27 қарашада кешке Көкшетауда Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапарына қарсылық білдірген үш белсенді Марат Жанұзақов, Бауыржан Балташев және Уәлихан Нығметовке полиция "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айып таққан. Бұл жөнінде белсенді Марат Жанұзақов бейсенбі күні таңертең хабарлады.
"Біз өз үйлеріміздің жанында әншейін Қазақстан және Украина туын ұстап тұрдық. Ештеңе деген жоқпыз. Сосын полиция шақырып алып, кешкі сағат 9-ға дейін 3-ші тірек пунктінде ұстап отырды. "Ұсақ бұзақылық" бойынша хаттама толтырды. Бүгін таңертең сот болады" деді Марат Жанұзақов.
Әлеуметтік желіде жарияланған суретте белсенділердің қолында балағат сөз жазылған плакат бары көрінеді. Онда "х....о, пошел вон из Казахстана" (х.....o, Қазақстаннан жоғал!) деп жазылған.
Азаттық әзірге Көкшетау полициясынан жауап ала алмады.
27 қарашада кешке Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген. Оны Астанада Қазақстан билігі "ерекше сән-салтанатпен" қарсы алды. Путин келетін күні қалада әр жерде экранда Ресей тулары көрсетіліп, "Жоғары мәртебелі Владимир Путин, Астанаға қош келдіңіз" деген үлкен жазуы бар билборд ілініп тұрды. Мұндай "даңғазалықты" әлеуметтік желіде сынады. Кей сарапшылар "жоғары мәртебелі" сөзі "мемлекеттік сапармен келетін" шет мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасына қолданатын қалыпты тіркес десе, кей сарапшылар мұндай құрмет "шақырылған адамның мәртебесін ерекше атап өту үшін жасалады", ал нақты жағдайда бұл орынсыз деп санайды.
Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған. Осыдан бері Ресей басшысы сарапшылардың сөзінше, шетелге сапарларын қысқартқан.
Ресейдің одақтасы Қазақстан Украинаға басқыншылықты айыптаған жоқ, құптаған да жоқ. Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның облыстарын Ресей жері деп мойындаған жоқ. Қазақстан билігі көпвекторлы сыртқы саясат туралы жиі айтады. Бірақ Қазақстан екі ірі көрші Қытай және Ресеймен интеграциялық саяси бірлестіктерге мүше және экономикалық жағынан айтарлықтай тәуелді. Еуропаға экспортталатын Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы тасымалданады.