Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығына туыстары қосылды

"Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 10 шілде 2011 жыл.

Жаңаөзен қалалық әкімдігі маңына жұма күні жиналған мұнайшылар мен қала халқы бірнеше күн алаңда түнеді. УОС-5 мекемесі алдында аштық жариялағандарды полиция күштеп таратты.

Алдымен мұнайшылар мен олардың отбасы шілденің 8-і күні таңертең Жаңаөзен қаласындағы «Өземұнайгаз» компаниясының жұмысшылар кенішке аттанатын автобекетте жиналған еді. Ал түс ауа олар УОС-5 мекемесінен 600 метрдей қашықтықта қой сойып құдайы садақа бермек болғандарын айтады. Алайда оларды полиция жексенбі күні кешке қуып таратқан екен. Мұнайшылардың Азаттық тілшісіне хабарлауынша бұл олардың наразылығын одан әрі күшейтіп жіберген.

- Құқық қорғау органы қызметкерлері аштық жариялап жатқандарды жексенбі күні кешке қарай күшпен таратып жіберді. Бірақ олардың барлығы қазір алаңда бізбен бірге.Бір жағадан бас шығару үшін бәріміз отбасымызбен қала әкімшілігі жанындағы «Тәуелсіздік» алаңына жиналып, жұмадан бері түнеудеміз,-деп мәлімдеді аты-жөнін атамауды сұраған жұмысшының бірі.

Ереуілдеушілердің санының көбейіп, оларға қала тұрғындарының қосылуына байланысты қалаға әскерилер құрамдары топтастырылғанын көрдік деседі жұмысшылар.
"Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен. 10 шілде 2011 жыл.


- Маңайдағы балалар үйінде 200-дей шамада әскер жүр. Сумен атқылайтын, брондалған көліктерді де көріп отырмыз. №9, №17, №19 мектептерде орналасқан әскери күштердің бақылап отырғанын жақсы білеміз,-деді әлгі жұмысшы тағы да Азаттық тілшісіне телефон шалып.

Алайда Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына телефон шалғанымызбен, тұтқаны көтерген ешкім болған жоқ.
Компаниядағы жұмыстың толық тоқтағандығын хабарлаған ереуілдеушілер, «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының жұмысшылардың 85 пайызы жұмыс орынына оралды деген ақпарын да жоққа шығарды.


"САЙЛАҒАН ПРЕЗИДЕНТІМІЗ БЕН МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ҚАЙДА?"

Азаттық тілшісіне арнайы хабарласқан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының №3 мұнай-газ өндіру басқармасы операторы Арыстан Жарылғасовтың айтуынша жұмысшылар ереуілі өршіп, жұмыс берушімен арадағы қатынас ушығып барады.

- Жұмысшылар қайта жиналып жатыр. Алайда жұмыс берушілер олардың кейбірін «жұмыстан шығарам, түрмеге жабамын» деп қорқытып қыспаққа алу үстінде. Жиналғандар Ақжанат Әминов пен Наталья Соколованы босатып, басқа талап- тілектерімізді орындауды, жұмыстан босағандарды кері алуды талап етіп келіп отыр,-дейді ол.

Арыстан Жарылғасовтың сөзіне сүйенсек олардың арасында көп балалы батыр аналар мен қариялар, жас балалы келіншектер де жүр.
Мұнайшыларды қолдау акциясы. Жаңаөзен. 8 шілде 2011 жыл.


- Мен қазір «Қазақстан Республикасының батыр аналарын осылай аяқ асты етуге қалай дәттері барады? Сайлаған президентіміз, мәжілістегі депутаттарымыз бен басқа да атқа мінерлер неге бізге мойын бұрмайды? Әлде оларға халық керек емес пе? Олар сайланғанда өндіріліп жатқан мұнайдың дауысымен сайланып па?» деген наразы әңгімелерді естіп отырмын,- дейді Арыстан Жарылғасов.

Азаттық тілшісі сол жерге жиналған қариялардың бірімен телефон арқылы тілдескен еді. Өзін көп балалы батыр ана Оңайгүл Досмағамбетова деп таныстырған әйел адам мына ми қайнатар ыстықта «Өзенмұнайгазда» жұмыс істейтін балалары үшін сүйретіліп келіп отырғанын айтты.

