Роза Төлетаеваның денсаулығы туралы кереғар деректер айтылды

Роза Төлетаева (ортада) мұнайшылар ереуілі кезінде. Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы. (Суретті "Голос республики" басылымы берген).

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған Роза Төлетаева қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы өтініш жазды. Бірақ одан талап етілетін шарттардың бірі – денсаулығы сөз болғанда адвокат пен департаменттің сөзі үйлеспейді.
Мұнайшыларды қолдаушы белсенді, Жаңаөзен оқиғасы бойынша 7 жылға (жаза мерзімі 2012 жылдың 6 қаңтарынан басталған) сотталып, кейін жазасы 5 жылға қысқарған Роза Төлетаеваның қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы өтінішін қазір Атырау қалалық 2-соты қарастырып жатыр.

Бұл мәліметті республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түзету колониясына қарағанда қоныстандыру колониясында режим жұмсақтау. Мұнда сотталушылар колония территориясында еркін жүріп, еңбекке араласа алады. Ескерту алмаған сотталушыларға кей кезде колония территориясынан тыс жерде жақындарымен жүздесуге рұқсат етіледі.

АДВОКАТ: «ТӨЛЕТАЕВАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАР»

Роза Төлетаеваның адвокаты Төлеген Берліқожановтың айтуынша, оны түзету колониясынан қоныстандыру колониясына ауыстыру үшін денсаулығынан басқа шарттардың бәрі келіп тұр.

– Қоныстандыру колониясына ауысу үшін сотталушы жазасының үштен бірін өтеуі керек. Тәртібі дұрыс болуы керек. Бұл жағынан шарттары сәйкес. Тек ол

Лондон олимпиадасы қарсаңында Sportshrd.org сайтындаға Роза Төлетаеваны қолдау шарасы. 27 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

кісі денсаулығына көп шағымданады ғой. Қоныстандыру колониясына ауыстыру үшін ол адамның денсаулығы дұрыс, жұмысқа жарамды болуы керек, – дейді адвокат Төлеген Берліқожанов.

Адвокаты Роза Төлетаевамен қазанның 3-і күні кездескенін, ол кісі денсаулығынан басқа ештеңеге шағымданбағанын айтты.

– Бауыры, бүйрегі, іш құрылысы ауыратынын айтып шағымданды. Қан қысымы да көтеріледі екен. Негізі денсаулығынан басқа арыз айтпады. Өзі көрсетіліп жатқан медициналық емге де разы емес. Колония басшылығына Роза Төлетаеваның «ауру тарихы» туралы дерек беру жөнінде сауал түсірдім. Колония бастығы «жіберемін» деп уәде бергенімен әлі күнге дейін жібермей отыр, – дейді адвокат Төлеген Берліқожанов.

Адвокат қазанның 4-і күні Атырау қаласының 2-соты Роза Төлетаеваның «жазасын қысқарту» туралы өтінішін қанағаттандырмағанын да айтты.

Азаттық тілшісі Атырау қалалық 2-сотының судьясы Марал Жарылғасыновадан Роза Төлетаеваның өтініші орындалмау себебін сұрады.

– Оның талабы заңдық тұрғыда дұрыс құрастырылмаған. Мен оған бәрін

Атыраудағы қалалық соттың бірі. (Көрнекі сурет)

түсіндіріп шықтым. Төлетаева қылмыстық кодекстің 5-бабына сүйене отырып, «жаза мерзімін азайтып беріңіз» деген өтініш жасады. 2011 жылы гуманизациялау кезінде дәл осы бапқа қатысты жазаны жеңілдету туралы өзгеріс болған. Төлетаеваға қатысты үкім шыққан кезде осы өзгеріс ескеріліп қойған. Сол себепті соңғы өтініші қанағаттандырылмады, – дейді судья Марал Жарылғасынова Азаттық тілшісіне.

Адвокат Төлеген Берліқожановтың сөзіне қарағанда, Роза Төлетаева жаза мерзімінің жартысын өтеп біткен соң, 2014 жылдың мамыр айында шартты түрде босату туралы өтініш бере алады.

ҚАЖД: «ТӨЛЕТАЕВАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНДА АҚАУ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Роза Төлетаеваның денсаулығына байланысты мәлімет алмақ болып, Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне (ҚАЖД) хабарласты. ҚАЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат

Роза Төлетаева (бірінші қатарда оң жақ шетте) басқа азаматтармен бірге сот үкімін тыңдап отыр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Мамырбекұлының сөзінше, медициналық тексеруден кейін «Роза Төлетаеваның денсаулығынан еш ақау табылмаған».

– Өткенде қызметтік тексеріс жүргізілген. Ол бойынша ешқандай ақау жоқ болып шықты. Мұны Төлетаеваның өзі де жазып берді. Заң бойынша денсаулығы жоқ адам қоныстандыру колониясына өтініш бермейді. Төлетаеваның өзімен жеке сөйлескенімде, «менімен келіспей, жағдайымды білмей, сыртымнан біреулер жазып жатыр» деп шағымданды. Жалпы [Төлетаеваның] денсаулығым жақсы, «қоныстандыру колониясына жұмыс жасауға дайынмын» деді, – дейді Қанат Мамырбекұлы Азаттық тілшісіне.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, қазан айында Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған өзге азаматтардың – Шабдал Өткелов пен Талғат Сақтағановтың да қоныстандыру колониясына ауысуға өтініш жазу мерзімі туған. Бірақ бұл азаматтардың жақындары журналистермен сөйлесуден қашқақтайды.

2011 жылы желтоқсанның 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасына қатысты «айыпты» деп танылған мұнайшыларға 2012 жылғы маусымның 4-і күні үкім шықты. 37 мұнайшының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінді, 16 сотталушыға шартты жаза кесілсе, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Маңғыстау облыстық соты 2012 жылы тамыздың 6-сы күні сотталған азаматтардың апелляциялық шағымын қарап, тек Роза Төлетаеваға кесілген үкімді ғана өзгертіп, оның жазасын 7 жылдан 5 жылға азайтқан. Роза Төлетаева 2012 жылдың 6 қаңтарынан бері қамауда, Атырау облысындағы УГ-157/11 жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұрынғы абақты басшысы, бірнеше полицей, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласы әкімі, мұнай компаниясы менеджерлері және оппозиция өкілі сотталған.