1979 жылғы маусым айы. Рим папасы екінші Иоан Павел Отаны Польшаға сапармен келді. Папаны миллиондаға адам қарсы алды. Папа сөзінде Польшаның коммунистік билігін тікелей сынамағанымен, көпшілік алдындағы уағыздарында азаматтардың «ажырамас» құқықтары туралы айтып, билік режиміне наразылардың рухын көтерді. Бірнеше айдан кейін Гданьскіде құрылған антикоммунистік «Солидарность» кәсіподағы құрамына бір жыл ішінде 10 миллионға жуық адам өткен.
1983 жылғы қыркүйек. АҚШ-тан Сеулге ұшып бара жатқан Оңтүстік Кореяның Korean Airlines әуе компаниясының Boeing-747 жолаушылар ұшағы бағытынан ауытқып СССР әуе кеңістігіне кіріп кеткен. Оны шпиондық мақсатпен келген америкалық ұшаққа жорыған совет басшылығы дереу әуеге әскери ұшақтарын көтерген. Әуеде бірнеше рет ескерту жасап оқ атқаннан кейін совет әуе күштерінің Су-15 ұшағы Оңтүстік Кореяның жолаушылар ұшағын зымыранмен атып түсірген. Boeing-747 сынықтары мұхитқа құлап, ұшақта болған жолаушылар мен экипаж мүшелері – 269 адам түгел қаза тапқан. Суретте: Оңтүстік Корея прокуратурасы қызметкерлері әуеде атып түсірілген жолаушылар ұшағының сынықтарын зерттеп жатыр.
1985 жылғы наурыз. Михаил Горбачев Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы болып сайланды. Жаңа басшы бұрынғыдан ашық әрі бейбітсүйгіш сыртқы саясат жүргізуге және ел ішінде маңызды өзгерістер жасауға уәде етеді. Совет басшылары мұндай мәлімдемелерді бұрын да жасап келген, бірақ бұл олардан өзгеше екені аңғарылды. Суретте: Михаил Горбачев пен АҚШ президенті Рональд Рейган алғашқы кездесулердің бірінде қол алысып тұр.
1986 жыл: әлемде мұнай баррелінің бағасы 27 доллардан 10 долларға құлдырап кетті. Нәтижесінде СССР әлемдегі өз саттелиттеріне бұрынғысынша қаржыдан жомарттық танытуды доғаруға мәжбүр болды.
1986 жылғы сәуір. Киев маңындағы Чернобыль атом электр станциясында апат болды. Горбачевтің жариялылық саясатына қарамастан, советтік режим ескі әдеттен құтылуға асықпайды. Еуропада жауған радиоактивті жаңбырған кейін халықаралық қауымдастық дабыл қақпайынша, Кремль билігі апаттың шынайы көлемі туралы тіс жармай отырды.
1986 жылғы желтоқсанның 16-ы мен 17-сі күндері Алматыдағы орталық алаңға шыққан қазақ жастары Қазақ ССР-і басшылығынан босатылған Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбинді жіберген Мәскеудің кадр саясатына қарсылық танытты. Жастар толқуын арнайы әскери бөлімшелер аяусыз басып-жаншыды. Жазалау бірнеше айға жалғасты: шеруге қатысқан жүздеген адам жоғары оқу орындарынан шығарылды, жұмыстан қуылды, оншақты адам ұзақ мерзімге сотталды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарихқа Кремль басшылығына Михаил Горбачев келіп, қайта құру және жариялылық саясатын жүргізетінін мәлімдегеннен кейін СССР-де болған ең алғашқы жаппай саяси шерулердің бірі ретінде енді.
1987 жылғы мамыр. Таныстары арасында өзгеше мінезімен танылған Матиас Руст есімді германиялық жас жігіт жалға алған жеңіл моторлы «Сессна» ұшағына мініп, адам сенгісіз әуе сапарын жасайды. Хельсинкиден әуеге көтерілген ол совет шекарасын бетке алып ұшады. Совет әскери ұшақтары мен әуе қорғанысы радарларының назарына ілінбей шекарадан асқан жеңіл ұшақ Мәскеуге жетіп, Қызыл алаңға қонды. Кейін Руст өзінің Горбачевпен кездесіп, әлемдегі бейбітшілік туралы сөйлеспекші болғанын айтқан. СССР қарулы күштері басшылығын масқараға қалдырған бұл оқиғаны совет басшысы консервативтік көзқарастағы генералдар мен саясаткерлерден құтылу үшін пайдаланады.