Ал тағы бір мұнайшының анасы Бақтылы Нұрбекова өзінің балаларының қойып отырған талаптары заңды деп санайтынын мәлімдеді.

- 44 күн болды, балаларымыз тұрғалы. Алды денсаулықтары нашарлап доғдырға түсіп жатыр. Дәл қазір айнала көк ала шаң, балаларымыз соның астында күннің көзінде қақталып жатыр. Оған мән беріп отырған ешкім жоқ. Керісінше оларды жұмыстан топырлатып шығарып жатыр. Ал теледидардан бұл жақтағы жайттар айтылмайды, керісінше бәрі заңсыз деген жалған ақпар таратылып отыр,-дейді Бақтылы Нұрбекова.

ҮСТЕРІНЕ БЕНЗИН ҚҰЙЫП АМАН ҚАЛДЫ

Бұдан бөлек аштық жариялаған УОС-5 мекемесінің мұнайшылары шілденің 8-і күні кешке қарай үстеріне бензин құйып, өздерін өртеу әрекетіне бармақ болғандарын да айтқан еді.
Әкімдік жанындагы мұнайшыларды қадағалап тұрған полиция қызметкерлері. Жаңаөзен, 10 шілде 2011 жыл.


- 25-ке жуық адам киімімізге бензин құйып алған соң барып бізді қоршап тұрған ОМОН бізге тиіспеді. Ал Қаражанбастағы жігіттер ереуілдеушілердің бәрін құрту туралы жоғарыдан бұйрық келіп түскенін естідік деп хабарлады,-деді Азаттық тілшісіне аштық жариялаушылардың бірі Наталья Әжіғалиева.

Сондай-ақ мұнайшылар жұма күні түскі намаздан соң аштық жариялағандар мекемесінің маңына қой сойып, ереуілдеушілердің саулығы үшін садақа бермек болғандарын айтады.

- Бірақ полиция олардың қазандарының бәрін төңкеріп, еттерін шашып кетті. Бізді қорғау үшін маңымызға келіп отырған жұмыстан босаған жігіттерді де қуып жіберді,-деді Наталья Әжіғалиева.

Оның айтуынша полицияның бұл әрекетінен кейін компаниядағы жұмыс толық тоқтаған. Жаңаөзен қаласының әкімі Орақ Сарыбөпеев те жұртшылықтың әкімшілік маңына жиналып тұрғандығын растады.
"Сіз олармен сөйлестіңіз бе?" деген Азаттық тілшісінің сауалына шамырқанған әкім:

- Өз халқыммен сөйлеспегенде кіммен сөйлесем?! Әрине сөйлестім. Халық түсініп жатқан шығар деп сенемін. Басқа не қыл деймін? Өздерің келіп қарамасаңдар?-деп телефон тұтқасын қоя салды.

"ЖОСПАРДАН ТӨМЕН ТҰРАҚТЫ ӨНІМ"

Өкінішке орай, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешмановпен хабарласа алмадық. Ол қол телефонына шалған қоңырауымызды басып тастай берді.
"Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен. 10 шілде 2011 жыл.


Ал «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру" компаниясының баспасөз қызметі шілденің 7-сі күні ресми ақпарат таратып, мұнай өндірудің биылғы жылғы алты айдағы көлемі былтырғы осындай кезеңмен салыстырған 3 пайызға түсіп кеткенін жария еткен болатын.

Сол хабарламада былай делінген: «ӨМГ-да жалпы 9000 жұмыскердің 13 %-ы ғана жұмысқа шықпай отыр. Наразылық акциясына қатысушылардың басым бөлігі ұңғымаларды өңдеу және жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті арнаулы техникалардың жүргізушілері. ҚБМ-да 60 %-дан 63 %-на дейін жұмыскер вахталық әдіспен жұмыс істеп жатыр, бұл ретте жоспардан төмен болса да, тұрақты өндіру деңгейін ұстап тұру мүмкін болып тұр.»