Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) өкілі Рахат Сүлейманов «осы жылдың басында «террорлық әрекет жасамақ болды» деген күдікпен көп адамның тұтқындалғанын» мәлімдеді.
Ақпанның 26-сы күні Ресейдің мемлекеттік «Российская газета» басылымы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Сүлейманов «ұсталғандардың барлығы әртүрлі жолмен Сириядан келген» деген.
«ФЕРҒАНА АЛҚАБЫН ШАБУЫЛДАМАҚ»
Азаттықтың Қырғыз қызметі қаңтардың 27-сі күні Ошта алты адамның тұтқындалғаны жайлы жазған еді. Олар «Қырғызстан мен Өзбекстанға шабуыл жасауды жоспарлаған» деген күдікке ілінді, «төртеуі Сирияда әскери жаттығудан өтіп келген».
Сүлеймановтың айтуынша, «күдіктілердің мақсаты Қырғызстан азаматтарын «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына қосылуға үгіттеу, бірақ олардың әуелгі мақсаты Әндіжан облысындағы Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі ғимаратын жару болған». МҰҚК өкілінің дерегіне қарағанда, «олардың біреуі - өзін-өзі жаруға даяр жанкешті».
Осыдан кейін бір ай ішінде тағы бірнеше адам тұтқындалған, солардың ішінде 29 жастағы ер адам Сирияның Ракка қаласына бес туысқанын аттандырғаны үшін ұсталды. 22 жастағы тағы бір жігіт Сирияда төрт ай болғаны үшін қамауға алынды.
Рахат Сүлейманов қауіпсіздік комитетінің «террорлық әрекеттерге қатысы бар» деген күдікпен тағы 36 адамды қамауға алғанын мәлімдеді.
МҰҚК өкілі «Олар Сирияда арнайы әскери дайындықтан өтіп, Қырғызстанға келген. Бұл жақта белсенді жұмыс жүргізген» дейді. «Белсенді жұмыс» ірі көлемде ақша бопсалау, қарсылық көрсеткендерді «отбасыңды құртамыз» деп қорқыту түрінде атқарылған.
Ұсталғандар жиналған қаржының бір бөлігін Сирияға жіберіп отырса, қалғанын Қырғызстан тұрғындарын Сирияға баруға үгіттеуге жұмсаған.
Сүлейманов «МҰҚК-нің көп қару мен оқ-дәрі сақталған жерді тапқанын» айтып, «мұның өзі әсіредіншілдердің Ферғана алқабына ерекше назар аудара бастағанын білдіреді» деген.
«ҚАУІПТІ ЗОРАЙТЫП АЙТАДЫ»
Бірақ кейбір сарапшылар «Қырғызстан билігі репрессивтік шараларды жүзеге асыру үшін ИМ қаупін зорайтып көрсетеді» дейді. Қаңтардың 30-ы күні Ұлыбританияның Эксетер университеті сарапшысы Эдвард Лемон Eurasianet.org сайтына «МҰҚК-нің ИМ қаупі күшейгені жөніндегі мәлімдемелеріне дәлел аз» деген.
Ол «ИМ-ге қатысты үрейлі мәлімдемелерді билік Орталық Азиядағы БАҚ назарын өзіне аудару үшін жасайды» дейді.
Эдвард Лемон «Дін, құқық және саясат» тәуелсіз сараптама орталығы директоры Қадыр Мәліковтің «ИМ экстремистік ұйымы Орталық Азияда террорлық әрекеттер ұйымдастыру үшін 70 миллион доллар бөлуге әзір» деген сөзін мысалға келтірген. Лемон «Мәліков өзінің бұл сөзіне бірде-бір дәлел айтпады» дейді.
Мәліков осы пікірін «Российская газета» өткізген дөңгелек үстелде де қайталады, бірақ бұл жолы ол «бұл деректі Иранда өткен халықаралық конференцияда ғалымдар мен дін қайраткерлері айтты» деген.
«ИМ содырлары Ферғана алқабына шабуылдамақ» деген үрейлі болжамына қарамастан, МҰҚК өкілі Сүлейманов «қазіргі жағдай айтарлықтай қауіпті емес» дейді. Бірақ ол «жағдай нашарлай түсуі мүмкін» деген қаупін де жасырмады. Демек, алдағы айларда Орталық Азияда ИМ экстремистік ұйымының қатері негізгі тақырып ретінде талқыланбақ.
БАҚ деректерінен бөлек, Орталық Азияның қауіпсіздік қызметі мен мемлекеттік мекемелері ИМ-нің шынымен де қауіпті екенін мойындауға және оған қарсы шараларды ойластыруға мәжбүр. ИМ-нің Өзбекстан мен Қырғызстанда теракт жасау үшін бөлетін қаржысы туралы нақты дәлел болмаса да, Сирия мен Иракта соғысып жүрген Орталық Азия азаматтары аз емес.
Қырғызстан МҰҚК-сі наурыздың 2-сі күні Бішкекте осы тақырыпқа қатысты форум өткізді. «РИА Новости» агенттігінің жазуына қарағанда, оған мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелер өкілдері қатысып, аймақтағы экстремизмге қарсы күрес тәсілдерін талқылаған.
(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)