Айыпталушылар өздерін «полиция азаптағанын» айтты

Жаңаөзен сотындағы айыпталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Жаңаөзен ісінде «әрі тергеуші, әрі жәбірленуші болған полицейдің» жүргізген тергеулерін жарамсыз деп тану туралы адвокаттың төртінші өтініші қабылданбады. Айыпталушылардың бірі «өздерін ұрып-соққан» сегіз полицейдің аты-жөнін атаған.
Қоғамдық бақылаушылардың айтуынша, сәуірдің 12-сі күні Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотта бірнеше айыпталушыдан жауап алынды.

Бақылаушылардың айтуынша, сотта жауап берген айыпталушылар қамалу кезінде қысым мен азаптау көрдік деп мәлімдеген.

Бірақ «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, олардың басым бөлігі нақты кімнің ұрып-соққанын айта алмаған.

- Нұрлан Асқарұлы желтоқсанның 19-ы күні өзін қалалық полиция бөлімшесінде ұрып, басын трубаға соққанын айтты. Прокурорлар «олар кім?» деп сұраған кезде ол ұрған адамдардың маска киіп жүргенін, сондықтан айта алмайтынын жеткізді, - дейді Ерлан Қалиев.

Оның айтуынша, айыпталушы «алдын-ала тергеу кезінде «тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деп, бірнеше мұнайшыларға қарсы берген жауабын» да қысыммен мойындатқызғанын мәлімдеген.

"ҚАБЫРҒАСЫ СЫНЫП, КӨК ЕТІ ЖЫРТЫЛҒАН"

Қоғамдық комиссия өкілі Жәнібек Қожықтың айтуынша, айыпталушы Мақсат Досмағамбетов сотта өзін азаптаған полицейлердің аты-жөнін атап берген.
Прокуратураға шағымданғанмен, әлі күнге дейін бірде-бір жауап келмеген.
- Ол өзін қинаған сегіз адамның аты-жөнін айтып берді. Соның кесірінен қабырғасы сынғанын, көк етінің жыртылғанын, прокуратураның да ішіне барып ұрғанын айтты. Кейде бес-алты адам болып жабылып ұрғанын да айтты, - дейді Жәнібек Қожық.

Бақылаушының сөзінше, прокурорлар «Бұған қатысты шағымданып па едің?» деп сұраған кезде «ол прокуратураға шағымданғанмен, әлі күнге дейін олардан бірде-бір жауап келмегенін айтыпты».

Жәнібек Қожықтың сөзінше, айыпталушы атаған тізімнің арасында осыған дейін сотта жәбірленуші ретінде сөйлеген Нұржан Жандарбеков те болған. Бұған дейінгі отырыстарда Жандарбековтің айыпталушы Сақтағановты тергегені анықталып, адвокаттардың бірі ол тергеген материалдарды жарамсыз деп тану туралы өтініш берген болатын.

Оның айтуынша, судья бұл өтінішке бұрын жауап берілгенін айтып, сондықтан бүгінгі өтінішін де қанағаттандырмай тастаған.

ҚЫСЫМ

Сәуірдің 12-сі күні оппозиция белсендісі, блогшы Андрей Цуканов Азаттық тілшісіне үзіліс кезінде айыпталушылардың туыстарымен сөйлескенін, олар да қамауда отырған жақындарының азапталып, қысыммен жауап алынғанын растағанын айтты.

«Басына полиэтилен пакет кигізіп, соның кесірінен ол (айыпталушы Шабдал Өткелов) тұншығып, есінен танып қалған. Есін жиғызып, пакетпен қайта тұншықтырған. Оған қоса мұрны мен аузын қатар жауып тұншықтырған» деп, айыпталушының сөзінен мысал келтіреді Андрей Цуканов Facebook парақшасында.

Көрсетілген видеоларда қамауда отырған мұнайшыларға қатысты «ұйымдастырушы», «қатысушы» сияқты ұғымдар қолданылған. Бұл - заңбұзушылық.
«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, әлі сот үкімі шықпаса да, бүгін көрсетілген видеоларда қамауда отырған мұнайшыларға қатысты «ұйымдастырушы», «қатысушы» сияқты ұғымдар қолданылған. Мұны ол заң бұзу деп санайды.

Бұған дейін билік тарапынан құрылған қоғамдық комиссия өкілдері мен сотқа барған мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағамбетова сот заң аясында өтіп жатыр деп мәлімдеген еді.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты наурыздың 27-сі күні басталған сот отырыстары Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында өтіп жатыр.

Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы, оннан астам қорғаушы қатысып отыр.

Бүгін - соттың он үшінші күні. Сот басталғаннан бері 188 жәбірленушінің шамамен 150-ден астамы сұралып, олардың басым бөлігі арыздарынан бас тартты.

Осы аптада айыпталушылар сұрала бастады. Бірінші болып сұралған Таңатар Қалиев те өзінен жауап алғанда қысым жасалғанын мәлімдеген еді.