Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин ақпарат құралдары арқылы Назарбаевтан «Нұр Отан» жемқорлар мен ұрылардың партиясы ма?» деп сұрады. Ал «Нұр Отан» өкілдері «Ресей оппозициясының тәжірибесінен алынған бұл ұран Қазақстанда іске аспайды» дейді.
Желтоқсанның 12-сі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин «өзінің қауқарсыздығын мойындап, екі рет «суицид жасаған» «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің қайта парламентке баруға моральдық құқығы жоқ» екенін айтты.
«СУИЦИД» НЕМЕСЕ «ОППОЗИЦИЯ ОТЫРСА...»
– Бұл депутаттар өздерінің дағдарысқа қарсы тұруға қауқарсыз екенін өз ауыздарымен мойындап отыр. Бұл парламенттің өте әлсіз парламент екенін, жұмысқа жарамсыз екенін мойындап отыр. Сөйте отырып, қазір жаңадан құрылған «Нұр Отанның» тізіміне бұрынғы депутаттардың 48-і кіріп отыр. Бұл қалай сонда? Өздерінің жарамсыздығын өздері мойындаған депутаттарды қайтадан ұсынады. Мазақ қой! – деді Жасарал Қуанышәлин.
Ал «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының
– Бұл «Нұр Отанның» парламенттің жұмысын сапалы ғып өзгерту үшін өзінің билігін құрбандыққа шалуға, қайтадан сайлау өткізуге дайын екенін көрсетті. Егер бұл орында Жасарал Қуанышәлин немесе оппозиция отырса, ешқашан өзін-өзі таратпайтын еді. Аяғына дейін отыратын еді. Себебі олар жылы-жұмсақ орындарынан айрылғысы келмейді, – дейді Санжар Боқаев.
«ӨЗІМШІЛ ПАРТИЯ» ЖӘНЕ «ЕҢ МЫҚТЫ КӨШБАСШЫ»
Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, елде сайлаулар заң бойынша емес, Ақорданың көңіл-күйіне байланысты анықталып, бекітіледі. Алда келе жатқан кезектен тыс парламенттік сайлаудың да Ақорда сценариі бойынша бекітілгенін айтқан ол сайлау қарсаңында болып жатқан оқиғалардың да кездейсоқ емес екенін айтты. Ол бұл оқиғалар қатарына Қазақстанның Коммунистік партиясы жұмысының уақытша тоқталуын, Мұхтар Шаханов, Мэлс Елеусізов сияқты «билікпен ымырашыл» азаматтардың сайлауға қатысу туралы мәлімдемелерін, т.б. оқиғаларды қосты.
Саясаткердің пікірінше, халықтық демократиялық «Нұр Отан» партиясының атауы да өзіне лайық емес. Оның айтуынша, мұндай «өзімшіл партия» тіпті Совет одағы кезінде болмаған.
– Тіпті коммунистік режим кезінде бізде партиясыздардың блогы болған. Ал қазір бізде бұл жойылған. Сондықтан бұл жерде демократияны айтудың өзі артық, – дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлин.
Ал «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Санжар Боқаев «Нұр Отан» партиясының парламенте баруға «моральдық құқығы бар екенін» айтады.
Біріншіден, біз – елдегі ең үлкен партиямыз. Ең көп мүшесі бар партия да – осы «Нұр Отан». Екіншіден, біз сайлау туралы заңды бұзып отырған жоқпыз.
– Біріншіден, біз – елдегі ең үлкен партиямыз. Ең көп мүшесі бар партия да – осы «Нұр Отан». Екіншіден, біз сайлау туралы заңды бұзып отырған жоқпыз. Біз сайлаушыларымызға өзіміздің идеямызды, платформамызды ұсынып отырмыз. Біз үшін дауыс береді. Бізде ең мықты көшбасшы бар, – деді Санжар Боқаев желтоқсанның 12-сы күні.
ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ НЕМЕСЕ «ҰРЫЛАР МЕН ЖЕМҚОРЛАР»
Жасарал Қуанышәлин «ресейлік сарапшылар Қазақстанның парламенттік сайлауды Ресеймен бірге талқылап, келісіп отырғанын айтады» дейді.
Оның пікірінше, «Қазақстанның тәуелді, жалтақ билігі Ресейдегі толқулардан, Қырғызстандағы саяси өзгерістерден үрейленіп отыр».
– Қазіргі билікті бәрінен бұрын өзін-өзі сақтап қалу жайы алаңдап отыр. Қазір Ресейде не болып жатқанын көріп отырмыз, – деді Жасарал Қуанышәлин.
Саясаткердің ойынша, елдегі ең шулы жемқорлық істер де осы «Нұр Отан» мүшелерінен шығып жатыр. Мысал ретінде ақпарат құралдарында әр жылдары жарияланған ірілі-ұсақты шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғаны туралы ақпараттарды келтірді.
Жасарал Қуанышәлин осыған орай ақпарат құралдары арқылы Назарбаевқа: «Нұр Отан» – ұрылар мен жемқорлар партиясы болғаны ма? Егер екі рет парламенттен өзін-өзі қуған ол тағы да сондағы орынның көпшілігін алып, сайлаушыларын алдау үшін қайта оралатын болса, Қазақстанда шыныменен-ақ мұндай партияға балама болмағаны ма?» деген сұрақ қоюға мәжбүр екенін айтты.
Санжар Боқаевтың пікірінше, «Ресейдегі оппозицияның схемасымен» жұмыс жасауға тырысқан Қазақстандағы оппозицияның әрекетінен түк шықпайды.
– Олар Ресейдегі схема бойынша жұмыс жасап жатыр. «Единая Россия» – жемқорлар мен ұрылардың партиясы» атты ұранның сәтті жүзеге асуынан рухтанған олардың әрекеті қазір дәл солайша сәтті іске асады деп ойламаймын. Олар қатты қателеседі, – дейді Санжар Боқаев.
Қарашаның 16-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төртінші шақырылған Қазақстан парламентінің мәжілісін тарату және парламент мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылы қаңтардың 15-іне тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді.
Орталық сайлау комиссияның мәліметінше, қазіргі кезде сайлауға қатысуға «Нұр Отан», «Ақжол», «Руханият», «Ауыл», Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы өтініш беріп, тіркелген.