Кенесары хан туралы сөзі үшін қырғыз әншісіне айыппұл салынды

Қырғыз әншісі Қайрат Пірімбердиев. AIRAN YouTube-арнасына сұхбаттан скриншот.

Қырғыз әншісі Қайрат Пірімбердиев. AIRAN YouTube-арнасына сұхбаттан скриншот.

Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Қайрат Пірімбердиевке AIRAN YouTube-арнасына сұхбатындағы Кенесары хан туралы сөзі үшін 100 мың сом (1200 доллардай) айыппұл салынды. Бұл туралы әншінің өзі Instagram парақшасында хабарлады.

«Осындай қателіктер кетіріп те мемлекеттің қазынасына 100 мың сом салуға мүмкіндік бергені үшін құдайға шүкір деймін» деді Пірімбердиев

Бішкектің Бірінші май аудандық соты Азаттықтың Қырғыз қызметіне бұл ақпаратты растады. Сот шешімі бойынша Пірімбердиев Қырғызстан Қылмыстық кодексінің «Нәсілдік, ұлттық, этностық және діни алауыздықты қоздыру» бабымен кінәлі деп танылған.

Биыл ақпанда Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әншінің үстінен іс қозғалып, оған елден шығуға тыйым салынды деп хабарлаған.

ҰҚМК Пірімбердиев қазақстандық YouTube-арнаға берген сұхбатында "араздық қоздыратын мәлімдемелер жасаған" деген.

9 қаңтарда AIRAN YouTube-арнасында "Қырғыздардың қазақтардан қандай айырмашылығы бар? Қырғызстандағы демократияға кім кедергі болды?" деген тақырыпта бір сағаттан асатын видео шыққан.

Видеода қырғыз мәдениетінің өкілдері, түрлі саладағы сарапшылар сөз алған. Видеода 19-ғасырда өмір сүрген қазақ ханы Кенесары Қасымұлы туралы да сөз болады. Қазақстандық журналистер бұл тақырыпқа байланысты екі ел арасында дау барын айтады.

Қайрат Пірімбердиев қырғыз ханы Орман хан Кенесарыны өлтіруге мәжбүр болды деп жауап берген. "Бұл үшін өз атымнан қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді", – деген ол. Бұл қырғыз қоғамында қызу пікірталас тудырды.

  • Кенесары Қасымұлы – 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы күрескен қазақтың соңғы ханы.
  • Қырғыз тарихшылары ол қырғыздарға шабуыл жасап, 1845 жылдан бастап қарапайым жұртқа тізе батырып, зорлық-зомбылық жасаған деп жазған. 1847 жылы Орман ханның басшылығымен қырғыздар Кенесары ханның әскерін талқандап, өзін тұтқынға алған, біраз уақыттан кейін оны өлтірген деген мәлімет айтылады.