Митинг өткізудің қазақстандық үлгісі. Рұқсат алу керек пе, ескерту жеткілікті ме?

"Байтақ болашақ" ұйымы жетекшісі Азаматхан Әміртаев (оң жақта), азаматтық белсенді Бэлла Орынбетова (сол жақта) және журналист Қасым Аманжол AzattyqLIVE хабарында. Алматы, 1 тамыз 2019 жыл.

AzattyqLIVE хабарында Қазақстанда митинг, бейбіт шеру, пикет өткізудің ережесі мен тәртібі және соңғы кездердегі осы бағыттағы өзгерістер жайы талқыға түсті. Хабар сарапшылары "Байтақ болашақ" ұйымының жетекшісі Азаматхан Әміртаев және азаматтық белсенді Бэлла Орынбетова болды.

Биыл маусымның 30-ы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше митинг өтті. Көп жылдардан бері билік рұқсат еткен бұл жиындарға жүздеген адам жиналды. Ал соңғы уақыттардағы көптеген халық наразылықтарында, мәселен, биылғы мамырдың 1-і мен 9-ы, маусымның 9-ы және шілденің 6-сы күні өткен наразылықтар мен бейбіт жиындарда полиция жүздеген, мыңдаған адамды күшпен ұстап әкеткен еді. Ондаған азамат әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеп, қамауға алынды. Бұл жиындарда билік өкілдері азаматтарды "бейбіт митинг өткізу туралы заңнаманы бұзды" деп айыптаған.

AzattyqLive-ты көріңіз:

Your browser doesn’t support HTML5

Митинг өткізудің қазақстандық үлгісі. Рұқсат алу керек пе, ескерту жеткілікті ме?

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиынға шығып, ұстанымын білдіру еркіндігі шектелетінін үнемі сынап келеді.

Қазақстан конституциясында азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығына кепілдік берілген. Алайда бейбіт жиындар өткізу туралы арнайы заңда ол құқық түрлі талаптармен шектеледі дейді құқық қорғаушылар.

Маусымның 30-ы күні өткен "рұқсат етілген митинг" өткізген ұйымдардың бірі – "Байтақ болашақ экологиялық альянсы". Ал "Республика" қозғалысы" жастар ұйымы тамыздың 4-і күні еркін интернет ұранымен митинг өткізбек болып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әкімдіктеріне өтініш тапсырғанымен рұқсат ала алмаған.

Азаттық студиясында "Байтақ болашақ" ұйымының жетекшісі Азаматхан Әміртаев пен азаматтық белсенді Бэлла Орынбетова Қазақстандағы митинг өткізудің қиыншылығын, митинг өткізуге рұқсат алудың қыр-сырын талқылады.​