Қырымда жоғалғандарға арналған шара
Шараға мұрындық болған «КрымSOS» ұйымының хабарлауынша, Киевтегі Ресей елшілігі алдындағы «Эрвин қайда?» дәстүрлі акциясы осымен оныншы рет өткізілген.
Бұл жолы «Шыңырауға шым бату» («Пропасть в пропасть») деген тақырыппен өткен акцияда Ресейдің «шыңырауында» жоғалғандар тағдыры тағы көтерілді.
Киевтегі Ресей елшілігі алдында белсенділер 3D графикасының көмегімен салған шыңырау суреті Қырымда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтардың тағдырына арналды.
Бұдан соң шараға қатысушылар шыңыраудың шетіне бірнеше тас қойды, ол шыңырауға жұтылған адамдарды бейнелейді. Әр тасқа түбекте жоғалған адамның аты-жөні жазылған.
2014 жылы көктемде Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін түбекте біраз адам – көбіне Қырым татарлары ұшты-күйлі жоғалып кеткен.
Жоғалғандардың 17-сін тапқан, тағдырлары әлі күнге белгісіз 19 адам «хабарсыз кеткен» деп саналады, қаза болған алты адамның сүйектері табылған, тағы екі адам түрмеде отыр.
Белсенділердің айтуынша, Қырымда Ресей аннексиялап алғалы бері түбекте 44 адам жоғалып кеткен.
Ресейге бағынышты Қырымның тергеу комитеті "түбекте Қырым татарларының жаппай жоғалйу оқиғасы тіркелмеген» деп мәлімдеген.
Қырымның құқық қорғау тобы жоғалған адамдарды ресейлік билік немесе соларға бағынатын қарулы топтар ұрлап әкеткен деген болжам айтады.
Ресей билігі Қырымда "бірлі-жарым" адам ұрлау оқиғалары барын растайды, бірақ оған қатысы жоғын айтады.
Киевтегі Ресей елшілігі алдында «Эрвин қайда?» акциясы аясында салынған шыңырау суреті.