Кремльдің баспасөз хатшысы Путин мен Трамп байланысының жай-жапсарына тоқталды

Дональд Трамп және Владимир Путин. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.

Дональд Трамп және Владимир Путин. Хельсинки, 16 шілде 2018 жыл.

Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың 18 наурыз күнгі телефон әңгімесі олардың бетпе-бет кездесуіне тағы бір қадам болды, деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік «Россия» федералдық арнасына берген сұхбатында.

Осы сұхбатта Песков Путин мен Трамп 20 қаңтардағы инаугурациядан кейін екі реттен де көп сөйлескен болуы мүмкін дегенді жоққа шығарған жоқ. Ресми түрде олардың екі рет қана телефонмен сөйлескені хабарланған еді.

"Сіздерге біз білетін сұхбаттар туралы хабарлап отырмыз, бірақ қалғандарын да жоққа шығара алмаймыз" деді Песков.

Bloomberg агенттігі дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ 20 сәуірге дейін Ресей мен Украина арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге үміттенеді деп жазды. 20 сәуірде православие және католиктік христиандар Пасханы тойлайды. АҚШ дәл осы мерзімге дейін екі ел арасында атысты тоқтатуға қол жеткізуге тырысады. Алайда тараптар арасындағы ірі қайшылықтарға байланысты бұл мерзім әрі қарай да ысырылуы мүмкін деп жазды басылым.

Агенттіктің жазуынша, Ресей барлық келісімде барынша үлкен талаптар қойған. Арасында Украинаға қару-жарақ тасымалдауды тоқтату да бар. Bloomberg-тің жазуынша, Ақ үй әзірге шектеу қоюға келіспеген. Дереккөздердің айтуынша, АҚШ президенті табысқа қол жеткізу үшін келісім шарттары Киевке тиімді болуы керектігін жақсы түсінеді, сондықтан Ресейге көп жеңілдік жасауға дайын емес.

Еуропа шенеуніктері дипломатиялық жеңісті көздеген Трамп Украинаның мүддесін құрбандыққа шала отырып, елді Ресейдің алдағы шабуылдарына осал ететіндей шарттармен келісуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путин Трамптан көбірек жеңілдік алып, майдан даласында ілгерілеу үшін уақытты созады деп санайды.

Жақын арада Украина мен Ресей делегациялары Сауд Арабиясында АҚШ өкілдерімен келіссөз өткізеді. Онда энергетикалық нысандарды атқылауды 30 күнге тоқтату туралы келісімнің шарттары талқыланбақ.

  • 18 наурызда Трамп пен Путин телефонмен сөйлескен. Келіссөзден кейін Кремль мен Мәскеу мәлімдеме таратты. Алайда екі жақтың мәлімдемелерінің кейбір тұстары қиыспайды. Айталық, Кремль хабарламасында Путин бітімге келген жағдайда Украинаға әскери көмекті тоқтату мәселесін қозғады десе, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесі мүлде талқыланбағанын айтқан.