1988 жылғы желтоқсан. Арменияда болған зілзала санаулы секундтар ішінде тұрғын кварталдарды жермен-жексен қылды. Сейсмикалық қауіпті аймақтарда салынатын үйлердің қабырғасы берік болуы үшін пайдаланылатын арнайы темір материалдарды бұған дейін ұрлап, «қара базарда» сатып жіберген. Зілзала салдарынан 30 мыңнан аса адам қаза тапқан.
1989 жылғы ақпан. Жергілікті коммунистік режим 9 жыл бойы арқа сүйеп келген совет әскері Ауғанстаннан шыға бастады. Оларды гүл және қошеметпен шығарып салғанына қарамастан, ауған соғысында совет әскері жеңіліс тапқанын жасыру мүмкін емес еді. Бұл соғыста 15 мың совет әскери қызметшісі қаза тауып, кейбір есептер бойынша, 1 миллионға дейін ауған азаматы құрбан болған.
1989 жылғы сәуір. Тбилисиде Грузия тәуелсіздігін қолдайтындар шеруін совет әскері көзден жас ағызатын газ шашып, сарбаз күректерімен ұрып таратты. Оқиға барысында 20 адам қаза болды, олардың бірі - 16 жастағы қызды ұрып-соғып өлтірген. 1989 жыл совет режимі үшін аса жайсыз болды: Шығыс Еуропадағы коммунистік билікке қарсы көтерілген халық толқулары нәтижесінде СССР сол аймақтағы сателлиттерінен айырылды.
1989 жылғы қарашада Берлин қабырғасы құлатылды. ГДР режимі жоғарғы шенеуніктерінің бірі баспасөз мәслихаты кезінде айтқан сөзін Батыс Германиямен (ГФР) арадағы шекараның ашылатыны туралы хабар деп қабылдаған жұрт бірден Берлинді екіге бөліп тұрған қабырғаға қарай тартты. Шекарашылар халықтың жолын бөгемеді. 1961 жылдан бері тұрған қабырға бірнеше күннің ішінде жойылып, тек әр жерде болмашы жұрнақтары ғана қалды.
1989 жылғы желтоқсан. Румыниядағы Тимишоара қаласындағы наразылық шеруін үкімет күшпен басып, ондаған адам қаза тапқан соң ел астанасы Бухаресттің орталығында билік ұйымдастырған митингіге қатысушылар күтпеген жерден диктатор Николае Чаушескуге қарсылық білдіре бастады. Бухарестен тікұшақпен қашқан Чаушеску көп ұзамай қолға түскен. Әскери трибунал Румынияны ұзақ жылдар жеке-дара билеп-төстеген диктатор мен оның әйеліне қоса өлім жазасын шығарып, үкім дереу орындалған.
1990 жылғы қаңтар. Әзербайжанда армяндармен жанжалда 90-ға жуық адам қаза болған. Совет билігі «зорлық-зомбылықты тоқтату үшін» Бакуге әскер енгізген, алайда әскердің іс-әрекетінен 100-ден аса әзербайжандық қаза тапқан. Суретте: Бакуге әскер кіргенде қаза тапқандарды жерлеу рәсімі.
1991 жылғы қаңтар. Литва тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Кремль бұл елдің және Балтық теңізі жағалауындағы тағы екі мемлекеттің СССР құрамынан шығуына кедергі жасап бақты. Вильнюске совет әскері енгізілді. 13 адам қаза тапты.
1991 жылғы тамызда СССР өкіметі мен армия басшылығындағы бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер Мәскеуде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді. Горбачев Қырымда үйқамаққа алынды, Ресей парламентінің ғимараты - «Ақ үйді» танкілер қоршады. Ельцин мен оның жақтастары путчке қарсылық ұйымдастырып, үш күннен кейін төңкеріс әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Горбачев Мәскеуге қайтып оралды, бірақ оның саяси беделіне оңалмас нұқсан келді.
1991 жылғы желтоқсан. Михаил Горбачев СССР президенті қызметінен отставкаға кетті. Бұл кезде СССР мемлекеті өмір сүруін тоқтатқан еді. Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты (1990), өз елінен гөрі Батыста аса танымал тұлғаға айналған Горбачев соңғы сәтке дейін коммунистік жүйені реформалауға болады деп сенді. Бірақ ол бастаған өзгерістер бақылаудан тез шығып кеткен еді.